🌐 Әлем

Қытай шахтасындағы жарылыс 90 адамның өмірін қиды

Қытай шахтасындағы жарылыс 90 адамның өмірін қиды

Қытайдың Шаньси провинциясындағы көмір шахтасында газ жарылып, 90 кенші мерт болды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты CNBC телеарнасына сілтеме жасап.

Жұма күні кешке Циньюань ауданындағы «Liushenyu» шахтасында газ жарылып, жер астында жұмыс істеп жатқан 247 жұмысшының кемінде 90-ы көз жұмды. Бұл оқиға Қытайда соңғы 16 жылда тіркелген ең ірі әрі ең қайғылы тау-кен апаты болып отыр.

CNBC телеарнасы мен «Синьхуа» ақпарат агенттігінің мәліметінше, қазір апат орнында құтқару жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр. Циньюань ауданының төтенше жағдайларды басқару басқармасы жарылыстың нақты себебін анықтау үшін арнайы тексеріс бастады. Жергілікті билік оқиға орнына 755 маманнан құралған 7 құтқару және медициналық топты жіберді, сондай-ақ апатқа жауапты компанияның басшылары бірден қамауға алынды.

Апат болған кен орнын 2010 жылы құрылған және «Shanxi Tongzhou Coal Coking Group» холдингіне қарайтын «Shanxi Tongzhou Group Liushenyu Coal Industry» компаниясы басқарады. Бұл деректер «Qichacha» корпоративтік базасында көрсетілген. Айта кетейік, Шаньси провинциясы Қытайдағы көмір өндірісінің негізгі орталығы саналады.

Қытай Төрағасы Си Цзиньпин зардап шеккендерді емдеу мен адамдарды іздеуге барлық күшті салуды тапсырды.

Негізінде Қытай билігі 2000 жылдардың басынан бері қауіпсіздік ережелерін күшейту арқылы шахталардағы өлім көрсеткішін айтарлықтай азайтқан болатын. Бұған дейінгі ең ірі қайғылы жағдай 2009 жылы Хэйлунцзян провинциясында тіркеліп, ол кездегі газ жарылысынан 108 адам қаза тауып, 133 жұмысшы жарақат алған еді.

Барлық жаңалық