Қоғам

Ақтауда отадан кейін көз жұмған экс-депутаттың өліміне қатысты клиника мәлімдеме жасады

Ақтауда отадан кейін көз жұмған экс-депутаттың өліміне қатысты клиника мәлімдеме жасады

Ақтаудағы жекеменшік клиникада липосакция отасынан кейін комаға түсіп, көз жұмған Маңғыстау облыстық мәслихатының экс-депутаты Ербол Айтуовтың өліміне қатысты медициналық мекеме басшылығы ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.

49 жастағы экс-депутат әрі KazPetroDrilling компаниясының өңірдегі вице-президенті 4 сәуір күні «Қасиет» клиникасына липосакция жасатуға барған. Марқұмның әйелі Лаура Айтуованың сөзіне қарағанда, наркоздан кейін күйеуінің қан қысымы мен қант мөлшері күрт көтеріліп, бірден комаға түскен.

Науқас дереу облыстық ауруханаға жеткізілгенімен, сол күйі есін жимастан бір айдан соң қайтыс болды. Аталған қайғылы жағдайдан кейін әлеуметтік желіде түрлі алып-қашпа әңгімелер тарап, оған қатысты «Қасиет» клиникасының бас дәрігері Артур Тәжиев ресми жауап берді.

«Желіде тарап жатқан жалған әрі қарама-қайшы ақпараттарға байланысты айыпталып отырған дәрігердің бұл отаға еш қатысы жоқ екенін мәлімдейміз. Осы тұста Ербол Айтуовтың отбасы мен жақындарына орны толмас қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Сондай-ақ клиниканың лицензиясы жоқ деген сөздер де шындыққа жанаспайды, мекеме 2015 жылдың 31 шілдесінде берілген № 00650DE лицензиясы негізінде анестезиология мен реаниматологияны қоса алғанда толық заңды жұмыс істейді. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің тексерісі аяқталуына орай БАҚ өкілдерінен, парақша әкімшілері мен желі қолданушыларынан халықты шатастыратын және медицина мамандарының іскерлік беделіне нұқсан келтіретін тексерілмеген ақпараттарды таратпауды сұраймыз. Жеке және заңды тұлғалардың қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқандар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз, ал қажет болған жағдайда барлық фактілер заңмен белгіленген тәртіпте құжатпен расталуы мүмкін», – деп жазды «Қасиет» клиникасының бас дәрігері.

Барлық жаңалық