Қоғам

Атырауда ұйықтап жатқан әйелін 11 рет пышақтаған күйеуі сотта жылады

Атырауда ұйықтап жатқан әйелін 11 рет пышақтаған күйеуі сотта жылады

Атырауда түн ішінде баласының жанында ұйықтап жатқан мұғалім болып істеген әйелін қасақана пышақтап өлтірді деп айыпталған 63 жастағы зейнеткерге қатысты сот басталды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға биыл 16 наурызда түнгі сағат 03.30 шамасында болған. Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше Сәрсен Өтеулиев сау күйінде 58 жастағы Әлия Елеусіноваға шабуыл жасап, оның денесіне 11 рет пышақ ұрған.

Адам өлтіру бабы бойынша айыпталған зейнеткер сот барысында өз кінәсін толық мойындап, қылмыстан кейін жедел жәрдемді өзі шақырғанын айтып жылады.

Ерлі-зайыптылар 13 жыл отасып, алты баланы тәрбиелеп келген. Оның екеуі ортақ некеден туса, қалған төртеуі айыпталушының бұрынғы некесінен туған балалар. Жәбірленуші тарап марқұм мен оның күйеуі арасында бұрын-соңды қандай да бір кикілжің болғанын байқамағандарын айтып, әділ жаза тағайындауды талап етіп отыр.

«Жолдасының төрт баласы бар, өзі екі бала асырап алды. Сол алты баланы асырап келді ғой. Осы болған оқиғадан кейін шок болдық. Оған дейін дым естіген жоқпыз. Бізге білдіртпей жүрмесе», – деді жәбірленуші тараптың өкілі Мүслима Елеусінова.

Барлық жаңалық