💰 Экономика

Балаларға 1,3 триллион теңге: мемлекет қандай қолдау көрсетеді?

Балаларға 1,3 триллион теңге: мемлекет қандай қолдау көрсетеді?

Қазақстанда 6,9 миллионнан астам бала тұрады. Бұл – ел халқының үштен біріне жуығы. Сондықтан балалардың қауіпсіздігі, сапалы білім алуы, денсаулығы мен әлеуметтік қорғалуы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Кейінгі жылдары бұл салада қандай ауқымды өзгерістер болды?, деп жазады Ozgeris.info.

Үкімет дерегінше, мектептер салынып жатыр, балабақшадағы кезек қысқарып келеді, медициналық көмек қолжетімді бола түсті, әлеуметтік төлемдер көбейді. Ал балалардың болашағына қаржы жинауға мүмкіндік беретін «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қабылданған 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы осы жұмыстардың негізгі бағытын айқындайды. Үкімет бекіткен құжат 158 іс-шараны қамтиды. Оны жүзеге асыруға 1,3 триллион теңге бөлінеді. Бағдарлама білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және қауіпсіздік бағыттарын толық қамтып отыр.

Мектеп мәселесі: миллионнан астам жаңа орын ашылды

Соңғы жылдары елдегі ең өзекті мәселелердің бірі – мектеп тапшылығы болды. Әсіресе халық саны қарқынды өсіп жатқан өңірлерде үш ауысыммен оқыту қалыпты жағдайға айналған еді. Осы мәселені шешу үшін 2020 жылдан бері Қазақстанда 1 200-ден астам мектеп салынды. Нәтижесінде бір миллионнан астам жаңа оқушы орны ашылып, үш ауысымды мектептер саны төрт есеге қысқарды. Биыл тағы 53 мың орындық 96 мектеп пайдалануға беріледі.

Білім беру жүйесіндегі өзгерістер мұнымен шектелмейді. Алдағы үш жылда еліміз бойынша 1 300 мектеп жаңғыртылмақ. Оның 820-сі ауылдық жерлерде орналасқан. Тек 2025 жылдың өзінде 215 мектеп жаңартылған. Мектептерде пәндік кабинеттер, зертханалар, спорт залдары, асханалар мен қауіпсіздік жүйелері толық жаңартылып жатыр. Сонымен бірге цифрлық технологиялар енгізіліп, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған бейімделген бағдарламалар кеңейтілуде. Педагогтердің біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлінген.

Балабақша кезегі тоғыз есе қысқарды

Мектепке дейінгі білім беру саласында да айтарлықтай өзгерістер бар. Қазір ел бойынша 12 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 5,3 мыңы мемлекеттік болса, 6,6 мыңы жекеменшік балабақша. Бұл ұйымдарда бір миллионнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Қазіргі таңда 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 70,9 пайызға жетті. Ал кезекте тұрған балалар арасында бұл көрсеткіш 96 пайызды құрайды.

Балабақшаға жолдаманы әділ әрі ашық бөлу үшін ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілді. Бүгінде жоба 20 қала мен 23 ауданда жүзеге асырылуда. Оған алты мыңға жуық ұйым қатысып, 936 мыңнан астам ваучер берілген. Ең бастысы – балабақша кезегі күрт қысқарды. Егер бұрын кезекте 160 мың бала тұрса, бүгінде олардың саны 18 мыңға дейін азайған. Яғни кезек тоғыз есеге жуық қысқарды. Соңғы үш жылда мектепке дейінгі ұйымдарда 223 мың жаңа орын ашылса, 2027 жылдың соңына дейін тағы 76,5 мың орын құру жоспарланып отыр. Қазір бұл салада 104 мыңнан астам маман еңбек етеді.

Балалар денсаулығына бөлінетін қаржы екі есе өсті

Баланың денсаулығы – мемлекеттің басты назарындағы мәселе. Соңғы бес жылда ана мен бала денсаулығын қорғауға бөлінетін қаржы көлемі 264 миллиард теңгеден 585 миллиард теңгеге дейін өсті. Бұл еліміздің медициналық бюджетінің төрттен бір бөлігін құрайды. Балаларға медициналық көмек Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы тегін көрсетіледі.

Қазақстанда соңғы жылдары фетальды хирургия, яғни нәрестеге ана құрсағында операция жасау тәжірибесі енгізілді. Сонымен қатар төрт мыңға жуық медбике жұмыс істейтін патронаж жүйесі дамытылды. Соның нәтижесінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда нәресте өлімі 7,5 есе, ана өлімі 6 есе азайды.

Балалар туған сәттен бастап неонаталдық, аудиологиялық және офтальмологиялық скринингтен өтеді. Елде балалар ауруханалары жаңартылып, жаңа перинаталдық орталықтар салынуда. Онкогематология бағытындағы жоғары технологиялық медициналық көмектің ауқымы кеңейіп келеді. Әрбір мектеп алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына бекітілген. Оқу орындарында балалардың денсаулығын бақылауға арналған медициналық пункттер жұмыс істейді.

2025 жылдан бастап мектептерде тамақтанудың жаңа стандарты енгізілді. Ол балалардың жас ерекшеліктерін ескеруге бағытталған. Сонымен бірге жастар денсаулығы орталықтары мен психикалық денсаулық орталықтарының қызметі кеңейтілуде. Балалар мен ата-аналар қажет болған жағдайда осы орталықтардан кеңес пен көмек ала алады. Ал төтенше жағдайда бұрынғыдай тәулік бойы жұмыс істейтін 112 бірыңғай нөмірі көмек көрсетеді.

Балалардың денсаулығына зиян келтіретін өнімдерге қатысты да шектеулер күшейтілді. Электронды темекі мен вейптердің айналымына заң жүзінде тыйым салынды. Сондай-ақ 21 жасқа толмаған азаматтарға энергетикалық сусындар сатуға шектеу қойылды.

Әлеуметтік қолдау көлемі артты

Биыл балалары бар отбасыларға төленетін жәрдемақыларға 974 миллиард теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19,1 пайызға көп. Қаражат бала тууына байланысты төлемдерге, бала күтіміне арналған жәрдемақыларға, көпбалалы отбасылар мен ерекше күтімді қажет ететін балалары бар жанұяларды қолдауға бағытталады.

Мысалы, төртінші және одан кейінгі бала дүниеге келген жағдайда төленетін біржолғы жәрдемақы көлемі 272 мың теңгеден асты. Сонымен бірге «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне арналған қолдау шаралары жалғасуда.

Балалар үйіндегі тәрбиенің орнына отбасы үлгісіндегі қолдау жүйесіне басымдық беріліп жатыр. Осы мақсатта кәсіби қабылдаушы отбасы институты енгізілді. Арнайы дайындықтан өткен азаматтар қиын жағдайға тап болған балаларды өз қамқорлығына ала алады. Балаларды күтіп-бағуға жұмсалатын шығындар мен қабылдаушы ата-аналардың еңбекақысы мемлекет есебінен төленеді.

Сонымен қатар балалар үйіндегі тәрбиеленушілерге тәлімгер болатын азаматтарды міндетті сертификаттау енгізілді. Жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесі де жеңілдетілді. Астана мен өзге де ірі қалаларда тұрғын үй кезегіне тұру үшін бұрын талап етілетін үш жылдық тұрақты тіркеу шарты алынып тасталды. Ал тұрғылықты жері өзгерген жағдайда кезектегі бастапқы күні сақталады. Бұдан бөлек, жеңілдетілген ипотека, жалдау ақысын субсидиялау және «Мейірім» акциясы арқылы қолдау көрсетіледі.

«Ұлттық қор – балаларға»: үш жылда 2,3 млрд доллар бөлінді

Балалардың болашағына арналған ең ірі бастамалардың бірі – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы. Бұл жоба бойынша Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнайы жинақ шоттарына аударылады. Бала 18 жасқа толғанда бұл қаражатты білім алуға немесе баспана сатып алуға пайдалана алады.

Бағдарлама іске қосылған алғашқы жылы оған 6,91 миллион бала қатысып, әрқайсысының шотына 100,52 доллар аударылды. Кейін бұл сома өсіп, 2025 жылы 129,38 долларды, ал 2026 жылы 130,71 долларды құрады. Бағдарлама басталғаннан бері балалардың жинақтары инвестициялық кіріспен бірге 370,56 долларға жетті.

Үш жыл ішінде жоба аясында 2,3 миллиард доллар бөлінді. Оның ішінде кәмелет жасына толған жастардың есепшоттарына 238,5 миллион доллардан астам қаражат аударылды. Қазірдің өзінде тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған 187 мыңнан астам өтінім және білім алуға арналған 110 мыңнан астам өтінім мақұлданған.

Қауіпсіз балалық шаққа басымдық берілді

Балалардың құқықтарын қорғау мәселесі де күшейтілуде. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап еліміздің барлық мектептері мен колледждерінде «ДосболLIKE» және KiVa буллингке қарсы бағдарламалары енгізілді. Сондай-ақ балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілеріне мемлекеттік органдардың әрекет етуінің бірыңғай алгоритмі бекітілді. Барлық өңірде психологиялық қолдау орталықтары ашылды.

Бұдан бөлек, мемлекеттік бақылау жүйесі күшейтілді. Енді мектептерді тексеру кезінде тамақтану сапасы, психологиялық-педагогикалық қолдау деңгейі және ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың құқықтарының сақталуы міндетті түрде бағаланады. 2026 жылдан бастап балалар құқығын қорғау саласындағы бұзушылықтар үшін тікелей әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Буллингке көз жұму, мектеп асханаларындағы кемшіліктер немесе профилактикалық жұмыстарды жүргізбеу фактілері үшін жауапты тұлғалар заң алдында жауап береді.

Жергілікті жерлерде балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі арнайы басқармалар құрылып жатыр. Сонымен қатар қамқоршылық органдары үшін алғаш рет нақты кадрлық норматив белгіленді: әрбір бес мың балаға кемінде бір инспектордан болуы тиіс.

 

Барлық жаңалық