«Freedom валютасы теңгеден көп пайда әкеледі»: Тимур Турлов блогерлерге қанша төлейді

Фото: ozgeris.info

Кешбэк бүгінде клиенттерді тартудың ең танымал құралдарының бірі. Дәл осы тәсілді Freedom Bank керемет қолдана білді. 2025 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша Freedom SuperApp қолданушыларының саны 800 мың адамға жетті. Бұл жетістік банк өз клиенттеріне ұсынған тиімді кешбэк бағдарламасының арқасында.

2024 жылдың көктемінде Freedom SuperApp суперқосымшасы іске қосылды. Ол бүкіл экожүйені біріктіретін цифрлық хабқа айналды. Холдингке тиесілі барлық сервистердің қызметін Фридом Финанс мобильді қосымшасы арқылы алуға болатын мүмкіндік береді.

Freedom Holding Corp. негізін қалаушы Тимур Турловтың айтуынша, 2024 жылдың желтоқсан айында Freedom SuperApp-ты 500 мыңнан астам қолданған, ал 2025 жылдың қаңтарында бұл көрсеткіш 800 мыңға жеткен.

«Біздің жетістігіміздің негізгі себептерінің бірі – кешбэк жүйеміз», – деді Турлов.

Бүгінде Freedom арқылы ақша тауып отырғандар қатары көбейді. Бұл ТМД мен Еуропа нарығында баламасы жоқ бірегей жүйе болып табылатынын айта кеткен жөн.

«Банк қосымшасын ұялы телефоныма жүктеп, тіркелгенім үшін маған 1000 теңге кешбэк түсті. Сол жерде сілтеме берілген, оны достарыма жібердім. Олар мен арқылы жүктеп алғаны үшін оларға да маған да қосымша тағы 1000 теңге кешбэк түсті. Бір жақсы тұсы, Freedom банкті қолданбасам да, жиналған ақшамды басқа картама аударып алдым», — дейді Нұрбөпе Докторханқызы бізге берген сұқбатында. 

Freedom банкін жарнамалайтын блогерлер де баршылық. Мысалы әлеуметтік желіде  2,6 миллион жазылушысы бар «Dauletten» парақшасында аталмыш банк туралы жазба пайда болды. Автор Freedom банк қолданушыларына қанша пайыз кешбэк беретінін, сондай-ақ оны қалай жүктеуге болатыны туралы айтып берген.

«Банк картасын арқалап жүрмей, енді терминалдарда тек телефоныңызбен төлем жасай аласыз. Қалай тіркелу керек екенін постта көрсеттім, асықпай қараңыз.  Постта көрсеткендей тіркеліп, төлем жасап жүргеніңіз үшін Фридом банк 2 пайыз кешбэк береді. Кешбэк алу үшін әртүрлі талаптар орындалса, 7 пайызға дейін жетуге болады. Тіркелгеніңіз үшін 1000₸, досыңызды шақырғаныңыз үшін тағы 1000₸ бонусқа аласыз. Айтпақшы қанша кешбэк алдыңыз?», — делінген жазбада.

«Сіз әлі Фридом банк беретін кешбэк туралы естімедіңіз бе? Онда көп нәрседен құр қалдыңыз. Фридомның валютасы біздің теңгеге қарағанда әлдеқайда жоғары», — деп жазған тағы бір Тоғжан Қожалы есімді блогер.

Казахстан Подешевле Telegram арнасы да Freedom банк клиенттеріне жомарт бонус жасайтыны туралы жазды. Тіпті Тимур Турлов жеке өзі клиенттеріне жауап беретінін де атап өткен.

«17 және 24 қаңтар күндері карталық операциялар бойынша ақаулар болған кезде бізбен бірге болғаныңыз үшін алғыс айтамыз. Біз сіздің адалдығыңызды жоғары бағалаймыз және ризашылығымыз ретінде сізге Freedom валютасында 5000 теңге кешбэк қайтарамыз. Ақшаның түскені туралы хабарлама келмейді, бірақ соңғы операциялар тізімінен көруге болады. Түсіністік танытқаныңыз үшін рақмет. Мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін бар күшімізді саламыз», — деп жауап берген Тимур Турлов.

Бұдан бөлек аталмыш арнаның Freedom кешбэгі туралы ақпараттық жазбасын 25 000-жуық адам оқыған.