🤖 Digital

ChatGPT-ге бір айлық шығынымды көрсеттім...

ChatGPT-ге бір айлық шығынымды көрсеттім...

Айлық түскен күні бәрі жақсы сияқты көрінеді. Картада ақша бар, жоспар көп. Бірақ арада екі-үш апта өткен соң «ақша қайда кетті?» деген сұрақ тағы алдымыздан шығады. Ең қызығы, көп жағдайда оған нақты жауап бере алмаймыз, деп жазады Ozgeris.info.

Мен де солай ойлайтындардың қатарындамын. Қажетсіз зат алмаймын, күнде мейрамханада отырмаймын, қымбат киім қуаламаймын деп есептейтінмін. Бірақ бір айлық банк көшірмесін ChatGPT-ге көрсеткеннен кейін өзім туралы пікірім аздап өзгерді. Әрине, жеке деректерді, карта нөмірлерін немесе басқа құпия ақпаратты жүктеген жоқпын. Тек шығын санаттары мен жұмсалған сомаларды енгізіп, қарапайым сұрақ қойдым: «Осы шығындарды талдап бер. Қай жерден артық ақша кетіп жатыр?». Жасанды интеллект жауабы көп күттірмеді.

Ең алдымен ол күнделікті байқалмайтын ұсақ шығындарға назар аудартты. Бір қарағанда олардың ешқайсысы үлкен сома емес. Бір жерде кофе, бір жерде такси, бір жерде маркетплейстен алынған ұсақ-түйек зат. Бірақ ай соңында бәрі қосылған кезде едәуір қаражатқа айналады екен. Мәселен, күн сайын немесе күнара алынатын шай мен сусындарға айына бірнеше ондаған мың теңге кетіп отырған. Өзім оны мүлде байқамағанмын. Себебі әр сатып алу кезінде жұмсалған сома аса көп көрінбейді.

Сол сияқты жеткізу қызметтері де елеусіз шығындардың бірі болып шықты. Бір рет тамаққа тапсырыс беру қалыпты шығар. Бірақ мұндай тапсырыс аптасына бірнеше рет қайталанса, ай соңында қомақты қаржы жұмсалғаны байқалады. Маркетплейстер де жеке тақырып екен. «Бір ғана зат аламын» деп кіріп, тағы бір ұсақ дүниені қосып жіберу бәрімізге таныс. ChatGPT дәл осы қайталанатын әрекеттерді бөліп көрсетіп, олардың жалпы көлемін есептеп берді. Сол кезде мәселе табыстың аздығында емес, ақшаның байқалмай жұмсалуында екенін түсіндім.

Жасанды интеллект тағы бір қызық нәрсені көрсетті. Ол шығындарды үш топқа бөлуді ұсынды:

        міндетті шығындар;

        жайлылық үшін жасалатын шығындар;

        артық шығындар.

Міндетті шығындарға коммуналдық төлемдер, азық-түлік, жол ақысы, байланыс қызметтері кірді. Жайлылық санатына такси, кофе, жеткізу қызметтері енгізілді. Ал артық шығындарға алдын ала жоспарланбаған сатып алулар мен пайдаланылмайтын жазылымдар жатқызылды. Осы қарапайым жіктеудің өзі көп нәрсені түсінуге көмектесті. Мысалы, бұрын маркетплейстен алынған кей заттарды қажет деп есептейтінмін. Бірақ бірнеше ай қатарынан қайталанған шығындарды көргенде олардың көбі сол сәттегі эмоциямен жасалған сатып алулар екенін аңғардым.

ChatGPT ұсынған кеңестердің ішінде ең пайдалысы – «24 сағат ережесі» болды. Яғни, қымбат емес болса да, жоспарланбаған затты бірден сатып алмау. Алдымен оны себетке салып, бір тәулік күту. Көп жағдайда келесі күні ол заттың аса қажет емес екенін түсінесің. Тағы бір тиімді кеңес – апталық мәзір құру. Бұрын дүкенге нақты тізімсіз баратынмын. Соның салдарынан артық азық-түлік алып, кейін оның бір бөлігі пайдаланылмай қалатын. Бір аптаға арналған қарапайым мәзір мен сатып алу тізімі шығынды азайтып қана қоймай, уақытты да үнемдейді екен.

Жазылымдарға қатысты жағдай да қызық болды. Көп адамның телефонында ай сайын ақша алып тұратын сервистер бар. Біреуін пайдаланады, екіншісін ұмытып кеткен. ChatGPT маған айына бір рет барлық жазылымды тексеріп отыруды ұсынды.

Тағы бір кеңес – аптасына бір күнді «ақшасыз күн» деп белгілеу. Яғни, сол күні ештеңе сатып алмау. Алғашында қиын көрінгенімен, кейін бұл әдет шығынды бақылауға көмектесетінін байқадым. Әрине, жасанды интеллект қаржы кеңесшісінің орнын толық баса алмайды. Ол сіздің өмір салтыңызды, отбасыңыздың жағдайын немесе болашақ жоспарыңызды толық білмейді. Кейде ұсынатын кеңестері де шынайы өмірге сәйкес келмеуі мүмкін.

Сондықтан мамандар жеке деректерге қатысты сақ болуға кеңес береді. Жасанды интеллектке карта нөмірін, жеке сәйкестендіру нөмірін, құпиясөздерді немесе басқа да маңызды мәліметтерді жүктемеу керек. Дегенмен бір нәрсе анық. Жасанды интеллект шығындарды сырт көзбен қарап шығуға көмектеседі. Кейде адамның өзі байқамайтын әдеттерді көрсетіп береді.

Әлемде жасанды интеллектіні жеке қаржыны басқаруға пайдаланатын адамдар саны көбейіп келеді. Мәселен, канадалық Consolidated Credit ұйымы жариялаған зерттеуде сауалнамаға қатысқандардың 33 пайызы қаржысын басқаруда жасанды интеллект көмегіне жүгінетінін айтқан. Оның ішінде 27 пайызы отбасы бюджетін құруға немесе қайта қарауға пайдаланса, 37 пайызы шығындарын талдау мен қаржылық деректерді саралауға қолданады. Ал Corporate Insight зерттеу орталығының сауалнамасы тұтынушылардың 62 пайызы бюджет жүргізетінін көрсеткенімен, олардың жартысына жуығы ғана оны тұрақты түрде сақтайды. Зерттеу авторлары қаржылық қиындыққа тап болған адамдардың 70 пайызы ең алдымен шығынды қысқартуға тырысатынын атап өткен.

Барлық жаңалық