Қоғам

Алматы әкімі өзен бойындағы құрылысты қабылдаудан бас тартуы мүмкін

Алматы әкімі өзен бойындағы құрылысты қабылдаудан бас тартуы мүмкін

Дархан Сатыбалды Үлкен Алматы өзенінің бойын тексеріп, құрылыс сапасына қатысты бірқатар ескерту жасады және кемшіліктер толық түзелмейінше нысан қабылданбайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.

Қала басшысы 1-тұндырғыштан Абай даңғылына дейінгі аумақты аралап шықты. Қазір бұл аумақта өзен арнасын жаңғырту және жағалауды абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр.

Жобаға сай су арнасы лайдан тазартылып, еңістері бетондалады. Сондай-ақ гидроқақпақтар мен қоршаулар орнату көзделген. Тұрғындар серуендеуге ыңғайлы болу үшін жарықшамдар қойылып, көпірлер мен балалар алаңдары салынады. Құрылыс жұмыстары мамыр айында аяқталуы тиіс.

Алайда әкім орындалған істің сапасына көңілі толмайтынын білдірді.

«Қазір жұмыс қарқын алған, жоба мамыр айында аяқталмақ. Дегенмен, орындалу сапасына қатысты бірқатар ескерту бар. Қала құрылысын бақылау басқармасына жұмыстардың жобалық шешімдер мен құрылыс талаптарына сәйкестігін қатаң тексеруді тапсырдым. Мердігер барлық кемшілікті жоймайынша, нысан қабылданбайды», – деді Дархан Сатыбалды.

Бұдан бөлек ол Абай даңғылы мен Өтеген батыр көшесінің маңында бой көтеріп жатқан жаңа сауда орнының құрылысын көрді.

Барлық жаңалық