Теңіз кен орнында мұнай өндіру көлемі шамамен 30%-ға төмендеді. 1 наурыздағы мәлімет бойынша, тәуліктік өндіріс 415 мың баррельді құрады. Ал ақпан айында бұл көрсеткіш орта есеппен 590 мың баррель болған деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Өндірістің төмендеуіне Каспий құбыр консорциумы (КТК) жүйесіне мұнай өткізуге қойылған шектеулер әсер еткен. Бұл құбыр желісі – қазақстандық мұнайдың негізгі экспорттық бағыты.
Reuters агенттігінің дерегінше, соңғы апталарда қолайсыз ауа райы мен дрон шабуылы қаупіне байланысты дабылдар Новороссийск маңындағы Оңтүстік Озереевка терминалында мұнай тиеу жұмыстарына кедергі келтірген.
Трейдерлердің айтуынша, танкерлер алдымен қолайлы ауа райын күтіп, кейін міндетті тексерістен өтеді. Осыдан кейін ғана мұнай тиеу басталады. Алайда дрон қаупіне байланысты жарияланатын дабылдар процесті баяулатып отыр.
«Теңізшевройл» компаниясы өндірісті мүмкіндігінше біртіндеп қалпына келтіріп жатқанын мәлімдеді.
Айта кетейік, Каспий құбыр консорциумы қазақстандық мұнай экспортының 80%-дан астамын қамтамасыз ететін негізгі маршрут болып саналады.