💰 Экономика

Бөліп төлеудің білінбейтін машақаты бар

Бөліп төлеудің білінбейтін машақаты бар

 

Бүгін бір затты алып, ертең төлейміз. Ай сайын аз ғана сома беріп, қымбат тауарға қол жеткіземіз. Көпшілік мұны жеңіл шешім санайды. Бірақ осындай таңдаулардың жиынтығы елдегі қарыз көлемін ондаған триллион теңгеге жеткізді. Бөліп төлеу қолайлы ма, әлде қауіпті ме деген сұрақ енді тек экономистерді ғана емес, қарапайым халықты да ойландыра бастады, деп жазады Ozgeris.info.

23 трлн теңге алған

Қазақстанда халықтың қарызы жылдан жылға көбейіп келеді. Ұлттық банк қазақстандықтардың қанша қарызы барын есептеп, оның ішінде бөліп төлеудің үлесін бөлек қарастырды. Нәтижесі ойландырмай қоймайды. Бүгінде банктердің тұтынушылық несие қоржынындағы әрбір 5 теңгенің 1 теңгесі дәл осы бөліп төлеуге тиесілі болып отыр.

Ұлттық банк таратқан дерекке сүйенсек, 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша елде 7,71 млн жеке тұлға қарыз алушы ретінде тіркелген. Осы адамдардың мойнында барлығы 47,7 млн несие бар. Қарыздың жалпы сомасы шамамен 23 трлн теңгеге жеткен. Бұл елдің ішкі жалпы өнімінің 16 пайызына тең. Яғни, экономикадағы ақшаның едәуір бөлігі қарыз арқылы айналып жүр деген сөз.

Осы 23 трлн теңгенің жартысынан көбі қарапайым тұтынушылық несиелер. Оның көлемі 12,7 трлн теңге. Ең қызығы, бұл несиелердің 92 пайызы ешқандай кепілсіз берілген. Адамдар көбіне мүлік қоймай, тек табысына сеніп қарыз алып отыр.

Ұлттық банк бөліп төлеуді арнайы жеке санат ретінде бөліп қараған. Мұнда әңгіме теңгемен берілетін, атауы бойынша пайызсыз, несие картасына жатпайтын қарыздар туралы болып отыр. Осындай бөліп төлеудің көлемі триллиондап саналады. 2023 жылы олардың сомасы 1,78 трлн теңге болса, 2024 жылы 2,44 трлн теңгеге жеткен. Бұл қарызды 4,9 млн адам пайдаланған.

Бөліп төлеудің мерзімі де ұзақ емес. Олардың шамамен үштен екісі 1 жылға дейін рәсімделген. Ал тағы 30 пайызы 2 жылға дейінгі мерзімге алынған. Яғни, көп адам бөліп төлеуді қысқа мерзімді, жеңіл қарыз деп қабылдайды.

Жалпы алғанда, кейінгі жылдары бөлшек несие нарығы өте жылдам өсіп келеді. 2022 жылы ол 31,3 пайызға артты. 2023 жылы өсім 26,7 пайыз болды. 2024 жылы тағы 23,8 пайызға көбейді. Ал 2025 жылдың алғашқы 7 айының өзінде 11,2 пайыз өсім тіркелді. Бұл өсімге автонесиенің де әсері зор. Мемлекеттік қолдау мен талаптардың жұмсаруы салдарынан автонесие көлемі бірнеше есе артқан.

Бүгінде қарыз алушылардың шамамен жартысында 4 және одан да көп несие бар. Бірақ Ұлттық банк бұл жағдайды бірден қауіпті деп бағаламайды. Себебі мұның бір себебі бөліп төлеудің кең таралуымен байланысты.  Сонымен бірге банк классикалық тұтынушылық несиелерде 90 күннен асқан кешіктіру үлесі бөліп төлеуге қарағанда жоғары екенін атап өтеді. Бұл да бөліп төлеудің тәуекелі басқа екенін көрсетеді.

Ұлттық банктің пайымынша, бөліп төлеудің кең таралуы мен ауқымы оны жеке нарық сегменті ретінде қарауды талап етеді. Мұндай қарызды бөлек талдап, тәуекелін нақты есепке алу қажет. Себебі ол бүгінде жай қосымша құрал емес, халықтың күнделікті қаржылық өмірінің маңызды бөлігіне айналып үлгерді.

Бөліп төлеудің қарызы енді жасырынбайды

Қазір елде buy now pay later деп аталатын жүйе кең тараған. Адам тауарды қазір алып, ақшасын кейін төлейді. Бірақ осындай сатып алулардың көп бөлігі ресми несие ретінде есепке алынбай келеді. Соның салдарынан адамның нақты қарыз жүктемесі көрінбейді. Банктер де, мемлекет те толық картинаны көре алмай отыр. Осы мәселе туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ашық айтты.

Оның сөзінше, бүгінгі таңда бөліп төлеу екі үлкен топқа бөлінеді. Біріншісі – банктер арқылы берілетін бөліп төлеу. Бұл сегмент мемлекет тарапынан реттеледі. Екіншісі – банксіз берілетін бөліп төлеу. Оған автосалондар, құрылыс компаниялары, маркетплейстер және басқа да сатушылар кіреді. Бұл бағыт мүлде бақылаусыз қалған.

 «Адам бөліп төлеу алған кезде іс жүзінде несие алады. Бірақ заң жүзінде ол несие болып саналмайды. Қарыз бар, төлеу міндеті бар, бірақ кредиттік бюро оны көрмейді. Банк те адамның шынайы қарызын білмейді. Бұл дұрыс емес. Егер мемлекет халықтың шамадан тыс қарызға батпауын қаласа, барлық қарызды толық көруі керек. Себебі көзге көрінбейтін қарыз қауіпті. Адам өзі де нақты қанша қарызы барын сезбей қалуы мүмкін. Ал банк жаңа несие бергенде қателесуі ықтимал» дейді Тимур Сүлейменов.

Бұл өзгерістерді нақты іске асырумен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айналысады. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов бұл жұмыстың мәнін түсіндірді.

«Қазіргі кезде халықтың бір бөлігі алған қарызы көрінбейтін аймақта қалып отыр. Адам өз мүмкіндігінен көп қарыз алып қоюы мүмкін. Ал макро деңгейде дұрыс шешім қабылдау үшін біз бүкіл қарызды көруіміз керек. Бұл өте маңызды» дейді ол.

Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекет барлық бөліп төлеуді қарыз ретінде есепке алуды көздеп отыр. Адам банктен алды ма, дүкеннен алды ма, маркетплейстен алды ма айырмашылығы болмайды. Барлығы қарыз жүктемесіне қосылады.

Бұл бастама жалғыз өзі пайда болған жоқ. Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин маркетплейстердегі бағаға бақылау күшейетінін айтқан болатын. Оның ішінде делдал комиссиясын шектеу және қос баға енгізу мәселесі бар. Яғни бір тауардың қолма қол төлеу кезіндегі бағасы бөлек, бөліп төлеу кезіндегі бағасы бөлек көрсетіледі.

Бұл ұсынысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова да түсіндірді. Оның айтуынша, тұтынушы нақты қанша артық төлейтінін білуі керек.

«Егер тауарды бірден төлеп алса бір баға. Ал бөліп төлеумен алса басқа баға. Бұл әділ» дейді ол.

Жаңа ережелер қарапайым сатып алушыға не береді. Ең алдымен бөліп төлеудегі барлық қарыз кредиттік тарихқа түседі. Яғни, қарыз енді жасырын болмайды. Банктер адамның жағдайын дәлірек бағалайды. Несие беру азаюы мүмкін, бірақ қарыз тұзағына түсу де азаяды. Бөліп төлеудегі тауар бағасы ашық көрсетіледі. Қанша үстеме бар екені жасырылмайды. Маркетплейстер мен сатушылар бөліп төлеу арқылы тауарды қымбаттатып көрсету мүмкіндігінен айырылады.

Жеңіл көрінгенімен, жүгі де бар

Экономист Руслан Сұлтанов бүгінгі нарықта кең тараған бөліп төлеу туралы өз пікірін қарапайым тілмен түсіндіреді. Оның айтуынша, бөліп төлеу бізде жаңа бір ұлттық әдетке айналып бара жатыр. Ақшаң жетпесе де ала бер. Кейін төлейсің. Дүкен қуанады. Банк мәз. Клиент риза. Ал экономика сырттай күліп тұрғандай болғанымен, іші алаң күйде.

«Ай сайынғы төлем аз болып көрінеді де, адам өзін дұрыс шешім қабылдадым деп ойлайды. Процент ашық көрсетілмейді, сондықтан оны жоқ деп қабылдайды. Қолда ақша жоқ, бірақ зат бар. Осындай ой адамға өте ұнайды. Ол мұны жеп жүріп арықтаймын деген сезіммен салыстырады. Сыртынан бәрі жақсы, ал шын мәнінде мәселе тереңде. Ең бірінші мәселе – мынада. Бөліп төлеу шын мәнінде жоқ сұранысты қолдан жасайды. Адам сатып алуға дайын емес, бірақ бөліп төлеу бар болған соң алады. Соның салдарынан сұраныс өсіп кеткендей көрінеді. Сұраныс өскен соң сатушылар бағаны көтереді. Осы жерден инфляция басталады. Баға нақты шығынға емес, адамның психологиясына қарап өседі», дейді ол.

Екінші мәселе – нарықтың үйреніп кетуінде. Бастысы клиенттің бүгін алуына көндіру. Қалай төлейтіні маңызды емес. Ай сайын 10 мың төлесе жеткілікті. Осы оймен дүкендер бағаны еш қымсынбай көтереді. Себебі адам толық соманы емес, тек ай сайынғы төлемді ғана көреді. Баға шығынға емес, әлсіздікке сүйеніп өседі.

«Үшінші маңызды жайт – бөліп төлеу тегін болмайды. Ондағы барлық шығын бәрібір тауар бағасына қосылады. Сақтандыру, банкке комиссия, уақытында төлемеу қаупі. Мұның бәрі алдын ала есептеліп, бағаға кіріп кетеді. Сондықтан 0 пайыз деген сөз шын есеп емес, жай ғана жарнама. Төртінші мәселе адамдардың болашақпен өмір сүруі. Қазір аламын, кейін төлеймін деген ой көбейген сайын, сатушы мен банк тәуекелді алдын ала есептейді. Төлемей қалу қаупі бар деп, бағаны жоғары қояды. Соның салдарынан қазірдің өзінде тауар қымбаттайды. Телефонды бірден алсаң 250 000 тұрады. Ал 12 айға бөліп төлеумен алсаң 299 000 болады. Көп адам бұл айырмашылыққа мән бермейді. Алты ай өткен соң өндіруші сұраныс өсіп жатыр деп ойлап, бағаны тағы көтереді. Себебі ол нақты төлемді емес, көп сатылғанын ғана көреді», дейді экономист.

Руслан Сұлтанов не істеу керек деген сұраққа да ашық жауап береді. Мүмкіндігің болса, бірден төле. Себебі ол ойлағаннан арзанға түседі. Егер бөліп төлеуді таңдасаң, ай сайынғы төлемге емес, толық бағаға қара. Ең бастысы қазір ал деген эмоцияға берілме. Себебі ол ең қымбат эмоция. Экономист бөліп төлеуді экономикалық косметикаға теңейді. Сыртынан бәрі қолжетімді сияқты. Ал ішіне үңілсең, баға өсіп жатыр. Қанша көп 0 пайыз ұсынылса, сонша көп инфляцияға қосылатын пайыз бар. Бірақ көп адам бұл туралы ойланбайды.

 

Барлық жаңалық