Қазақстанда табысын өтірік көрсетіп, көбірек декреттік төлем алғысы келген 113 әйелге қатысты 16 қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы бүгін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлім етті.
«2024 жылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 1,4 млн адамға 958 млрд теңге сомасына төлем жасалды. Қазақстанда тек бір ғана әлеуметтік төлемнің максималды мөлшеріне шектеу жоқ – бұл жүктілік және босануға қатысты төлемдер. Сондықтан жекелеген азаматтар жасанды түрде көп төлем алу үшін заңнамадағы олқылықтарды іздейді. Ал, бұл осы жүйеге адал қатысып отырған адамдардың әлеуметтік аударымдарын қайта бөлуде әділетсіздікке әкеп соқтырады», — дейді Жақыпова.
Дереккөзге сүйенсек, Қазақстанда осындай артық төлем алғысы келген 113 адамға қатысты 16 қылмыстық іс қозғалған. Олар мемлекетке 158,4 млн теңге залал келтірген. Ал, 1,5 мыңға жуық келіншек табысын артық көрсеткенін мойындап, сақтандыру қорындағы 3,4 млрд теңгені үнемдеген. Қазір министрлік осы бағыттағы заңға бірқатар өзгерістер пакетін әзірлегені белгілі болып отыр.
Халықтың бір бөлігі асыра ақша алғысы келгендерді сынаса, екінші бөлігі баласының қамы үшін барған әйелдерді түсінуге тырысты.
«Осылай декретке шығамын деп статистиканы өзгертті, мысалы жұмыссыз адамдар саны азайып орташа жалақы көтеріледі, ИП көп деп статистикаға қарап ҚҚС көтеріп жатыр, салық көтереді өзімізге өзіміз тілеп отырмыз».
«Осылай әйелдерді алдап енді қылмыскер болып отырғаны жаман екен. Үкімет сол ақшаны төлеп жатқан кезде неге бұлай болмайды деп тоқтатпады? Енді болары болып, бояуы сіңген соң заң шығарып отыр. Бұл Мұқаевтың идеясымен болған нәрсе, өзі жауап берсін».
«Сорлы Қазақстан, күлейін бе жылайын ба? Кедейдің к@тінде күміс жылтыраса бай оны көре алмайды деген бекер айтылмаған».
«Бұл жағдай шынымен декретке шығатын әйелдерге келіп тиетіні анық. Себебі қазір Үкімет декреттегі әйелдермен күресіп жатыр. 1,5 жасқа дейін төленетін айлықты қысқартуды қарастырып жатыр».
«Дәулет Мұқаев мырзаның сабағын алған байғұс әйелдер-ай. Депутат ақшалы болды, әйелдер қылмыскер болды», — деп жазып жатыр халық.
«Декретке миллионмен» идеясы алғашқылардың бірі болып Дәулет Мұқаевтың бастамасымен танымал болған. Ол осы тақырыпта курстар өткізіп, болашақ аналарға декреттік төлемдерін заңды түрде арттыру жолдарын үйретті. Қазіргі Мәжіліс депутатының «Dauletten.kz» ақпараттық-танымдық порталында декретке миллионмен шығуға байланысты көптеген мәліметтер топтастырылған. Кейін тіпті осындай онлайн сабақтар көбейіп кетті.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру