Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, OCTAGON лигасының BMF белбеуінің иегері Еркебұлан Тоқтар Ташкент қаласында өткен ірі бокс кешінде айқын жеңіске қол жеткізді. Отандас спортшы өзбекстандық медиа-файтер Тимур Никулинді алғашқы раундта-ақ нокаутпен жеңді, деп хабарлайды Оzgeris.info.
«Архангел» лақап атымен танымал Тимур Никулин Ресейде тұрады және аймақтағы танымал спортшылардың бірі саналады. Оның кәсіби мансабында 22 жеңіс, 6 жеңіліс және 2 тең нәтиже тіркелген.
Алайда бұл жекпе-жек ұзаққа созылған жоқ. Еркебұлан Тоқтар қарсыласын бірінші раундтың 30-секундында дәл соққымен есеңгіретіп, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады. Осылайша қазақстандық спортшы өзінің жоғары дайындық деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.