Алматыдағы «Алматы-2» станциясында орын алған 52 адамның жаппай улануына қатысты Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев түсініктеме берді. Министр бұл оқиғаға кінәлі тараптардың қатаң жазаланатынын қадап айтты деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Алматыдағы теміржол бекетінде болған қайғылы оқиғаға қатысты тергеудің аяқталуға жақын екенін мәлімдеді. Министрдің айтуынша, адамдар уланған вагон «Қазақстан темір жолына» емес, жекеменшік компанияға тиесілі болған.
Трагедияның басты себебі ретінде техникалық қауіпсіздік ережелерінің өрескел бұзылуы аталып отыр.
«Жекеменшік вагон иелерімен келісім болған. Іші суық болғандықтан, олар көмірқышқыл газын бөлетін заңсыз жылыту жүйесін орнатқан. Бұл — тікелей заң бұзушылық», — деді Нұрлан Сауранбаев.
Министр қазіргі уақытта кінәлі тараптарды заң жүзінде жауапқа тарту үшін дәлелдемелер жинақталып жатқанын және вагонның қолданыстан толықтай шығарылғанын жеткізді.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың желтоқсанында түсірілім алаңы ретінде пайдаланылған вагонда мектеп оқушылары мен оларды бастап жүрген ересектер, барлығы 52 адам иіс тиіп уланған болатын. Зардап шеккендерге көмектесу үшін 13 жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылып, екі бала жансақтау бөліміне түскен еді.
Қазіргі таңда бұл іс қоғам мен министрліктің жіті бақылауында. Тергеу аяқталған соң, жекеменшік вагон иелеріне қатысты соңғы үкім шығарылмақ.