Қазақстанда кейінгі күндері ақшаға қатысты үш үлкен мәселе қатар талқыланып жатыр. Бірі қызметкерлер алатын он үшінші жалақы болса, екіншісі алдағы жылдарға арналған инфляция мен экономикалық болжам, ал үшіншісі – несиеге деген сұраныстың қалай өзгергені туралы мәлімет. Әрқайсысы өз саласына қатысты маңызды түсінік беріп, халықты алаңдатқан сұрақтарға жауап берді, деп жазады Ozgeris.onfo.
Он үшінші жалақы кімге бұйырады?
Жыл соңында адамдардың көкейінде жиі бір сұрақ тұрады. Осы он үшінші жалақы деген кімге беріледі? Қандай жағдайда төленеді? Бұл төлем міндетті ме, әлде ұйымның ішкі шешіміне қарай ма? Осы сұрақтарға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсінік берді. Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Мейрамбек Ахметов бұл мәселені кеңінен түсіндірді.
Ахметовтың айтуынша, сыйақы мен ынталандыру төлемінің қалай және қашан берілетіні еңбек шарты немесе ұжымдық келісім арқылы алдын ала жазылуы керек. Яғни, егер құжатта қарастырылса, қызметкер оны күтуге толық құқылы. Бірақ құжатта жазылмаған болса да, сыйақы сұрауға ешкім тыйым салмайды.
Осы тұста Ахметов ұзақ түсіндірме жасады. Ол бұл мәселенің неге ел ішінде дау тудыратынын, жұмыс берушінің қандай жағдайда төлем жасай алмайтынын егжей-тегжейлі айтты.
«Қызметкер сыйақы немесе он үшінші жалақы төлеуді сұрай алады. Бұл оның талабына ешкім шектеу қоя алмайды. Адам жыл соңында, мереке алдында немесе маңызды кезеңде басшылықтан қосымша қолдау күтеді. Бірақ жұмыс берушінің оны орындауға міндеті жоқ. Себебі ұйымның қаржылық мүмкіндігі әрқашан бірдей болмайды. Бір кәсіпорында жоспарланған қаражат бар, ал енді бірінде ондай ақша қарастырылмаған. Кейде бюджетте сыйақыға арналған бір тиын да болмайды. Кейде мүлде арнайы шығыс бабы жоқ. Осы себептен жұмыс беруші қызметкердің сұрауын орындай алмайтын жағдай жиі кездеседі. Сондықтан бізде көптеген еңбек дауы осы сыйақы төлеу мәселесінен туындайды. Қызметкер сұрайды, ал жұмыс беруші бере алмайды. Екі тарап түсінісе алмай, соңы дауға айналады», дейді М. Ахметов.
Ахметовтің айтуынша, еңбек дауының басым бөлігі дәл осындай жағдайда шығады. Жыл соңында жұрт сыйақы сұрайды, ал кәсіпорынның оған шамасы жетпейді. Бұл жағдай барлық салаларда бар.
Брифинг кезінде мемлекеттік бюджеттен қаржыланатын мекеме қызметкерлеріне сыйақы беріле ме деген сұрақ та қойылды. Ахметов бұл сұраққа нақты жауап берді. Мұндай ұйымдарда сыйақы төлеуге мүмкіндік бар, бірақ ол тек үнемделген қаражат болған кезде ғана қарастырылады. Үкіметтің арнайы қаулысы бар. Сол құжатта кімге және не мақсатпен сыйақы беруге болатыны, үнемнің қандай шығыс бабы есебінен жиналатыны анық жазылған. Егер үнем болса, ұйым басшысы сыйақы төлеу туралы шешім қабылдай алады. Оның көлемі әр ұйымның өз тәртібімен белгіленеді. Ал үнем болмаса, сыйақы да болмайды.
Жалпы, алғанда он үшінші жалақы міндетті төлем емес. Ол тек еңбек шартында немесе ұжымдық келісімде көрсетілген жағдайда беріледі. Ал құжатта жазылмаған болса, қызметкер сұрай алады, бірақ төлеу төлеу ұйымның өз жағдайына қарай шешіледі.
Инфляция бәсеңдей ме?
Ұлттық банк макроэкономикаға қатысты жаңа сауалнама нәтижесін жариялады. Бұл жолы сарапшылар мұнай бағасы, ішкі жалпы өнімнің өсімі, инфляция деңгейі, базалық мөлшерлеме және теңге бағамы туралы өз пікірін білдірген. Осы бағалаулар арқылы нарықтың жалпы бағытын байқауға болады.
Алдымен мұнай бағасына тоқталсақ. Сарапшылар Brent маркалы мұнайдың құны алдағы жылдары сәл төмендейді деп болжайды. Олардың айтуынша, бір баррель мұнайдың орташа бағасы 2025 жылы 68 доллар 7 цент, 2026 жылы 63 доллар 8 цент, ал 2027 жылы 64 доллар 1 цент шамасында болады. Соған қарамастан экономика өсімі бойынша көзқарас жақсарған. Жаңа болжамдар соны көрсетеді. 2025 жылы ішкі жалпы өнім 5,9 пайыз болады деп күтіледі. Бұрынғы болжам 5,6 пайыз еді. 2026 жылы өсім 4,9 пайыз, алдыңғы көрсеткіш 4,8 пайыз болған. 2027 жылы өсім 5 пайыз болады деп ойлайды. Бұрын бұл көрсеткіш те 4,8 пайыз деңгейінде тұрған.
Инфляцияға келсек, сарапшылардың бағалауында үлкен өзгеріс жоқ. 2025 жылдың соңына қарай инфляция 12,3 пайыз болады деп болжанды. 2026 жылға арналған болжам 10 пайыз, 2027 жылы 7 пайыз көлемінде сақталады деген ой бар.
Базалық мөлшерлемеге қатысты пікір қатаңдау. Сарапшылар мөлшерлеме қазіргі деңгейден төмен түспейді, тіпті сәл жоғары болуы мүмкін деп бағалап отыр. Жаңа күтілімдер мынадай.
· 2025 жылы 18 пайыз (бұрын 16,6 пайыз)
· 2026 жылы 16 пайыз (бұрын 14,8 пайыз)
· 2027 жылы 13 пайыз (бұрын 12 пайыз)
Сауалнамаға барлығы 14 ұйым қатысқан. Олардың ішінде қаржы нарығының кәсіби қатысушылары, зерттеу орталықтары, халықаралық ұйымдар және рейтингтік агенттіктер бар.
Тұтынушылық несие азайды ма?
Ұлттық банктің Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Көбенбаев 2025 жылдың үшінші тоқсанындағы кредиттеу динамикасы туралы негізгі тұжырымдарды жариялады. Жауаптарға қарағанда, ірі бизнес қайта жанданып келеді, ал бөлшек сегментте автокредитке деген қызығушылық айтарлықтай артқан.
Алдымен ірі бизнес туралы айтайық. Ұлттық банк дерегіне сенсек, 2025 жылдың үшінші тоқсанында бизнес тарапынан несиеге деген жалпы сұраныс көбейген. Бұл өсімге негізінен ірі кәсіпорындар әсер етіп отыр. Ірі бизнес беретін өтінімнің саны бір тоқсанда 19 пайыз өсіп, 237 өтінімге жеткен. Бірақ бір өтінімнің орташа көлемі 12 миллиард 1 миллион теңгеге дейін азайған. Бұл алдыңғы тоқсанға қарағанда 6 пайыз төмен. Сарапшылар бұл өзгерісті экономикалық белсенділіктің қайта көтерілуімен және ірі банктерге түсетін өтінім санының артуымен байланыстырады. Кей банктер шетел валютасындағы несиеге деген сұраныстың көбейгенін де байқаған.
Орта бизнес бағыты тұрақты. Бұл сегментте өзгеріс жоқ. Шағын бизнесте қалыпты өсім бар. Шағын бизнес тарапынан 999 мың өтінім түскен. Бұл 10 пайыз өсім деген сөз. Өтінімнің орташа көлемі 27 миллион 7 жүз мың теңгеге дейін төмендеген. Бұл 9 пайызға азайған көрсеткіш. Орта бизнес өтінімінің саны 5 мың 3 жүз көлемінде сақталған. Мақұлдау деңгейіне келсек, ірі бизнес өтінімдерінің 53 пайызы расталған. Бұл алдыңғы тоқсанға қарағанда 3 тармаққа төмен. Орта бизнес 36 пайыз көрсетіп отыр. Бұл 4 тармаққа жоғарлағанын білдіреді. Шағын бизнес те 36 пайыз деңгейінде. Бұл 3 тармақ өсім.
Банк секторы төртінші тоқсанда сұраныс осы деңгейде сақталады деп күтеді. Бірақ мөлшерлемелердің өсіп кетуіне байланысты кей талаптың қатаюы мүмкін.
Үшінші тоқсанда бөлшек несие сегментінде аралас динамика байқалды. Ипотекада белсенділіктің бәсеңдеуі жылдық тиімді мөлшерлемені 25 пайыздан 20 пайызға түсіру нормасының уақытша тоқтауымен байланысты. Соның өзінде ипотекалық өтінім саны 288 мыңға жеткен. Бұл 19 пайыз өсім. Орташа несие көлемі 21 миллион теңгеге дейін көтерілген. Бұл 21 пайыз өсім. Бірақ банктер ипотекалық өнімдердің шартын қайта қарауға мәжбүр болған. Мақұлдау деңгейі 23 пайызға дейін түскен.
Кепілмен берілетін тұтынушылық несие бойынша жағдай өзгеше. Өтінім саны 94 мыңға жетті. Бұл бір тоқсанда 94 пайыз өсім. Бірақ орташа көлем 12 миллион теңгеге дейін түсіп, 21 пайыз азайған. Мақұлдау деңгейі де төмен. Қазір 22 пайыз. Бұл алдыңғы тоқсанға қарағанда 23 тармақ төмен көрсеткіш. Сарапшылар бұл өсімді орта банктер енгізген жаңа цифрлық сервистермен байланыстырады.
Кепілсіз тұтынушылық несиеге келсек, сұраныс алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда өзгермеген. Реттеушінің енгізген жаңа талаптары да әсерін тигізген. Мерзім 5 жылға дейін қысқартылды. Жас шектеулері енгізілді. 21 жасқа дейінгі және 55 жастан асқан тұлғаларға шектеу бар. Несие тарихы жоқ адамдар банкке келіп рәсімдеуі керек. Нәтижесінде өтінім саны 17 миллион 2 жүз мыңға дейін түсіп, 6 пайыз азайған. Орташа көлем 1 миллион 5 жүз мың теңгеге дейін көтерілген. Бұл 7 пайыз өсім. Мақұлдау деңгейі 32 пайыз деңгейінде.
Автокредит бағыты әлі де белсенді. Автосалондар ұсынатын субсидия бағдарламалары әсер етіп отыр. Өтінім саны 1 миллион 52 мың көлемінде өзгеріссіз қалған. Орташа несие көлемі 6 миллион 9 жүз мың теңгеге дейін түсіп, 5 пайыз төмендеген. Мақұлдау деңгейі 17 пайыз. Бұл 2 тармақ төмен.
Банк секторының болжамынша, төртінші тоқсанда ипотека, автокредит және кепілсіз несиеге сұраныс сәл азаяды. Ал кепілмен берілетін тұтынушылық несиеге сұраныс өзгермейді.
Бұл кредиттік шолу 21 банк қатысқан сауалнама негізінде жасалды. Ұлттық банк бұл жұмысты әр тоқсан сайын өткізеді. Мақсат несие нарығында сұраныс пен ұсыныстың қалай өзгеріп жатқанын бағалау.