Қоғам

«Балама келіншекті тексермей алмаймын»: Мәжіліс депутаты балаларының жар таңдауына араласатынын айтты

«Балама келіншекті тексермей алмаймын»: Мәжіліс депутаты балаларының жар таңдауына араласатынын айтты

Абзал Құспан YouTube-тағы «El kz» арнасына берген сұхбатында бала тәрбиесі мен жар таңдауға қатысты ойын ашық айтты.

Депутаттың сөзінше, ол балаларына жастайынан-ақ болашақ жар таңдауда ата-ананың рөлі маңызды екенін қалжың арқылы жеткізіп келеді.

«Келіншекті біздің алдымыздан өтпей, ақылдаспай алмайсыңдар» деп құлақтарына сіңіретінін айтқан ол, бұрынғы жырлардан мысал келтіріп, ата-ананың батасын алмаудың соңы қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін екенін де еске салады.

Абзал Құспан қазіргі қоғамда ата-ананың араласуы тіпті қажет деп есептейді.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда отбасылардың дүниетанымы әртүрлі: бірі діндар, енді бірі атеист, тіпті діндарлардың өз ішінде бағыттары бөлек. Осындай айырмашылықтар жастардың болашақта тіл табысып, бір шаңырақ астында өмір сүруін қиындатуы мүмкін.
Сондықтан депутат балаларының болашақ жарын таңдауда тек өзімен шектелмей, тұтас отбасысы мен ағайын-туысын зерттеп барып шешім қабылдайтынын жасырмады.

«Онсыз болмайды» деген ол, бұрынғыдай ауыл-аймақ бір-бірін жақсы танитын кезең артта қалғанын атап өтті.

Оның сөзінше, қазір адамдар бір-бірінің отбасын терең білмейді. Сол себепті таныс, сенімді отбасылармен құда болуға тырысу – заңды құбылыс.

«Қалжыңдап құда болайық деп жатамыз, бірақ оның астарында ата-аналық ниет жатыр. Қыздарымызға келгенде тіпті қызғаныш та болады», – дейді депутат.

Барлық жаңалық