📰 Сарапшылар пікірі

Қарыз үшін зейнетақы шоты бұғаттала ма?

Қарыз үшін зейнетақы шоты бұғаттала ма?

Көпшілікті алаңдататын мәселенің бірі – қарызға байланысты банк шоттарының бұғатталуы. Әсіресе, азаматтар зейнетақы жинағы мен күнделікті күнкөрісіне қажетті қаражат толықтай алынып кете ме деп қауіптенеді. Бұл сұраққа заңгер Рауан Есберген нақты жауап береді, деп жазады Ozgeris.info.

«Борышкерлер қарызы үшін банктегі шоты жабылып, зейнетақыма дейін алып ала ма деп алаңдайды. Бірақ заңда азаматтың ең төменгі күнкөрісіне қажетті қаражатты қорғау қарастырылған. Сондықтан шотқа бұғат қойылған жағдайда да белгілі бір мөлшердегі ақша адамға қалдырылуға тиіс», дейді заңгер.

Оның айтуынша, егер шотқа екінші деңгейлі банк тарапынан шектеу қойылса, қаржы ұйымы заң талаптарын қатаң сақтауға міндетті. Яғни, азаматтың шотында кемінде ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшері сақталуы керек. Қазіргі есеп бойынша бұл шамамен 92 мың теңгені құрайды.

«Банк шоттағы барлық қаражатты толық жауып тастауға құқығы жоқ. Азаматтың ең төменгі өмір сүруіне қажетті қаржысы міндетті түрде қалдырылуы тиіс. Егер банк осы талапты орындамай, шоттағы барлық қаражатты бұғаттап тастаса, азамат заң жүзінде өз құқығын қорғай алады. Мұндай жағдайда банк әрекетіне шағым түсіру қарастырылған. Тиісті органдарға немесе заңгерлерге жүгініп, мәселені заң аясында шешуге мүмкіндік бар. Азамат өз құқығын білуі және оны талап ете алуы керек», деп түсіндіреді Рауан Есберген.

Ал шотқа шектеуді сот орындаушысы қойған жағдайда жағдай сәл өзгеше реттеледі. Бұл жерде өндіріп алу тәртібі нақты заңмен бекітілген. Сот орындаушысы шоттағы қаражаттың толық сомасын емес, тек белгілі бір бөлігін ғана ұстай алады. Заң бойынша ол шоттағы ақшаның 50 пайызын өндіріп алуға құқылы, ал қалған 50 пайызы азаматтың күнкөрісі үшін қалдырылуы тиіс. Бұл норма азаматтың өмір сүруіне қажетті қаражатты толықтай алып қоюға жол бермеу үшін енгізілген. Қарызы бар адамның өзі де күнделікті тіршілігін жалғастыруға мүмкіндік алуы тиіс.

Демек заңнама борышкерлердің мүддесін толық шектемейді. Керісінше, олардың ең төменгі әлеуметтік қажеттіліктерін қорғауды көздейді. Сондықтан шот бұғатталған жағдайда да барлық қаражат толықтай алынбайды.

Барлық жаңалық