Кейде жалақы өскендей, төлем көбейгендей көрінеді. Картадағы сандар да бұрынғыдан ірі. Бірақ күнделікті өмір жеңілдеп кеткендей әсер жоқ. Баға өсіп тұр, кезек азайған жоқ, көңілде бір мазасыздық бар. Экономистер мұның себебін ақшаның өзінен емес, басқа жерден іздейді, деп жазады Ozgeris.info.
Экономист Руслан Сұлтанов қоғамда жиі кездесетін бір қателікке назар аударады. Оның айтуынша, біз көбіне ақшаны байлықтың өзі деп қабылдаймыз. Ақша көбейсе, ел байыды деп ойлаймыз. Бірақ шын мәнінде ақша байлық емес. Ол тек айырбасқа арналған құрал ғана. Ақша өздігінен ештеңе өндірмейді, үй салмайды, адамды емдемейді, қызметтің сапасын арттырмайды. Ол тек бұрын жасалған дүниені бөлісуге көмектеседі.
«Бұл қате ойдың қалыптасуы да түсінікті. Ақша көзге көрінеді. Оны санауға болады, салыстыруға болады, қолға ұстауға немесе картадан көруге болады. Ал нағыз әл-ауқаттың негізі көзге бірден түсе бермейді. Ол еңбек, дағды, ұйымдастыру, технология, адамдар арасындағы сенім. Мұның бәрін өлшеу қиын. Психологиялық тұрғыдан купюраны санау әлдеқайда жеңіл. Қоғам тек ақша санына ғана мән бере бастағанда, теңгерім бұзылады. Ақша көбейеді, бірақ тауар мен қызмет көбеймейді. Сол кезде бірдей заттар бұрынғыдан көп ақшаның соңынан қуады. Нәтижесі таныс. Баға өседі, ал байып кеткендей сезім пайда болмайды. Қағаз жүзінде табыс бар, ал шын өмірде сатып алу мүмкіндігі бұрынғыда», дейді экономист.
Мұндай жағдайдың экономикалық салдары да айқын. Ақша көбейіп, нақты өндіріс өспесе, қоғам байымайды. Тек қысым біреуден екіншісіне ауысады. Біреу ертерек жұмсап үлгереді, біреу кешігіп қалады. Ал жалпы есепте ұтқан ешкім жоқ.
Руслан Сұлтановтың ойынша, қоғамның байлығы ақшадан емес, оның артындағы мазмұннан басталады. Ол адамдардың жұмыс істей алуынан, пайдалы дүние жасай білуінен, процестерді дұрыс ұйымдастырудан, бір-біріне сенуден құралады. Ақша қажет, бірақ ол тек есептегіш қана. Егер есептегіш жылдам айналып, ал нақты жұмыс орнында өзгеріс болмаса, байлық сезімі де келмейді.
Қарапайым тілмен айтқанда, ақша көп болуы мүмкін. Бірақ егер ол нақты еңбекпен, өніммен, сапалы қызметпен бекітілмесе, қоғам өзін бай сезінбейді. Сондықтан байлықты ақша көлемімен емес, оның неге айналып жатқанымен өлшеу маңызды.
Инфляциялық салықтың да қатысы бар. Ол бір күнде соқпайды, айқайлап келмейді. Адам оны жалақысы өскенде де, зейнетақысы көбейгенде де бірден сезбейді. Бірақ уақыт өте келе сол ақшаның бұрынғыдай жетпей қалғанын байқайды. Кеше алған себетің бүгін сол күйінде қымбат. Ертең тіпті азаяды. Ал айырмашылықты ешкім ашық айтып жатқан жоқ.
Инфляциялық салық ең алдымен ақшасын қозғалтпай ұстап отырған адамға әсер етеді. Қолма қол ақшада жатқан қаржы да, жай есепшоттағы жинақ та жыл сайын үнсіз арзандай береді. Ешкім одан рұқсат сұрамайды. Ешқандай келісімге қол қойылмайды. Бірақ сатып алу мүмкіндігі біртіндеп кемиді. Осы тұрғыдан алғанда, инфляция бай мен кедейдің арасын емес, қаржысын қалай ұстайтынын ажыратады.
«Мұндай жағдайда адамдардың мінез құлқы өзгере бастайды. Ақшаға сенім азаяды. Жинап ұстау мағынасыз көрінеді. Соның салдарынан халық тез жұмсауға, тауар алуға, жылжымайтын мүлікке, техникаға, валютаға қашуға тырысады. Ақша құрал болудан қалып, «қолда тұрса болды» деген психологияға көшеді. Бұл өз кезегінде инфляцияны одан әрі үдетеді. Компаниялар да бұл процеске бейжай қарай алмайды. Шығын өскен сайын олар бағаны көтереді. Себебі басқа амалы жоқ. Ал баға көтерілген сайын инфляциялық салық қайтадан халықтың мойнына түседі. Осылайша тұйық шеңбер қалыптасады. Ақша көбейеді, бірақ құны азаяды. Табыс өседі, бірақ тұрмыс жеңілдемейд», дейді Р. Сұлтанов.
Мемлекет үшін бұл процесс сырттай ыңғайлы көрінуі мүмкін. Себебі инфляция арқылы қарыздың салмағы жеңілдейді, бюджетке түсетін номиналды кіріс артады. Бірақ ұзақ мерзімде бұл сенімге соққы береді. Ақшаға сенбеген қоғам жоспар құра алмайды, ертеңге инвестиция жасамайды, тек бүгінмен өмір сүруге көшеді.
Сондықтан инфляциялық салықты түсіну маңызды. Бұл жай ғана статистика емес, бұл әр адамның қалтасына әсер ететін нақты құбылыс. Ол көрінбейді, бірақ сезіледі. Оны азайтудың жолы да бір ғана. Ақшаның артында нақты өндіріс, өнім, еңбек және тиімділік тұруы керек. Әйтпесе ақша көбейгенімен, қоғам байымайды.