Қоғам

21 жастағы балалар үйінің түлегі кәмелетке толған соң далада қалды

21 жастағы балалар үйінің түлегі кәмелетке толған соң далада қалды

Балалар үйінен шыққаннан кейін барар жері болмаған 21 жастағы Азат Аманбаев вокзал мен саябақтарды паналап, қазір өзі жұмыс істейтін дүкенде түнеп жүргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz.

Анасы ерте көз жұмып, маскүнем әкесінен таяқ жеп өскен жігіт 9 жасында мемлекет қамқорлығына алынған. Ол 17 жасында колледжге оқуға түсіп, оны аяқтағаннан кейін үлкен өмірге бейімделе алмай қалған. Қазір тұрақты баспанасы жоқ, тапқан табысы пәтер жалдауға жетпегендіктен несие алып қарызға батқан, тіпті жеке куәлігінен де айырылған.

«Қол қусырып отырған жоқпын, курьер де, күзетші де болдым. Қандай ауыр жұмыс болса да атқардым, бірақ тапқан табысым пәтер жалдауға жете бермейді. Балалар үйінде тамағың дайын, киімің бүтін болады, ал одан шыққан соң үлкен өмірдің табалдырығын жалғыз аттап, қоғамнан өз орныңды табу өте қиын», – деді Азат.

Жетім жігіттің айтуынша, туған үйінде көрген қорлығынан гөрі балалар үйіндегі өмірі әлдеқайда тыныш әрі қауіпсіз болған. Әкесінің ұрып-соғуының салдарынан арқасы бүкірейіп қалған ол бүгінде мүгедектігін ресми түрде растай алмай жүр. Оған қоса тұрғын үй кезегіне тұрғанымен, кейін өзінің тізімнен мүлде шығып қалғанын білген. Бұл жағдайды оған ешкім түсіндірмеген.

 

Мұндай қиындыққа тап болған тек Азат емес екенін «Gaukhar ana» қоғамдық қорының басшысы Гаухар Танашева да растап отыр. Оның сөзінше, мекемеден шыққан соң қоғамға бейімделе алмай теріс жолға түскендер немесе ешкімге керексіз болып өмірден өткендер жетерлік.

«Менің үйіме келіп жүрген бір бала өз күнін өзі көріп курьер болып жұмыс істейтін. Жүрегінде ақауы болғандықтан ол үнемі дәрігерлердің бақылауында болуы қажет еді, алайда қараусыз қалып, дер кезінде медициналық көмек ала алмаған соң ауруы асқынып өмірден өтті. Бізде баланы түлек деп шығарып салады да, одан кейінгі тағдырына ешкім алаңдамайды», – деді Гаухар Танашева.

Қазіргі таңда барар жері мен басар тауы қалмаған 21 жастағы жігіттің жалғыз арманы жылы үйде алаңсыз ұйықтау. Ол байлық пен атақ қуып жүрген жоқ, бар болғаны басында баспанасы бар қатардағы қадірлі азаматтардың қатарына қосылғысы келетінін жеткізді.

Барлық жаңалық