Қазақстанда жыл сайын мемлекет есебінен мыңдаған педагог дайындалады. Алайда олардың басым бөлігі еңбек нарығында өз орнын таппай, жұмыссыздар қатарын толықтырып жатыр. Ресми мәліметтерге сәйкес, соңғы жылдары педагогикалық мамандықтарға бөлінген мемлекеттік тапсырыс 32 миллиард теңгені құраған. Алайда бүгінгі таңда сол қаражатпен оқыған жас мамандардың көпшілігі мектепке жұмысқа тұра алмай, басқа салада сандалып жүр. Бұған не себеп? Жүйелік дағдарыс па, әлде басқарудағы қателік пе? Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.
Сандар артында тұрған дағдарыс
«Өркен» балалардың әл-ауқаты ғылыми-практикалық институтының кеңесшісі Гүлнара Әбішеваның айтуынша, бүгінгі жағдай жай ғана статистика емес, терең жүйелік дағдарыстың көрінісі.
«Біз сандарды қарап, нақты интерпретация бермей қоя саламыз. Ал шын мәнінде, бұл жерде түрлі деңгейдегі мәселе жатыр. Министрліктен бастап, жергілікті атқарушы органдар арасында үйлесімдік жоқ»,-дейді сарапшы.
Мысалы, жыл сайын Қазақстанда 30-35 мың студент оқуын бітіріп шығады. Оның ішінде текпедагогикалық жоғары оқу орындарының емес, көпсалалы университеттердің педагогикалық факультеттерінің түлектері де, балабақша тәрбиешілері де бар. 2024 жылдың басында Оқу-ағарту министрлігі мектептерде 9 мың мұғалім жетіспейтінін мәлімдеген. Алайда қараша айында бұл көрсеткіш 4 мыңға дейін қысқарды. Яғни 5 мың жас маман жұмысқа орналасты деген сөз.
Әрине, мемлекеттік қаражат мүлдем далаға кетіп жатыр деп бірден кесіп айту дұрыс емес. Десе де, мәселенің бір ұшы теңсіздік пен сәйкессіздікке келіп тіреледі. 35 мың түлектің 60 пайызыгрантпен оқығандар. Ал олардың тек бір бөлігі ғана мамандығы бойынша еңбек етіп жүр. Неге?
Мамандардың айтуынша, мәселе бөлінуде. Айталық, елімізде жыл сайын балалар саны 400 мыңға көбейіп отыр. Өз кезегінде жаңа мектептер ашылып, мұғалімдерге деген сұраныс артуы керек. Болжам бойынша, 2030 жылға қарай оқушылар саны екі есе артады. Яғни мұғалімдерге деген қажеттілік те өседі. Алайда өңірлік ерекшеліктер ескерілмейді.
«Оңтүстік өңірлерде орыс тілі мен математика пәнінен мұғалімдер жетіспейді. Бірақ, керісінше, бұл бағыттарға ЖОО-ларда қабылдау азайған. Ал дене шынықтыру мұғалімдері тым көп,олардың сағаттары бұрыннан қысқарып кеткен. Қазақ тілі пәнінен де қазір артық маман даярланып жатыр», - дейді Гүлнара Әбішева.
Сонымен қатар, педагог тапшылығының 75 пайызы ауылдық өңірлерге тиесілі. Грант иегерлері 3 жыл міндетті түрде жұмыс істеуі тиіс. Бірақ заңда жұмыс орны нақтыланбаған. Көпшілігі қалада қалуды қалайды, ал ауылдағы бос орындарға барғысы жоқ.
Құжат бар, жұмыс жоқ: жүйедегі көзбояушылық
Кейбір мектеп директорлары бос жұмыс орындарын ресми түрде жарияламайды.
«Сағаттарды бар мұғалімдерге бөліп береді де, жаңа мамандарды алмайды»,-дейді сарапшылар.
Ал кейбір жағдайда вакансия тек қағаз жүзінде жарияланады, бірақ сол күні-ақ «өз адамы» қабылданып қойғаны анықталады. Гүлнара Әбішева бұл жайтқа қатысты:
«Бұл жалған емес, жасырын бос орындар. Осындай жүйелік көзбояушылықты жою үшін үш министрлік бірлесе жұмыс істеуі қажет: Білім, Ғылым және Еңбек министрліктері».
Жеке кейс: Қаламқас оқиғасы
2019 жылы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын грантпен тәмамдаған Қаламқас Насамбай өз бетімен жұмыс таба алмай, жұмыссыз ретінде тіркеліп, карьера орталығына жүгінген. Бірақ орталық та көмектесе алмаған. Қазір ол мамандығына сәйкес емес салада жұмыс істейді. Осыған байланысты мемлекет оның оқуына жұмсалған 25 миллион теңгені қайтаруды талап етіп отыр. Бұл жағдайды сарапшылар жүйелік проблема ретінде қарастырады.
«Жұмысқа орналасу тек электрондық портал арқылы жүргізіледі. Ал түлектердің 10-15 пайызы ОЗП тестінен өте алмай қалады. Қаламқас, мүмкін, сол тесттен өтпеген немесе дұрыс рәсім жасамаған шығар. Бірақ бұл студенттің емес, жүйенің осалдығы»,-дейді сарапшы.
Педагогикалық жүйенің тағы бір әлсіз буыны-жоғары білім
ЖОО-ларда оқытылатын пәндер мен мектеп талаптарының арасында алшақтық үлкен. Университетте берілетін теория көп жағдайда практикаға бейімделмеген.
«ЖОО студенттерінің практикасы жай формалдылық. Дуальді оқыту мен шынайы стажировка қажет. Сонда ғана жас мұғалім мектепке келгенде өзін сенімді сезінеді»,- дейді сарапшылар.
Бүгінгі таңда ОЗП тестінің алғашқы кезеңінен өте алмайтындар саны 10-15 пайызды құрайды. Бұл дабыл қағарлық көрсеткіш, сондай-ақ педагогикалық даярлықтың сапасы төмен екенін көрсетеді.
Жоғары жалақы шешім болады ма?
Педагогтың мамандығына жылдан жылға сұранысқа ие болып келеді. Бірақ мұның себебі тек білім сапасындағы реформалар емес. Бірқатар сарапшы мұны стипендияның өсуімен байланыстырады.
«Стипендия жоғарылады, студент көбейді. Бірақ олардың көбі бұл мамандықты жүрекпен емес, тіршілік қамымен таңдаған. Әсіресе ауылдан келген жастар үшін бұл стипендия алу амалы ғана»,-дейді сарапшылар.
Joo High Schools академиялық директоры Нұрғали Елшібековтың айтуынша, бүгінде жеке мектептерде мұғалімдер 400 мың теңге шамасында жалақы алады. Мемлекеттік мектептермен салыстырғанда 10-20 пайызға жоғары. Оларда кәсіби дамуға, тренингтерге, халықаралық жобаларға, AI технологияларын қолдануға мүмкіндік бар.
«Біз мұғалімге жай жұмыс емес, өсу жолын ұсынамыз. Біздің кейбір ұстаздарымыз қазір шетелдік мектептерде жұмыс істеп, 3-4 мың доллар айлық алып жүр. Осы арқылы педагог мамандығының құнды екенін көруге болады», - дейді ол.
Жүйені қайта құру қажет
Сарапшылардың пікірінше, барлық саланы қайта қарап шығатын уақыт келді.
«Мемлекеттік тапсырысты нақты нарықпен сәйкестендірмейінше, біз мыңдаған маманды босқа даярлай береміз. Егер университет түлектерін жұмысқа орналастыра алмаса, грант санын қысқарту керек. Яғни, кері байланыс тетігін жасау керек. Ал бізде ол жоқ»,-дейді олар.
Қазіргі жүйе бойынша, жұмысқа орналасу үшін бір жыл ғана уақыт беріледі. Алайда бұл мерзім жеткіліксіз.
«Бір жыл тым аз. Адам өзін табуға, тест тапсыруға, магистратураға түсуге үлгермейді. Екі жыл ету керек. Сосын ғана грантты қайтару талабы қойылсын»,-дейді сарапшылар.
Жеке мектеп үлгісі және эмоциялық климат
Нұрғали Елшібеков атап өткендей, жеке мектептерде тек жалақы емес, мұғалімнің эмоциялық әл-ауқаты басты назарда.
«Бізде әр сыныпқа куратор бекітілген. Таңертең әр оқушының халін сұрап отырады. Себебі бала мектепке келгенде өзін қажет екенін сезінуі керек. AI-жүйелер үй тапсырмасын тексереді, есептерді автоматты түрде жасайды, ал мұғалімге тек шығармашылық жұмыс қалады. Біз осылайша олардың шаршамай, энергиялы болуына ықпал жасаймыз»,-дейді ол.
Педагог жай маман емес, миссия иесі
Республикалық жекеменшік білім беру ұйымдары қауымдастығының өкілі Гүлсұлу Гизбаева педагогтың бейнесі туралы айтты:
«Педагог жай ақпарат беруші емес. Ол эмпатия иесі, жүрегімен балаға жақын адам. Біз студенттерді 2-курстан бастап стажировкаға аламыз. 20 адамның үшеуі ғана шын педагог болып шығады. Қалғандары тез қызығушылығын жоғалтып, кетіп қалады. Мәселе мамандық таңдауда»,-дейді ол.
Сарапшылар жүйені өзгерту үшін келесі ұсыныстарымен бөлісті.
- Педагогикалық ЖОО-ларға қабылдау талаптарын күшейту;
- Профориентацияны 7-сыныптан бастау;
- Жұмысқа орналасу мерзімін 1 жылдан 2 жылға ұзарту;
- Мемтапсырысты нақты өңірлік қажеттілікке бейімдеу;
- ЖОО-лардың нәтижесіне қарай грант мөлшерін реттеу;
- Электрондық жүйелерде әділеттілік пен ашықтық орнату;
- Эмоциялық климатты жақсартуға бағытталған педагогикалық оқыту енгізу.