Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – Қазақстан экономикасының қаржылық хабы болуға тиіс еді. Алайда кейінгі кездері бұл мекеменің аты жағымды жаңалықтармен емес, офшорлық схемалармен жиі атала бастады. Тіпті вице-премьер Серік Жұманғариннің өзі «АХҚО офшор аймағына айналып кетті» деп қынжыла сөйледі. Бірақ ең маңызды сәтте салықтан жалтарған компанияның аты айтылмаған-тұғын, деп сараптайды Ozgeris.info.
Алайда көп ұзамай қаржы сарапшысы Айбар Олжай Жұманғарин айтпаған мөлтек шындықтың бетін ашты. Ол жария еткен деректерге қарағанда, мәселенің түп-төркіні – еліміздегі ең ірі құрылыс алпауыты BI Group компаниясында жатыр.
«BI Group – Қазақстанның салық жүйесін түбегейлі өзгертуге себеп болған компания. Құрылыс жобаларын жекелеген ИП-ларға бөліп, жүйелі түрде ҚҚС-тан қашып жүрді. Үкімет шыдамы таусылып, қосымша құн салығын қайта қарап, оның шегін 40 млн теңгеге дейін түсірді. BI Group элиталық үйлеріне сән-салтанат салығы енгізілетін болды. Бірақ билік қуып жеттік дегенде, BI тіпті одан да ауқымды схемаға көшіп кеткен екен», дейді Олжай.
Сарапшының мәліметінше, BI Group-тің бірнеше компаниясы АХҚО-ға тіркеліп, салықтан толықтай жалтарудың заңды жолын тапқан. 2024 жылы холдингтің таза кірісі 75 миллиард теңге болған. Қарапайым есеппен айтқанда, 20% корпоративтік табыс салығын есептесек, 18,3 млрд теңге төлеуі керек еді. Алайда BI Group бұл соманы 15,9 миллиардқа дейін төмендетіп, 2,4 миллиард теңге үнемдеген. Ал ҚҚС мүлде төленбеген. Б Жыл сайын осы жыр.
Айбар Олжайдың айтуынша, BI Group салықтан қашып жүргеніне төрт жыл болған. Тіпті бұл жағдай Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің ашуына тиген, сол себепті Үкімет Рахымбаевтың схемасын толықтай тоқтату туралы шешім қабылдаған.
«BI Group – жылына 91 миллиард теңге табыс табатын алып компания. Бірақ салық төлеуден бұлтаруды әдетке айналдырған. Ал шағын кәсіпкер әр тиынның есебін жасап, 100 теңге үшін дірілдеп отыр. Соны да әділет деп атамақ па? BI Group паразит компания. Мұндай мекемелерді АХҚО-дан қуып шығып, толық салық төлеуге міндеттеу керек. Жаңа Салық кодексі біреу үшін емес – бәрі үшін бірдей болуы тиіс», дейді Олжай.
Сарапшы пікірін әлеуметтік желіде ашық айтып, BI Group-тің боттары түні бойы пікір жазып, шабуылдағанын да жасырмайды.
«@bi.group боттары түнімен қаптап кетті. Шамамен 40 шақты. Оларға “БИбот” деген атау қоюға тура келді. Айдын Рахымбаев Тұрсын Алагөзовтың бес жылдық табысын бір жылда оңай табады. Бірақ дәл сондай табысқа қарамастан салықтан жалтарады. Бұл мемлекетке емес, өзінің қызметкерлеріне, олардың бала-шағасына жасалған опасыздық. Өз жұмысшысын жылатып, отбасын нансыз қалдыру – азаматтыққа жат қылық. Рахымбаевты тәрбиелеу керек», деп түйіндейді Айбар Олжай.
Енді не боларын…