Жаңалықтар

Аялдамада зейнеткерді сабаған алматылық ұсталды

Аялдамада зейнеткерді сабаған алматылық ұсталды

Алматының Бостандық ауданында белгісіз ер адам автобус аялдамасында 66 жастағы әйелге шабуыл жасады, деп жазады Ozgeris.info сайты.

Оқиғаның видеосын әлеуметтік желіде зардап шеккен әйелдің қызы жариялады. Оның айтуынша, шабуыл «Алматы» шипажайы көшесінде болған.

— Анамыз аялдамада автобус күтіп тұрған. Белгісіз жас жігіт сыртынан келіп, айналада ешкім жоқ сәтті пайдаланып, оны аяусыз соққыға жыққан. Қазір анамыз ауруханада жатыр, жағдайы өте ауыр, — деп жазды ол. 

Қалалық Полиция департаменті аталған дерек бойынша Бостандық аудандық Полиция басқармасы қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.

— Қылмыс ізі суымай ашылды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктінің тұлғасы анықталып, ол ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті зерттеуге бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — деп атап өтті ПД баспасөз қызметінен.

Полиция өкілдері жазаның бұлтартпастығы қағидасы ішкі істер органдары жұмысының негізгі ұстанымы болып қала беретінін атап өтті. Кез келген құқыққа қайшы әрекеттердің, әсіресе зорлық-зомбылықпен ұласқан қылмыстардың жолы кесіліп, кінәлілер заң аясында толық жауапқа тартылады.

 

Барлық жаңалық