💰 Экономика

Экономика өсіп жатыр, бірақ халық байып жатқан жоқ. Үкімет не дейді?

Экономика өсіп жатыр, бірақ халық байып жатқан жоқ. Үкімет не дейді?

2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстан экономикасы 6,2%-дық өсім көрсетті. Үкімет бұл көрсеткішті «оң динамика» деп бағалап отыр. Алайда елдегі бизнес ахуал мен халықтың нақты табысы бұл сандармен үндесе бермейді. Сарапшылар инфляция, несиелік жүктеме және импортқа тәуелділік сынды мәселелерді назардан тыс қалдырмауға шақырады. Бүгінгі өткен Үкімет отырысында бірқатар уәделер берілді. Біз де қатысып көріп, тыңдап қайттық, деп сараптайды Ozgeris.info.

Өсім...

Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды. Жиында негізгі баяндаманы Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жасады. Оның айтуынша, ішкі жалпы өнім 6,2%-ға өскен.

«Әсіресе құрылыс, сауда, өнеркәсіп және байланыс салаларында жоғары өсім байқалды. Бұл – іскерлік белсенділіктің артқанын көрсетеді», деді Жұманғарин.

Отырыста Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов те сөз сөйледі. Ол ақша-несие және фискалдық саясатқа қатысты бірқатар мәліметтерді келтірді. Алайда, инфляциялық қысым мен валюта нарығындағы тұрақсыздық тақырыбы ашық айтылған жоқ.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов экономиканы әртараптандыру мен ұзақмерзімді тұрақты өсімді қамтамасыз ету бағытында жүйелі шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Үкімет тарапынан жүйелі шешімдер қабылданып жатыр. Инвестициялық жобалар іске қосылып, цифрлық шешімдер енгізілуде. Президент өңіріміздегі алғашқы суперкомпьютерлік кластерді іске қосты. Бұл жаңа дәуірге бет алғанымыздың белгісі», деді Премьер-министр.

 

Үкімет нені басты бағыт деп белгіледі?

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында экономикалық өсімнің ұзақмерзімді әрі орнықты болуына қажетті бірнеше нақты тапсырма жүктеді. Оның сөзінше, басты мақсат – экономиканы шикізатқа тәуелсіз, технологияға негізделген жүйеге көшіру.

«Бізге тұрақты өсім емес, ұзақмерзімді және сапалы өсім керек. Ол үшін әртараптандыру мен инвестициялық белсенділік басты басымдыққа айналуы тиіс»,  деді Премьер-министр.

Бірінші кезекте негізгі капитал мен тікелей шетелдік инвестициялар көлемін арттыру. Ол үшін өңірлік инвестициялық штабтар жұмысы жандандырылады. Сонымен қатар жоғары технологиялы экспорттық жобаларға басымдық беру міндеті қойылды. Яғни Қазақстан енді шикізатты емес, қайта өңделген өнімді көбірек экспорттауға талпынуы керек.

«Өңдеу өнеркәсібінің тұрақты өсуі үшін отандық кәсіпорындарға ұзақмерзімді тапсырыстар берілуі тиіс. Бұл олардың өндірістік жүктемесін арттырады, ал жұмыс орны көбейеді», деді Бектенов.

Индустриялық және арнайы экономикалық аймақтардағы инфрақұрылымның әлсіздігі инвесторлардың жиі шағымданатын тақырыбы. Осыған байланысты инженерлік және көлік инфрақұрылымын жедел салу тапсырылды. Сонымен бірге халықаралық қаржы институттарының қаражатын тарту мәселесі де сөз болды.

Қазақстанның транзиттік әлеуеті үкіметтің тағы бір стратегиялық бағыты. Қытай мен Еуропа арасындағы негізгі буын болуға ұмтылған ел үшін бұл салада салмақты жобалар күтіп тұр.

«2028 жылға қарай әуе жүк тасымалын, ал 2027 жылға қарай теміржол транзитін екі есеге арттыру көзделіп отыр», деді Үкімет басшысы.

Ол үшін 3 мың шақырымнан астам автожол күрделі жөнделеді, өткізу бекеттері жаңғырылады. Қазақстан арқылы өтетін теміржол дәліздерінде жаңа жобалар іске асады. Халықаралық әуежай хабтары құрылуы тиіс.

Үкімет қандай жоспар жасады?

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында күзгі науқан мен алдағы қысқы кезеңге тыңғылықты дайындық керектігін айтты. Тек бір маусымға дайындық емес, экономиканың тұтастай тұрақтылығы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-қимыл жоспары.

«Ішкі тасымал көлемін арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жеткілікті әрі сапалы қорын қалыптастыру басты міндет. Ол үшін тиімді логистика мен сақтау, сату тетіктері әзірленуі тиіс», деді Үкімет басшысы.

Осы ретте, сауда мен цифрлық инфрақұрылымды ұштастыра отырып, арнайы аграрлық азық-түлік маркетплейсін құру жөнінде ұсыныс дайындау тапсырылды. Бұл ішкі нарықтағы өнімділік пен ашықтықты арттырып, отандық тауарды сыртқы нарыққа шығаруға жол ашуы тиіс.

Энергетика саласында да нақты тапсырмалар берілді. Үкімет басшысы «Теңіз» кен орнындағы «Болашақ» кеңейту жобасын және «Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару» жобасын толық аяқтау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар газ өңдеу зауыттарының құрылысы да жедел жүзеге асырылуы керек.

Инфляция мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Үкімет пен әкімдіктерге бағаны тұрақтандыру тетіктерін тиімді пайдалануға нұсқау берілді.

«Бағаны тұрақтандыру Үкімет пен әкімдіктер жұмысының маңызды басымдығы. Өңірлер ішкі нарықты өніммен қамтамасыз ету мен делдалдық схемаларды анықтау жұмыстарын күшейтуге тиіс», деді Премьер-министр.

Бектенов тұрақтандыру қорлары, форвардтық келісімдер, субсидиялау мен басым дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту арқылы инфляцияны тежеу шараларын атады. Оның айтуынша, бұл құралдардың барлығы нақты қолданылуы тиіс, ал тек есеп үшін емес, нәтиже үшін жұмыс істеуі қажет.

Үкімет басшысы елдегі алғашқы атом электр стансасын салу жобасына қатысты да пікір білдірді. Құны 14 млрд доллар болатын бұл ауқымды жобада отандық компаниялар қаншалықты үлес ала алады деген сұраққа нақты жауап бермесе де, басымдық қазақстандықтарға берілетінін айтты.

«АЭС құрылысына мүмкіндігінше отандық компанияларды тартатын боламыз. Бірақ нақты сан айтуға әлі ерте. Себебі жобалық-сметалық құжаттар дайын емес. Дайын болған соң ғана нақты айта аламыз», деді Бектенов.

 

АЭС, газ және инфляция: Үкімет қандай шешімдерге дайын?

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр АЭС құрылысына қатысты нақты сандардың әлі айқын еместігін растады. Оның айтуынша, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі 2025 жылдың желтоқсанында дайын болады, ал жобалық-сметалық құжаттар тек келесі жылы жасалады.

«14 млрд доллар бұл тек Атом энергетикасы жөніндегі агенттіктің алдын ала есебі. Жобалық құжаттар нақтыланған соң бұл сома өзгеруі мүмкін», деді Р.Скляр.

Бұл ретте Үкімет атом электр стансасы құрылысына отандық компанияларды барынша тартуға мүдделі екенін ашық мәлімдеді. Бірақ қандай үлес тиетіні жобалық сметалар дайын болғаннан кейін ғана белгілі болады.

 Көкшетау өз күшімен, Семей мен Өскемен белгісіз

Баспасөз мәслихатында Өскемен, Семей және Көкшетауда салынатын жылу-электр орталықтарының жай-күйі де қозғалды. Бастапқыда бұл жобалар Ресеймен бірлесіп жүзеге асырылмақ болған. Алайда арзан әрі кепілдендірілген қаржыландыру туралы Ресейден нақты ұсыныс түспеген.

«Көкшетауды өз күшімізбен сала бастадық. «Самұрық-Энерго» да айналысып жатыр. Семей мен Өскемен бойынша Ресейден әлі жауап күтудеміз. Егер ол болмаса, жобаны өз бетімізбен іске асыру жолдарын қарастырамыз», деді Премьер-министр.

Газ тарифы өседі, бірақ біртіндеп

Газ саласына қатысты сұраққа жауап берген Олжас Бектенов тарифтік саясатты қайта қарау қажеттігін ашық айтты. Үкімет салаға инвестиция тартуды ынталандыру мақсатында газ бағасын біртіндеп арттыруды жоспарлап отыр.

«Ішкі нарықтағы газ бағасы әлемдік нарықпен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Сондықтан бұрмаланбаған жағдай туғызу үшін бағаның біртіндеп көтерілуін қадағалаймыз», деді ол.

Бұл шешім саланы инвестициялық тартымды ету үшін жасалмақ. Сонымен қатар, елімізді толық газдандыру міндеті шеңберінде «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының 2, 3 және 4-кезеңі, сондай-ақ қуаты жылына 15 млрд текше метр болатын «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісі салынбақ.

Құрылыс жұмыстары басталып кеткен алғашқы кезең аясында ұзындығы 1450 шақырымдық газ құбыры бойындағы үш компрессорлық станса қарастырылған. Жоба 2026 жылы аяқталуы тиіс.

Сонымен қатар, Солтүстік және Шығыс өңірлерді газбен қамту үшін көрші елдерден газ импорттау бойынша да келіссөздер жүргізіліп жатыр.

 

Инфляция 11,8%, мақсат 10%

Баспасөз мәслихатында инфляция да назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі таңда елдегі инфляция деңгейі – 11,8%. Бұл жоғары көрсеткіш болғанымен, Үкімет оны жыл соңына дейін 10%-ға дейін төмендетуді көздеп отыр.

«Бұл оңай міндет емес, бірақ қол жеткізуге болады деп есептейміз», деді Бектенов.

Оның айтуынша, Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияны тежеу бойынша нақты әрі үйлестірілген іс-шаралар кешенін жүзеге асырып жатыр. Инфляция мен экономикалық өсім қатар жүретін табиғи процесс. Экономика қарқынды дамыған сайын тұтыну көлемі артып, бағаға қысым күшейеді. Алайда, ең бастысы бұл өсім халықтың өмір сапасына оң әсер етуі тиіс.

«Бірақ біз үшін бастысы  осы өсімнің нәтижесінде халықтың нақты табысы өсіп отыруы тиіс. Егер азаматтардың табысы инфляциядан жоғары өссе, онда бұл экономикалық өсімнің игілігі халыққа тиіп жатыр деген сөз», деді Премьер-министр.

Оның айтуынша, қоғамда жиі талқыланатын мәселенің бірі – ақылы қызметтер тарифі. Бұл бағыт Үкіметтің ерекше бақылауында. Қазір жеке және табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтік саясаты қайта қаралып жатыр.

«Әлеуметтік маңызы бар кейбір қызмет түрлерінің бағасын көтеруді кейінге қалдыру немесе шектеу қою мәселесі қарастырылуда. Бұл шешімдер халықтың әлеуметтік жағдайына қарай қабылданады», деді Олжас Бектенов.

Сонымен бірге, инфляцияға сыртқы факторлардың да әсері бар. Ресейге қарсы санкциялар, геосаяси тұрақсыздық, теңгенің әлсіреуі, импорт бағасының өсуі – мұның бәрі бағаның көтерілуіне алып келіп отыр.

Үкімет бұл қысымды бәсеңдету үшін бірнеше жүйелі қадамдарға барып жатыр:
    •    әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке интервенция жасау;
    •    ірі сауда желілеріне арзандатылған өнім жеткізу үшін «айналым схемасын» іске қосу;
    •    өңірлік инфляцияны бақылау штабтарының жұмысын жандандыру;
    •    бағаны негізсіз өсірген кәсіпкерлерге бақылауды күшейту.

«Қорыта айтқанда, баға тұрақтылығы – Үкімет үшін басым бағыттардың бірі. Бірақ инфляцияны механикалық жолмен ғана емес, халықтың табысын арттыра отырып, жүйелі және теңгерімді жолмен шешу негізгі мақсат», деп түйіндеді Үкімет басшысы.

Барлық жаңалық