Жас кәсіпкер бидайды үйінде өсіре бастаған. Ол бидайдың жасыл желегін гидропоника технологиясы бойынша, яғни топырақсыз жасанды ортада өсіретінін айтады.
— Бұл ісімді мен пандемия кезінде алғаш рет қолға алдым. Менің бағытым — жаңа, көпшілік әлі білмейді, бірақ осы идеямды ілгерілетуге барлық күш-жігерімді салып жүрмін. Алдымен отбасым мен таныстарым үшін ғана бидайды үйде өсіре бастадым, мен өндірген шырынды ішіп көргендер жылы сөздерін жеткізді, өзім де ішіп, денсаулығымдағы оң өзгерістерді байқадым. Мен бидайдың жасыл желегін гидропоника технологиясы бойынша өсіремін. Бидай 10-15 сантиметрге дейін өседі, бұл — өсіндінің пайдалы витаминдер мен минералдарға бай ең жақсы кезі. Содан соң өнген өсінділерді қиып алып, шырын сыққышпен сығамын. Дайын шырын қарқынды мұздату камерасында сақтаймын. Мұндай технологияда шырынның құнары 97 пайызға дейін өз бойында сақталады. Содан кейін ғана кәдімгі мұздатқыш камерада сақтауға болады. Витграссты тұтынар алдында ғана еріткен жөн, оның пайдасы өте көп, — дейді Аида.
Жас кәсіпкердің айтуынша, жасыл шырын, яғни витграсс 400-ден астам тірі фермент пен адамға қажетті 95 микро және макро элементке, амин қышқылдарына, витаминдерге бай. Витграсс көрші Ресейде кеңінен танымал, сондай-ақ елімізде Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында да өндіріледі.— Ақтөбе облысында мұндай өндіріс жоқ. Әзірге өзім осы кәсіпті әрі қарай дамыту жолында ізденіп жатырмын. Менің ендігі арманым — бидай өсіндісінен шырын алатын цех өндірісін құру, бүкіл Батыс Қазақстан аймағын жасыл шырынмен қамтамасыз ету, — дейді Аида.
Жас кәсіпкер бүгінгі күні шырын өндірумен қатар таза бидайдан нан пісіру ісін қолға алыпты. Ол бұл кәсіпті өткен жылы бастаған. Қазір ол Қостанай облысынан және Ақтөбе облысының Қарғалы ауданынан бидай сатып алып, оны өсіріп, оның өсіндісінен қамыр жасап, ұнсыз, ашытқысыз нан пісіреді.— Біздің өнімнің ең басты артықшылығы — нанды еш қоспасыз ұнсыз, ашытқысыз пісіреміз. Бүгінгі күні мұндай нан өнімдері елімізде үлкен сұранысқа ие. Мен бұл істі франшиза ретінде қолға алған болатынмын. «Бионан» аталатын біздің өнімдеріміз бүгінде еліміздің бірқатар өңірлерінде кеңінен танымал. Қазір біздің наубайханада 6 адам жұмыс істейді. Күніне 250-320 дана нан пісіреміз. Өнімдеріміз қаладағы «Анвар» сауда желісінде сатылады. Бағасына келсек, бидайдан жасалған нан бағасы — 350, ал қарақұмықтан жасаған нан бағасы — 600 теңге, — дейді кәсіпкер.
Білгеніміздей, өнген бидайдан жасалған нанның денсаулыққа пайдасы мол екен. Ол табиғи дәрумендерге бай. Нанның құрамында бидай, бал, су, тұз және күнбағыс дәні бар.
— Бұл нан ұннан жасалған нанға қарағанда әлдеқайда пайдалы және құнарлы. Бұл өнім артық салмақтан арылуға көмектеседі, гемоглабинді көбейтеді, ағзадағы артық токсиндерді шығарады. Құрамында микроэлементтер, В, Е, РР дәрумендері бар, — дейді кәсіпкер.Айта кету керек, Аида Нұрымова — жеке кәсіпкер ғана емес, отбасында аяулы ана, асыл жар. Ол бала күтімімен қатар аталған кәсіпті дамытуға барын салып, еңбек етіп жүр. Жас болса да елімізде аса танымал емес кәсіп түрін қолға алған оның алға қойған мақсаты айқын, жоспары көп. Талабы таудай жасқа біз тек сәттілік тілейміз.
Данагүл ҚАЗИХАН,
"ozgeris.info".