Өскемен қаласында «Қазцинк» ЖШС-да болған жарылыс салдарынан екі адам көз жұмып, бес адам жарақат алды.
Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға бүгін таңертең өндірістік жұмыс барысында болған.
— Түтінсорғышты тазалау барысында жарылыс болып, артынша өрт шығып, конструкциялардың бір бөлігі опырылды. Оқиға салдарынан екі жұмысшы қаза болып, бес адам зардап шекті. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр, — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта сол жерде жедел қызметтер өз жұмыстарын жалғастырып, апат салдарын жою шараларын жүргізіп жатыр. Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылған.
«Қазцинк» компаниясы марқұмдардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендерге қолдау көрсетуге дайын екендігін мәлімдеді.
— Қаза болғандардың отбасыларына және зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетіледі, оның ішінде материалдық және психологиялық қолдау да болады, — делінген ақпаратта.
Сонымен қатар қоршаған ортаға ықтимал әсерге де бағалау жүргізіледі.
— Алдын ала мәліметтер бойынша, шаңның таралуы тіркелген, бірақ рұқсат етілген нормадан асу және қауіпті ластаушы заттардың бөлінуі анықталған жоқ, — делінген мәліметте.