Денсаулық

Әр он бірінші адам қант диабетімен күресіп жүр: Инсулинге қол жеткізу неге қиын?

Қазақстанда әрбір он бірінші адам қант диабетіне шалдыққан. Мыңдаған отбасы күнделікті өмір үшін жанталасып келеді. 2026 жылдан бастап емдеу тікелей бюджеттен қаржыландырылмай, МӘМС жүйесіне өтеді. Ал кәмелетке толған азаматтар мүгедектік мәртебесінен айырылған кезде инсулинге қалай қол жеткізе алады? Неге бұл мәселе ақсап тұр? Мемлекеттің шарасыздығы неге әкелуі мүмкін?  Бұл материалда Ozgeris.info тілшісі еліміздің шынайы ахуалына сарапшының пікіріне сүйеніп саралап көрді. 

Келесі жылдан бастап қант диабетімен ауыратын науқастарды мемлекеттік бюджеттен тікелей қаржыландыру тоқтайды. Енді емдеу шығындары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы төленетін болады. Мұндай шешім әлеуметтік желілерде наразылық туғызды. 

Қазақстандықтар «адамдарды қолдаусыз қалдырмауды» сұрайды. 

Бүгінде елде әрбір он бірінші адам диабетпен өмір сүреді. Ауру жас таңдамайды, біреуге бала кезінен диагноз қойылады, басқалары ересек кезінде тап болады. Алайда олардың мақсаты бір - қандағы қант деңгейін тұрақты бақылау.

«Егер қант күрт төмендеп кетсе, ештеңе істей алмайсың. Сақтану керек, өзіңмен бірге кәмпит алып жүруің керек. Бұл 100% міндет. Ал егер қант көтерілсе, тағы да сақтану керек, инсулин алып жүруің қажет», – дейді бес жасынан бастап диабетке шалдыққан Таир Носенко.

2014–2017 жылдары Қазақстанда дәрігерлер мен ғалымдар жүргізген ауқымды когорттық зерттеу нәтижесі бойынша халықтың 6,8–8,2%-ы қант диабетінің екінші түрімен өмір сүреді екен. 

«Яғни, бұл жаппай таралған дерт. Ол көптеген асқынулармен, өкінішке қарай, өлім-жітімнің жоғары деңгейімен сипатталады және үлкен қаржылық-экономикалық шығындарға әкеледі», - дейді маман Руслан Закиев. 

Бүгінде елімізде 532 мың диабетпен ауыратын адам бар. Қант диабеті – әлеуметтік маңызы зор ауру.

Дәрігерлердің пікірінше, егер қантты бақылап, инсулин мен қажетті препараттар, шығын материалдары толық болса, ұзақ әрі сапалы өмір сүруге болады. 

«Ал дәрі-дәрмек пен тест-жолақтарда үзіліс болса, бұл қант диабеті бар адам үшін ауыр азапты өлімге әкелуі мүмкін», – деп түсіндіреді.

Денсаулық сақтау министрлігі жаңашылдықты әлеуметтік қорғауды күшейтудің бір жолы екенін алға тартып отыр. 

«Қаржыландыру тұрақтырақ болады, қызметтер ауқымы кеңейеді, заманауи әдістер қолжетімді болады», – дейді ведомствода. 

Қағаз жүзінде бәрі әдемі көрінеді. Мысалы, бірыңғай пакет, халықты барынша қамту, мемлекеттік бақылау. Бірақ диабетпен ауыратындар мен олардың отбасылары үшін шешілмеген сұрақтар көп. Олар үшін мемлекет тарапынан қолдаудың үздіксіз болуы маңызды. Өйткені дертпен өз бетімен күресу мүмкін емес. Қант диабеті – тым күрделі әрі қауіпті ауру түрі. 

Мамандардың пікрінше, қант диабетін тегін кепілдік берілген көмек пакетінен міндетті сақтандыру пакетіне көшіру мәжбүрлі шара. 

«Себебі науқастардың саны көп. Мемлекет оларға дәрі-дәрмек пен кеңес-диагностикалық қызметті тегін береді. Бірақ диабет тек медициналық мәселе емес, ол мемлекеттік, салааралық мәселе», – дейді.

Сарапшылардың айтуынша, 18 жасқа дейін бірінші тип диабетімен ауыратын балалар автоматты түрде мүгедектік алады. Ал 18-ге толғанда ол статусынан айырылады. Сол кезде инсулинге қол жеткізу қиындай түсуі мүмін. Салдарынан науқастар уақыт жоғалтады. 

Бірінші типтегі диабетпен өмір сүретіндер үшін инсулин – тіршілік көзі. 

«Мен күніне 7 бірлік инсулин саламын. Сол 7 бірлікке 70 грамм көмірсу жей аламын. 10 грамм көмірсу – бір шай қасық қант, 20 грамм нан, 60 грамм балмұздақ, 100 мл шырын. Осылай әр қасығыңды өлшеп, есептеп жүресің», – дейді Таир Носенко.

 

«Мұндай балаларға ерекше жағдай жасау керек. Ол үшін балабақшадағы тәрбиешілерді, күтушілерді, мектеп медбикесі мен мұғалімдерді оқыту қажет. Себебі қант диабеті өлімге әкелетін ауру. Мысалы, гипогликемия кезінде бала құлап қалуы мүмкін. Уақытында көмек көрсетілмесе, бітті. Сондықтан мектептер мен балабақшалар мұндай балалардан бас тартады. Ал бұл әлеуметтік маңызы бар мәселе емес пе?» – дейді ҚР бас эндокринологы Жанай Ақанов. 

Диабет асқынып кетсе, жантүршігіерлік салдарға әкеледі. Ол кезде көздің көру қабілеті бұзылып, бүйрек зақымданып, жүрек-қан тамыр аурулары, инсульт, инфаркт қаупі жоғары. 

«Қазақстандағы диабет қауымдастығының дерегі бойынша, күн сайын төрт адамға жоғары ампутация жасалады, яғни аяқтың тізеден жоғары бөлігі кесіледі. Көрмейтін қазақстандықтардың үштен бірі – диабет салдарынан. Диализдегі адамдардың жартысына жуығы да – диабетиктер», - дейді Руслан Закиев. 

Бірінші типтегі диабетпен ауыратындар үшін қызмет саласы да шектелген. Құқық қорғау, күштік құрылымдар, ауыр өндіріс, тіпті хореографиялық училищелердің 90%-ында да бұл диагнозбен қабылдамайды екен. 

«Яғни мемлекет бізге “мұнда жұмыс істей алмайсың” дейді де, бірақ “салық төлеуің керек” дейді. Бұл әділдік пе?» – дейді ата-аналар.

Сарапшылардың есебінше, 10 жыл бұрын диабетпен ауыратын адамдардың саны 250 мың  болған, ал қазір 535 мыңға жетіп отыр.  2030 жылға қарай 900 мыңға жетуі мүмкін. 

Таир Носенко жақында кәмелетке толады. Ол бірінші типтегі диабетке шалдыққан. Сонықтан мүгедектік санатынан айырылып қалатынына қорқады. 

«Біздің диагнозымыз жеңілдік санатында қалсын, балалар 18-ден кейін де мүгедектік алсын. Себебі диабетпен ауырмаған адам диабетиктің жағдайын түсінбейді», – дейді ана. 

Мамандардың айтуынша, Қазақстан посткеңестік кеңістікте қант диабетіне жүйелі көмек көрсету вертикалі жоқ жалғыз ел.

 «Біздің заңдарымызды өзіміз қабылдаймыз. Жағдай өзгерсе, заң да өзгеруі керек. Бір қолымызбен “пациентке бағдарланған жүйе” деп, екінші қолымызбен сол пациенттің өмір сүру мүмкіндігін шектейтін бұйрықтарға қол қоямыз. Бұл ақылға қонымсыз» – дейді сарапшы.

Қазір қабылданып жатқан жаңа заңдар салдарынан 1500-ге жуық бірінші типтегі диабетпен ауыратын адамның өміріне қауіп төніп тұр. 

Барлық жаңалық