Семей қаласындағы биологиялық орталықта ересек адамдар тордағы арыстандарға тас лақтырып, полиция осы жағдайға байланысты тексеру бастады, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Желіде таралған видеода жануарларға тас лақтырған ер адамдардың қасында кішкентай балалардың да тұрғаны көрінеді. Биологиялық орталық әкімшілігі мұндай жағдайлардың жиілеп кеткенін айтып, әлеуметтік желіде жазба қалдырды.
«Орталығымызда келушілердің, әсіресе ересектердің жануарларға тас, таяқ және басқа да заттарды лақтыру жағдайлары жиі тіркеліп жатыр. Бұл жануарларға қатыгездік көрсету болып саналады. Қазақстанда жануарларға зиян келтіруге тыйым салатын заң бар. Мұндай іс-әрекет үшін айыппұлдан бастап одан да қатаң жаза қарастырылған», – деп хабарлады орталық әкімшілігі.
Аталған оқиғадан кейін Абай облыстық полиция департаменті іске кірісті. Тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларын зерттеп, куәгерлерді іздестіріп жатыр.
«Биологиялық орталық аумағында тіркелген факті бойынша полиция департаменті оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тексеру жүргізіп жатыр. Кінәлі тұлғалар анықталғаннан кейін олардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, заңға сәйкес тиісті шешім қабылданады», – деп мәлімдеді полиция
.