📰 Сарапшылар пікірі

Алаяқтар атыңыздан кредит алса, не істеу керек?

Алаяқтардың аты-жөніңізге кредит рәсімдеп қоюы бүгінде көп тараған қылмыстардың бірі болып отыр. Мұндай жағдай кез келген адамның басынан өтуі мүмкін. Сондықтан абдырап қалмай, заңда көрсетілген нақты қадамдарды білу өте маңызды. Осы мәселеде Қаржы нарығын реттеу агенттігі маңызды кеңес айтты, деп жазады Ozgeris.info.

«Азаматтарға алаяқтардың рәсімдеген қарызы ешқашан бірден жойылмайды. Одан құтылу үшін заңда белгіленген тәртіппен әрекет ету керек» деп түсіндірді Қаржы нарығын реттеу агенттігі.

Ең алдымен, егер алаяқтар сіздің атыңызға қарыз рәсімдегенін білсеңіз, дереу банкке немесе микроқаржы ұйымына хабарласуыңыз қажет. Сол сәтте картаңызды, банк шотыңызды және мобильді қосымшаңызды бұғаттатқаныңыз жөн. Сондай-ақ берген өтінішіңізді ресми тіркетіп қоюды ұмытпағаныңыз абзал.

Бұдан кейінгі ең маңызды қадам – полицияға жүгіну. Мұнда арнайы арыз жазып, онда қарыздың қай күні рәсімделгенін, сомасын, қай банк немесе микроқаржы ұйымы арқылы жасалғанын көрсету қажет. Қолдан келгенше дәлелдерді көбірек жинаған дұрыс: SMS-хабарламалар, скриншоттар, телефон қоңырауларының нөмірлері сияқты айғақтар. Полиция арызды қабылдап алған соң арнайы қаулы шығарады. Сол қаулыда сіздің алаяқтың құрбаны екеніңіз нақты көрсетілуі тиіс.

«Полицияның қаулысы – банкке немесе микроқаржы ұйымына ресми дәлел. Осы құжатсыз қаржы ұйымы қарызды тоқтатпайды» деп атап өтті Агенттік.

Әрі қарай полициядан алған қаулыңызды банкке немесе микроқаржы ұйымына тапсырасыз. Осы құжат негізінде қаржы ұйымы үш күн ішінде заңсыз қарыз бойынша пайыз есептеуді тоқтатуға және қарыз өндіруді доғаруға міндетті. Егер қаржы ұйымы бұл талапты орындамаса, Қаржы нарығын реттеу агенттігіне ресми түрде шағым түсіруге толық құқығыңыз бар.

«Егер банктер мен микроқаржы ұйымдары заңда көрсетілген талаптарды орындаудан бас тартса, азаматтар бізге тікелей жүгіне алады» деді Агенттік.

Кредиттің толықтай жойылуы үшін екі негізгі шарт бар. Біріншісі – банк немесе микроқаржы ұйымы алаяқтық фактісін ресми түрде мойындауы тиіс. Екіншісі – қолыңызда полицияның немесе соттың ресми құжаттары болуы қажет. Осы екі шарт орындалған жағдайда ғана заңсыз рәсімделген қарыз толығымен жойылады.

Маңыздысы – кредит ешқашан автоматты түрде кешірілмейді. Ол үшін міндетті түрде тиісті орындарға барып, барлық ресми құжаттарды жинау керек. Тек заңда көрсетілген тәртіппен әрекет еткенде ғана өз құқығыңызды қорғап, әділ нәтижеге қол жеткізе аласыз.

Сондай-ақ, мұндай жағдайға тап болмас үшін сақтық шараларын ұмытпау қажет. Жеке деректеріңізді ешкімге бермеңіз. Бөгде адамның телефон қоңырауларына, хабарламаларына немесе күмәнді сілтемелеріне сенбеу керек. Бұл қарапайым ережені тек өзіңіз ғана емес, отбасыңыздағы балаларға да, қарттарға да түсіндіріп қойған жөн. Себебі алаяқтар көбіне сенгіш адамдарды нысанаға алады.

Барлық жаңалық