Жаңалықтар

Теміртауда автобус жүргізушісі жолаушыны сабап тастаған

Теміртауда автобус жүргізушісі жолаушыны сабап тастаған

Теміртауда қоғамдық көлік жүргізушісі жолаушыға шабуыл жасаған үшін ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Ozgeris.info сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Әлеуметтік желіде автобустағы жағдайдың видеосы тарады. Жанжал жолаушының автобус ішінде тамақ жеп отырғанынан басталған.

“Бұл жер саған асхана емес” деген автобус жүргізушісі өзіне жауап қатпаған жолаушының жанына барып, оны балағаттап, автобустан шығарып жібермек болады. 

Видеодан жолаушының өзін ұстап отырғанын, жүргізушіні ашуландыратын ештеңе айтпағанын көруге болады.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бейнежазбаға қатысты пікір білдірді. Ведомство автобус жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді.

“20 жастағы жолаушы өзінен кейін отырған орнын жинап, автобустан өзі шығып кеткен. Сондай-ақ сөз таластырған жүргізушінің қоғамдық тәртіп нормаларын бұзатын сөздер айтқаны белгілі болды. Полицейлер ер адамның жеке басын анықтады. Ол осы өңірдің 43 жастағы тұрғыны болып шықты. Оған қатысты қоғамдық орында бейәдеп сөздер қолданғаны үшін ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Материалдар сотқа жолданды", – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Полиция қоғамдық көлікте мінез-құлық ережелерін сақтау барлық қатысушылар үшін міндетті екенін еске салды. Алайда кез келген жанжалды жағдайлар заң аясында шешілуі тиіс.

Барлық жаңалық