Спорт

Роналдудың не себепті Дубайдан шұғыл ұшып кеткені белгілі болды

Роналдудың не себепті Дубайдан шұғыл ұшып кеткені белгілі болды

Сауд Арабиясының «Әл-Наср» футбол клубы команданың капитаны әрі шабуылшысы Криштиану Роналдудың жарақат алғанын ресми түрде хабарлады. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі X әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді.

Клуб таратқан ақпаратқа сәйкес, 41 жастағы португалиялық футболшы «Әл-Фейхаға» қарсы өткен соңғы матчтан кейін тізе буыны сіңірінен жарақат алған.

«Криштиану Роналдуға соңғы «Әл-Фейхаға» қарсы ойыннан кейін тізе буыны сіңірінің жарақаты диагнозы қойылды. Қазір ол қалпына келтіру бағдарламасын бастап кетті, ойыншының жағдайы күн сайын бақылауда болады», – делінген клубтың ресми хабарламасында.

Бұған дейін бірқатар шетелдік БАҚ Роналдудың өңірдегі әскери қақтығыстарға байланысты Сауд Арабиясынан уақытша кетіп қалғаны туралы ақпарат таратқан еді.

Айта кетейік, Сауд Арабиясы Про-лигасының 24-туры аясында «Әл-Наср» өз алаңында «Әл-Фейха» командасын 3:1 есебімен жеңді. Бұл матчта Роналду 81 минут алаңда ойнады. Алайда ол кездесудің 11-минутында белгіленген пенальтиден гол соға алмады.

Жалпы, биылғы маусымда португалиялық шабуылшы Сауд Арабиясы Про-лигасында 22 ойын өткізіп, 21 гол соққан.

Барлық жаңалық