Қазақстанда косметика мен сұлулық қызметтеріне сұраныс бәсеңдеген жоқ, керісінше тұрақты өсіп келеді. Сарапшылардың бағалауынша, бьюти-нарық көлемі 2025 жылға қарай 1,1 трлн теңгеден асады. Қызығы, тұрмыстық техника секілді өзге сегменттерде тұтыну төмендеген кезеңде бұл сала қарқынын сақтап отыр. Мұның артында тек талғам емес, қоғамдағы жасырын талаптар мен экономикалық теңсіздік қатар жүр ме деген сұрақ туындайды, деп жазады Ozgeris.info.
Ресми деректер бұл үрдістің ауқымын айқын көрсетеді. Ұлттық статистика бюросы ұсынған мәліметке сүйенсек, кейінгі екі жылда маркетплейстер арқылы косметикаға жұмсалған қаражат екі есеге жуық өскен. 2022 жылы бұл көрсеткіш 54,8 млрд теңге болса, 2024 жылы 106,6 млрд теңгеге жеткен. Нарықтағы негізгі сұранысты жастар қалыптастырып отыр: сатып алулардың 63 пайызы 29 жасқа дейінгі азаматтарға тиесілі. Олардың таңдауы көбіне әлеуметтік желілердегі трендтер мен жарнаманың ықпалымен жасалады.
Сырт қарағанда, бұл үрдіс қаржылық еркіндіктің белгісі секілді көрінеді. Алайда мәселенің екінші қыры да бар. EconomyKZ-тің тәуелсіз сарапшысы Ерлан Каримов бұл құбылысты «сұлулық салығы» ұғымы арқылы түсіндіреді:
«Әйелдер үшін бьюти-индустрияға кететін шығын – жай ғана хобби емес. Көп жағдайда бұл «сұлулық салығы». Яғни, қоғам қабылдайтын деңгейде көріну үшін жасалатын мәжбүрлі инвестиция. Ер адамдарға кәсіби екенін дәлелдеу үшін көбіне жинақы, таза жүру жеткілікті. Ал әйелдер жұмысқа орналасу кезінде немесе мансапта өсу үшін жоғары эстетикалық талаптарға сай болуы керек деген үнсіз талаппен бетпе-бет келеді», дейді сарапшы.
Бұл пікір еңбек нарығындағы нақты деректермен де астасады. Қазақстанда әйелдердің білім деңгейі жоғары болғанымен, табыс көлемі әлі де төмен. Мәселен, ғылым докторлары арасында әйелдер саны ерлерден көп: 2 607 әйелге қарсы 2 359 ер адам. Ғылым кандидаттары, PhD және магистр дәрежелері бойынша да әйелдер басым. Басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі де айтарлықтай өскен: 2001 жылғы 32,8 пайыздан 2024 жылы 41,3 пайызға жетті. Соған қарамастан, жалақыдағы айырма сақталып отыр. 2024 жылы әйелдердің орташа айлығы 344,4 мың теңгені құраса, ерлерде бұл көрсеткіш 468,9 мың теңгеге жеткен. Яғни, әйелдер табысы ерлер жалақысының шамамен 73,5 пайызы деңгейінде қалып отыр. Бұл жағдай сырт келбетке жұмсалатын шығындар өсіп жатқан кезеңде орын алуда.
Мұндай қайшылық қоғамдағы көзге көрінбейтін қысымды аңғартады. Бір жағынан, әйелдер білім мен кәсіби біліктілік жағынан алға шыққан. Екінші жағынан, олардан сырт келбетке жоғары талап қойылады. Бұл талап қаржылық жүктемені арттырады. Сарапшы бұл мәселені тек жеке таңдау ретінде қарастыру жеткіліксіз екенін айтады:
«Бұл жерде мәселе тұтыну мәдениетінде ғана емес. Бұл – еңбек нарығындағы жасырын стандарттардың көрінісі. Әйел адамның сырт келбеті оның кәсіби бағасына әсер етпеуі тиіс. Бірақ іс жүзінде бұл фактор ескерілетінін жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан бьютиге жұмсалған шығын – кей жағдайда еркін таңдау емес, жүйелік қысымның нәтижесі», дейді Ерлан Каримов.
Осыған байланысты сарапшы нақты ұсыныстар да келтіреді. Оның пікірінше, мәселені шешу тек жеке деңгейде емес, институционалдық деңгейде қаралуы қажет:
«Қызметкерлер саны 50 адамнан асатын компанияларда гендерлік аудит жүргізу маңызды. Бірдей қызмет атқаратын ерлер мен әйелдердің жалақы айырмасы ашық көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар кадр іріктеу кезінде “соқыр” әдісті енгізу қажет. Яғни үміткердің жынысы, сырт келбеті емес, кәсіби біліктілігі бағалануы керек. Ұлттық компаниялардың директорлар кеңесінде әйелдердің үлесін 30–40 пайыз деңгейінде ұстайтын жұмсақ квоталар да осы теңгерімді қалыптастыруға көмектеседі», дейді сарапшы.
Жалпы алғанда, бьюти-нарықтағы өсім – тек экономикалық көрсеткіш емес. Ол қоғамдағы құндылықтар жүйесінің, еңбек нарығындағы талаптардың және қаржылық мәдениеттің айнасы. Сырт келбетке жұмсалатын әр теңге тек талғамның емес, кей жағдайда әлеуметтік қысымның да көрінісі болуы мүмкін. Бұл тұрғыда «сұлулық салығы» ұғымы ойлануға мәжбүр етеді. Себебі қаржылық сауат тек табыс пен шығынды есептеумен шектелмейді. Ол – адамның қандай жағдайда, қандай себеппен ақша жұмсап отырғанын түсіну.