📰 Сарапшылар пікірі

Анекдотпен айтылған экономика: Алмас Чукин алдағы қыс туралы не деді?

Анекдотпен айтылған экономика: Алмас Чукин алдағы қыс туралы не деді?

Экономика туралы сөз қозғалғанда көп адам оны тым ауыр, түсініксіз тақырып деп қабылдайды. Бірақ Алмас Чукин үшін күрделі ойды қарапайым жеткізудің ең тиімді жолы – қысқа әзіл. Өйткені сәтті айтылған анекдоттың ішінде шындық жатады. Кейде сол шындық ондаған бет талдаудан да тереңірек ой салып кетеді, деп жазады Ozgeris.info. 

Алмас Чукин анекдот сөзінің төркініне де тоқталып өтеді. Бұл сөз грек тілінде алғаш «жасырылған» деген мағынада пайда болған. Кейін уақыт өте келе «адам өмірінен алынған қысқа оқиға» болып өзгерді. Орыс тілінде ХХ ғасырда ол «әзіл-қалжың» деген жаңа реңкке ие болды. Ал ағылшындар оны әлі күнге дейін «шын өмірден алынған оқиға» түрінде қолданады. Сондықтан біздің адамдар ағылшын тілінде анекдот айтып отырып, кейде ыңғайсыз жағдайға түсетіні де осыдан.

«Анекдот деген нәрсе адамның ойын ашық та, қарапайым да қылып жеткізетін ерекше құрал. Оны тек күлкі үшін айтады деп ойлау қате. Шын мәнінде, аз ғана сөздің ішінде үлкен мағына жатады. Кейде бір мысал бүкіл сұраққа жауап береді. Менің әзіл қолдануымның себебі – көңіл көтеру емес. Қысқа сөзбен үлкен мәселені анық көрсетудің жолы осы. Экономикадағы кей жағдайды түсіндіре алмай жатқанда, бір анекдот бәрін орнына келтіріп бере алады», дейді экономист. 

Бұл ой әзіл болғанымен, ішінде өмірдің шындығы жатыр. Экономиканы да, валютаны да, әлеуметтік қиындықтарды да кейде бір ғана қысқа оқиғамен ашып көрсетуге болады.

Алмас Чукин шутканың үш негізгі түрін атайды. Біріншісі – күтпеген жауапқа негізделген парадокс. Екіншісі – белгілі бір топты әжуалауға құрылған клоундық юмор. Үшіншісі – адамның көңіл күйін күрт өзгертетін қысқа мысал. Бұлардың әрқайсысы қоғамның ішкі өмірін шағын айна сияқты көрсетіп тұрады.

Экономиканың қазіргі жағдайын түсіндіру үшін ол ферма туралы анекдотты келтіреді. Онда жаңа басшы шығынды азайтамын деп әр екінші сиырды бір ай бойы жемсіз қалдырып, бірақ саууды тоқтатпайды. Бастапқыда көрсеткіш жақсы болып көрінеді. Бірақ сиырлар тәжірибені аяқтауға дейін жетпей қалады.

Алмас Чукин осы мысалдың мағынасын былай деп ашады:

 «Біздің экономиканың ішінде де дәл осы жағдай айна қатесіз қайталанып тұрады. Бір сәтте бәрін қысу, үнемдеу, кесу нәтиже береді деп ойлайды. Ал шын мәнінде ең маңызды салаларды тұншықтыру басталады. Уақытша нәтиже бар сияқты көрінеді. Бірақ ұзақ мерзімде бұл жүйені әлсіретеді. Экономика да тірі ағза сияқты. Оған дұрыс қорек керек. Әр саланы қинай берсең, ол бір күні тоқтайды. Сондықтан сиыр туралы анекдот шындыққа өте жақын. Біздегі кей шешімдер дәл сондай ойсыз үнемді еске салады».

Бұл ой қазіргі экономикалық саясаттың кей тұстарын түсінуге пайдалы. Жүйені қыса беру уақытша пайда әкелгенімен, түбінде саланы әлсіретеді.

Алмас Чукин қазір елдің 25 жыл бойы қолданылған ескі даму моделінен шығып, жаңа кезеңге өтетінін айтады. Бұрын кейінге қалдырып келген мәселелер енді шешімін талап етуде. Оларды айналып өту мүмкін болмай қалды.

Ол бұл туралы пікірін былай деп жеткізеді:

«Біз 25 жыл бойы бір қалыптасқан жүйемен жүрдік. Енді оның мүмкіндігі бітті. Бұрынғы қателіктер, кейінге қалдырылған шешімдер бүгін есеп сұрай бастады. Бұл жағымды процесс емес. Бірақ басқа жол жоқ. Егер бүгін түземесек, онда ұзаққа созылатын ауыр тоқырауға тап боламыз. Алдағы декабрь, январь, февраль айлары өте қиын кезең болады. Бір сәтте бірнеше ауыр фактор қатар қысым түсіреді. Осыны ашық айту керек. Өйткені мәселені жасырып қою оны жоғалтпайды».

Бұл сөз алдағы айлар неге күрделі болатынын көрсетеді. Экономикаға бір емес, бірнеше фактор қатар әсер еткелі тұр.

1 қаңтардан бастап ҚҚС 4 пайызға көтеріледі. Баға бірден көтерілмесе де, кезең-кезеңімен қымбаттау басталады. Желтоқсанда халық алдын ала тауар алады. Ал жаңа жылдың басында сұраныс әлсірейді.

Базалық мөлшерлеменің 18 пайызға көтерілуі жеке сектордағы инвестицияны тежейді. Ипотека тоқырайды. Халықтың сатып алу қабілеті төмендейді.

Ұлттық банк банктердің 2-3 триллион теңгесін резервке тартып алып, нарықтан ақша шығарды. Енді банктер бұл ақшаны депозит арқылы жинауға мәжбүр болады. Бұл да қымбаттатады. Оның үстіне тұтынушылық кредитті тежеу шаралары енгізілді.

Жаңа бюджет саясаты ақша айналымын азайтады. Үкімет Ұлттық қордан түсетін қаржының орнына қарыз тартуды жоспарлап отыр. Оның жартысы ішкі нарықтан жиналады. Бұл жеке сектордағы қаражаттың азаюын білдіреді.

Салықтық жеңілдіктер қысқарады. Жоғары табысқа салық өседі. Шетелдік маркетплейстерге бақылау күшейеді. Бұл да сұранысты төмендетеді. Ресейдегі экономикалық баяулау біздің экспортқа да әсер етеді. Мұнай бағасы төмендеп жатыр.

Осының бәрін сараптай отырып, Алмас Чукин бөлшек сауда мен құрылыс саласы келесі жылы әлсірейтінін айтады. Ол бұл болжамын былай түсіндіреді:

«Соңғы жылдары экономиканы көтеріп тұрған екі ғана сала болды. Ол бөлшек сауда және құрылыс. Бірақ келесі жылы осы екі сала да әлсірейді. Себебі адамдардың табысы қысқарады. Баға өседі. Несие қолжетімсіз болады. Сұраныс төмендеген кезде инфляция да өзінен өзі басылады. Өйткені бағаны көтеретін күш халықтың ақшасы. Ақша азайса, баға өспейді. Болашақта пайыздық ставкалар төмендесе ғана экономика өз табиғи ырғағына қайта бастайды».

Алмас Чукин жазғы болжамының әлі де күшінде екенін айтады. Ақша массасы азайып жатқанда доллардың көтерілуіне себеп жоқ. Теңге жыл басында біршама нығайып, кейін 540-560 теңге аралығына қайта оралуы мүмкін. Ол бұл жайында ойын былай қорытындылайды:

«Ақша азайған жерде доллар қымбаттайды деп айту қисынсыз. Теңге қазір қалыпты жолына қайта түсті. Бірақ бір ғана нәрсе бар. Геосаяси жағдай бәрін өзгерте алады. Соғыс ұзаққа созылып барады. Егер сыртқы ахуал күрделенсе, онда барлық болжам өзгеруі мүмкін. Бірақ қазіргі көрініске қарап отырып мен жазда айтқан бағалауымның дұрыс екенін көремін».

 

 

 

 

 

Барлық жаңалық