Әзербайжан астанасы Баку қаласында өткен 13-ші Дүниежүзілік қалалық форумда (WUF13) қазақстандық «Жаңа адамдар» қозғалысының өкілдері Каспий теңізін сақтау мәселесін көтерді. Қалалардың болашағы мен тұрақты дамуға арналған бұл халықаралық жиынға әлемнің 182 елінен сарапшылар, үкімет және азаматтық қоғам өкілдері қатысты деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Каспий тағдыры «Climate Resilient Cities and Communities across the Caspian Region» атты экологиялық сессияда талқыланды. AntiTrash азаматтық науқанының белсенділері қоғамның назарын адамның қоршаған ортаға деген жеке жауапкершілігіне аударды.
Бұған дейін қозғалыс өкілдері Ақтау қаласында экологиялық бастамалар өткізіп, Каспий маңы мемлекеттеріне үндеу жасаған болатын. Жалпы, теңізді сақтау мәселесін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та халықаралық алаңдарда бірнеше рет көтерген еді.
Әлем қауымдастығының назарын аудару мақсатында белсенділер форум алаңында арнайы көркем бейне ұсынды. Теңіз толқынына ұқсас көйлек Каспий экожүйесінің символы ретінде көрсетілді. Киім дизайны теңіз деңгейінің төмендеуі мен биоалуантүрліліктің азаюын бейнелесе, ондағы «Save the Caspian Sea» жазуы экологиялық апаттың алдын алуға бағытталған көрнекі белгі болды.
«Жаңа адамдар» қозғалысының өкілі Бауыржан Аманов бұл мәселенің барлық Каспий маңы елдеріне ортақ екенін атап өтті:
«Біз Каспий тағдырына бейжай қарамайтын жандарға — жастарға, азаматтық қоғамға, Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Түрікменстан және Иранға — теңіз біріктіретін барлық елдерге үндеу жасаймыз. Каспий тағдыры әрқайсымызға қатысты. Бұл — болашақ ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік».