Қазақстан экономикасына тартылған инвестициялар құрылымы соңғы жылдары айтарлықтай өзгеріске ұшырады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жарияланған тікелей шетелдік инвестициялар дерегі бұл өзгерістердің тек көлемге емес, сапа мен бағытқа да қатысты екенін айқын көрсетеді. Tradereport.kz сарапшылары инвестициялық ағымдардағы бес негізгі трендті бөліп көрсетіп, ел экономикасы жаңа модельге бет бұрғанын алға тартады, деп жазады Ozgeris.info.
Бірінші үрдіс – тікелей шетелдік инвестициялар көлемі артқанымен, олардың экономикадағы рөлі әлсіреуі. 2025 жылы Қазақстанға тартылған жалпы шетелдік инвестициялар көлемі 20,4 миллиард долларды құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 14,4 пайызға өсті. Алайда бұл өсімге қарамастан, сыртқы инвестициялардың негізгі капиталға салынған инвестициялардағы үлесі 14,7 пайызға дейін төмендеді. Бұл соңғы онжылдықтағы ең төмен көрсеткіштердің бірі.
Сарапшылардың айтуынша, жалпы ағын өсіп жатқанымен, сыртқы инвестициялардың экономикадағы салмағы азайып келеді. Бұл үрдіс бірнеше жылдан бері жалғасып отыр: 2019 жылы сыртқы капиталдың үлесі 33 пайыз болса, 2024 жылы 16 пайызға, ал 2025 жылы 14,7 пайызға дейін қысқарған. Бұған қоса, таза тікелей шетелдік инвестициялар алғаш рет теріс көрсеткішке түсіп, –0,9 миллиард долларды құрады.
«Бұл жағдай шетелдік капиталдың жаңа өндірістер құруға қатысуы азайып келе жатқанын көрсетеді. Қаражат елге келіп жатыр, бірақ көбіне қайта инвестициялау немесе қаржылық ағындар түрінде ғана», деп түсіндіреді сарапшылар.
Екінші маңызды үрдіс – өңдеу өнеркәсібінің тартымдылығының артуы. 2025 жылы өңдеу саласына тартылған инвестициялар көлемі 4,4 миллиард долларға жетіп, алғаш рет тау-кен өндірісінен (3,4 миллиард доллар) асып түсті. Бұл – 2011 жылдан бергі алғаш рет тіркелген жағдай.
Дегенмен, бұл өзгерістің бір себебі мұнай-газ секторындағы ірі жобалардың аяқталуы екенін ескерген жөн. Мәселен, 2019 жылы бұл салаға 12,1 миллиард доллар инвестиция тартылса, 2025 жылы небәрі 0,6 миллиард доллар ғана құйылған.
«Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім мемлекеттік қолдау бағдарламаларының күшеюімен байланысты, ал шикізат секторында инвестициялық цикл аяқталуға жақын. Соған қарамастан, негізгі капиталға салынған инвестициялар құрылымында өңдеу өнеркәсібі әлі де толық басымдыққа ие емес. Оның үлесі 12,3 пайыз болса, тау-кен секторында бұл көрсеткіш 14,1 пайыз деңгейінде қалып отыр», дейді Tradereport.kz.
Үшінші үрдіс – инвестициялардың технологияға емес, құрылысқа бағытталуы. Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестициялардың 66 пайызы ғимараттар салу мен күрделі жөндеуге жұмсалады. Ал құрал-жабдықтар мен технологиялық жаңартуға небәрі 29,4 пайызы ғана бағытталған. Экономика сыртқы инфрақұрылымды кеңейтіп жатыр, бірақ өндірістік тиімділікті арттыруға жеткілікті көңіл бөлінбейді. Технологиялық инвестицияларсыз еңбек өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілік шектеулі болып қалады.
Төртінші үрдіс – инвестициялардың ішкі экономикаға бағытталуы. Соңғы жылдары капитал негізінен ішкі сұранысқа қызмет көрсететін салаларға ағылуда. 2025 жылы сауда саласына 3,3 миллиард доллар, қаржы қызметіне 2,5 миллиард доллар, көлік-логистика мен ақпарат және байланыс секторларына шамамен 1,3 миллиард доллардан инвестиция тартылған.

«Инвесторлар экспорттық салалардан гөрі ішкі нарыққа жұмыс істейтін секторларға басымдық беріп отыр. Бұл қысқа мерзімде экономикалық белсенділікті қолдағанымен, экспорттық әлеуеттің өсуін шектейді», деп көрсетіледі талдауда.
Бесінші үрдіс – инвестициялардың өңірлер бойынша шоғырлануы. Шетелдік инвестициялардың басым бөлігі Алматы мен Астана қалаларында жинақталған. 2025 жылы Алматыға 8,6 миллиард доллар, Астанаға 4 миллиард доллар инвестиция тартылып, жалпы көлемнің 62 пайызы осы екі қалаға тиесілі болды.
Алайда бұл көрсеткіш нақты өндірістік жобалардың географиясын толық көрсетпейді. Алматыда қаржы ұйымдары мен сауда компаниялары шоғырланған, ал Астанада Халықаралық қаржы орталығы арқылы көптеген инвестициялық ағындар өтеді. Сондықтан инвестициялар осы қалаларда тіркелгенімен, жобалардың өзі басқа өңірлерде жүзеге асуы мүмкін.
Салыстырмалы түрде алғанда, негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша бұл екі қаланың үлесі шамамен 21 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш нақты экономикалық белсенділікке әлдеқайда жақын.
Жалпы алғанда, Қазақстанның инвестициялық моделі өзгеріс кезеңінде тұрғаны көрер көзге айқын. Сыртқы капиталдың рөлі азайып, оның орнын ішкі қаржыландыру мен мемлекеттік инвестициялар алмастырып келеді. Экономика біртіндеп экспортқа бағытталған модельден ішкі нарыққа сүйенетін, шектеулі өсім нүктелері бар жүйеге ауысуда.
Осы тұрғыда басты сұрақ – мұндай модельдің қаншалықты тұрақты болатыны.
«Мемлекет негізгі инвестор ретінде қанша уақыт әрекет ете алады және бұл жеке сектордың белсенділігін арттыра ма, әлде керісінше, оны ығыстырып шығара ма – алдағы кезеңнің негізгі сын-қатері осы», деп түйіндейді.