Қоғам

Ғарышта қонақүйлер ашылып, қарапайым халыққа қолжетімді болады

Ғарышта қонақүйлер ашылып, қарапайым халыққа қолжетімді болады

Қазақстандық ұшқыш-ғарышкер Айдын Айымбетов ғарыш туризмінің қарқынды дамып жатқанын айтып, жақын арада орбитада қонақүйлер пайда болуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.

Халық қаһарманы 12 сәуір – Ғарышкерлер күні мерекесі қарсаңында Kazinform агенттігіне сұхбат беріп, саладағы басты жаңалықтармен бөлісті.

Биыл сәуір айында Байқоңырдан жаңа «Сұңқар» зымыраны көкке көтерілмек. Осыған орай мамандар старт кешенінде тәулік бойы үзіліссіз дайындық жүргізіп жатыр.

Ғарышкердің сөзінше бұл сала тек ғылыммен шектелмей, туризм бағытында да жақсы нәтиже көрсетуде. Әлемдік ірі компаниялар ғарышқа адам ұшыру ісін белсенді қолға алған.

«Ғарыш туризмі бүгінде қиял емес, қарқынды дамып келе жатқан сала. Оның болашағы зор. SpaceX, Blue Origin, Virgin Galactic сияқты компаниялар бұл бағытта айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Әзірге бұл – қымбат қызмет. Алайда уақыт өте қолжетімді бола түседі деп ойлаймын. Бұрын әуе сапары да қымбат болған, бүгінде ол қалыпты жағдайға айналды. Сол сияқты, болашақта ғарыш туризмі де кеңінен қолжетімді болуы мүмкін.

Алдағы уақытта туристерге арналған орбиталық станциялар салынып, өзінше «ғарыш қонақүйлері» пайда болуы ықтимал. Адамдар бірнеше күн бойы орбитада болып, Жерді бақылай алады. «Артемида-2» бағдарламасы да болашақта Айды айналып ұшатын туристік сапарлардың мүмкін екенін көрсетті. Сонымен қатар жаңа мамандықтар пайда болуы мүмкін. Ғарыш гидтері, туризм саласының инженерлері мен нұсқаушыларға сұраныс артады. Осылайша, ғарыш жаңа еңбек бағытына айналады. Әрине, бұл бағытта қиындықтар да бар. Ең алдымен, билет құнының жоғары болуы, экологияға ықпалы және туристердің қауіпсіздігі сияқты мәселелер өзекті болып қала береді», – деді Айдын Айымбетов.

Соған қарамастан алдағы уақытта Жер орбитасына және Ай мен Марсқа тұрақты рейстер ұйымдастырылуы әбден мүмкін екені айтылды.

Барлық жаңалық