Ақтөбеде тісін емдеткен 37 жастағы әйел бірнеше тісінен айырылып, жүйкесі зақымданды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Гүлжанат Құлмұрзина ЭКО арқылы балалы болуды жоспарлап, алдымен тістерін емдетуге жекеменшік клиникаға барған. Алайда емдеу және тіс жұлу кезінде химиялық күйік алып, көпбейінді ауруханаға түскен. Қазір оның бірнеше тісі жоқ, жүйкелері зақымданып, беті қисайған. Енді әйелге бірнеше ота жасату қажет.
Тексеру барысында стоматологиялық көмекті орта медициналық білімі бар маман көрсеткені анықталды. Ал қолданыстағы стандарт бойынша мұндай қызметті жоғары медициналық білімі бар дәрігер көрсетуі тиіс. Сондай-ақ науқастың тіс жегісі асқынғаны белгілі болды.
Комиссия маманға айыппұл салып, клиника басшылығына оны жұмыстан шеттету туралы нұсқама берген. Ал Гүлжанат клиника үстінен сотқа арыз түсірген. Алайда оның сөзінше, кінәлілер кешірім де сұрамаған.
«Бүгін татуласу рәсімі өтуі керек еді. Бірақ олар келмеді, ешкімнің келгісі болмады. Тіпті кешірім де сұраған жоқ. Мен алдағы уақытта ЭКО арқылы жүкті болуды жоспарлаған едім. Енді ЭКО жасата алмаймын. Балалы бола алмаймын», – деді Гүлжанат Құлмұрзина.