Қоғам

Демалыстан кейін қалтаңыз босап қалмасын десеңіз...


Жаз – демалыс маусымы. Бірақ бүгінде ол көпшілік үшін қарызға батып қайтатын кезеңге айналған. Турфирма директорларының айтуынша, бүгінде әр екінші қазақстандық жолдаманы несиеге немесе бөліп төлеуге алады. Бұл үрдіс тек отбасы бюджетіне ғана емес, жалпы ел экономикасына да салмақ түсіріп отыр, деп жазады Ozgeris.info.

Кәсіби бухгалтер Нұргүл Арленмен демалысты тиімді жоспарлаудың маңызын түсіндірді. 

– Шетелге демалу – бұл адамның алдын ала жоспарлап, жинаған қаражатына байланысты шешім болуы керек. Бірақ бізде адамдар эмоцияға беріліп, “қазір болмаса – ешқашан” деген ұстаныммен жолдаманы несиеге ала салады. Бұл – қате шешім. Несие – табыс көзі емес. Ол болашақтағы тұрақтылықты шайқалтады. Қазір демалса да, кейін бірнеше ай бойы соның қарызын өтейді. Бұл үй ішіндегі тыныштыққа, қаржылық теңгерімге тікелей әсер етеді, – дейді Нұргүл Арлен.

Бухгалтер демалысқа кеткен ақшаны қалай жоспарлау керектігін айтып, нақты мысал келтірді.

– "Отпускные" дегеніміз – жалақының орнына берілетін аванс. Яғни, бұл – сыйақы да, қосымша табыс та емес. Адам сол айда жұмыс істемегенімен, алдын ала ақысын алып кетеді. Егер мұны “артық ақша” деп қабылдап, толық жұмсап тастаса, келесі айда жалақы аз түседі. Содан «жалақым қайда кетті?» деп отырады, – дейді ол.

Нұргүлдің айтуынша, көпшілік демалыс төлемінің тәртібін дұрыс түсінбейді. Еңбек кодексіне сай, еңбек демалысы – 24 күнтізбелік күн. Бірақ төлем тек жұмыс күндері үшін ғана есептеледі. Бұл есептеу соңғы 12 айдағы орташа табысқа негізделеді.

– Демалысты жоспарлауда бір маңызды тәсіл бар. Егер сіз демалысты ай ортасынан келесі айдың ортасына дейін алсаңыз – жалақысыз қалмайсыз. Себебі сол аралықтағы демалыс күндеріне ақша төленеді, ал келесі жалақыңызда қалған жұмыс күндері үшін де ақша аласыз. Ал егер ай басынан демалыс алып кетсеңіз – ай соңында табыс болмай қалуы мүмкін. Бұл – психологялық және қаржылық тұрғыдан қиын, – дейді сарапшы.

Сонымен қатар, бухгалтер мерекелік күндердің де рөлін атап өтті. Олар төленбейді, бірақ демалыс мерзіміне кірмейді, яғни демалыс автоматты түрде ұзартылады.. Бухгалтер демалысты тиімді ұйымдастыру үшін бірнеше пайдалы кеңес ұсынады:

– Біріншіден, демалысты бірден түгел емес, екіге бөліп алыңыз. Сонда жылына екі рет отпускные аласыз. Екіншіден, премия алған айда демалысқа шығыңыз, сонда орташа табысыңыз артады. Үшіншіден, ауырып емделгеннен кейін бірден демалыс алуға болмайды – себебі еңбекке жарамсыз кезеңдегі табыс орташа жалақыны төмендетіп жібереді. Төртіншіден, кем дегенде бір айлық шығынға жететін резерв болсын. Ал ең дұрысы  әр ай сайын аз-аздан жинап отыру. Демалыс күтпеген емес, алдын ала жоспарланатын нәрсе болуы керек, – дейді Нұргүл Арлен.

Оның айтуынша, қазіргі заманда қаржылық сауаттылық – жай артықшылық емес, өмірлік қажеттілік. Әсіресе демалыс сияқты шығынды кезеңде адамдар өз табысын, шығынын, міндеттемелерін нақты білуі керек.

– Несиеге алынған демалыс – бір сәттік ләззат. Бірақ оның құны – бірнеше айлық күйзеліс. Ең дұрысы – демалу үшін қарызға емес, жоспарға сүйеніңіз. Ақшаның жоқтығы – демалуға кедергі емес. Ал несие – демалғаныңызды ұмыттыратын ауыр жүк, – деп түйіндеді бухгалтер.

Барлық жаңалық