Қоғам

Тау, өнер және муралдар, Еуропаның басты телеарнасы Алматыны әлемге қалай таныстырды

Тау, өнер және муралдар, Еуропаның басты телеарнасы Алматыны әлемге қалай таныстырды

Алматы қаласы табиғаты мен заманауи мәдениеті ұштасқан бірегей мекен ретінде Euronews телеарнасының «Modern Nomad» бағдарламасында көрсетілді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.

«Медиа дамыту қорымен» бірлесе түсірілген шығарылымда шаһардың таулы пейзаждары, тарихи сәулеті мен жаңа өнер кеңістіктері таныстырылды.

Қалалық әкімдіктің мәліметіне қарағанда, 2025 жылы мегаполиске 2,5 млн адам келген, оның 754 мыңы – шетелдік саяхатшылар. Орталықтан небәрі жарты сағаттық жерде орналасқан Медеу мұз айдыны мен 842 баспалдақтан тұратын «Денсаулық жолы» туристер көп баратын басты орындардың қатарында. Сонымен қатар қаладан 200 метр биіктегі Көктөбеге аспалы жолмен небәрі алты минутта жетіп, панорамалық көріністі тамашалауға болады, мұнда The Beatles тобының танымал ескерткіші де орналасқан.

«Мен тауды қатты жақсы көремін. Германияда да таулар бар, бірақ олар мұндағыдай емес», – деді Қазақстаннан 1991 жылы көшіп кетсе де, туған жеріне жиі оралатын Юлия Воттшаль.

Өткен жылдың қыркүйегінде ашылған Almaty Museum of Arts заманауи өнер мұражайында 700-ден астам туынды, соның ішінде жапон суретшісі Яёи Кусаманың айналы бөлмелері мен америкалық мүсінші Ричард Серраның монументалды болат инсталляциясы қойылған.

«Ричард Серраның туындысы ер адамдар арасында өте танымал болғанына таңғалдым. Оларды осыншама ауыр құрылымның мұражай ішіне қалай орнатылғаны қатты қызықтырады», – деді мұражайдың көрме жобаларын үйлестірушісі Даяна Вафина.

Алматының тағы бір ерекшелігі ретінде 19 ғасырдағы тарихи ғимараттар мен заманауи стрит-арттың үйлесімі аталды. Шаһар көшелеріндегі «Ван Гог», «Петроглифті қыз» және «Алма атасы» сияқты муралдар қала келбетіне жаңа дем беріп тұр.

«Олар шынымен де Алматыны ерекше етіп, қаланың атмосферасын қалыптастырады. Уақыт өте келе бұл жеке туристік көрнекілікке айналуы мүмкін, өйткені көше өнеріне деген қызығушылық бүкіл әлемде бар», – деді заңгер әрі фотограф Ален Шаяхметов.

Жұмсақ климатының арқасында Алматыда туристік маусым сегіз айға дейін жалғасады.  

Барлық жаңалық