Безендіру әлде ұрлау?: Қонаевта жаңа жылға жұмсалған қаржы тексерілетін болды (ФОТО)

Фото: Pixabay.com

Қонаев қаласында жаңа жылдық безендіруге кеткен қаражатқа аудит жүргізіледі, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі.

Әлеуметтік желіде қаланы безендіруге 148 млн 528 мың теңге жұмсалғаны және қойылған нысандардың техникалық құжаттамаға сәйкес еместігі туралы жазылған.

«Осыған байланысты Қонаев қаласының әкімдігі мердігер компания тәуелсіз аудиттерге жүгінгенін хабарлайды. Аудиттің нәтижесіне сәйкес, кемшіліктер анықталса, әкімдік тарапынан мердігерге қатысты тиісті шаралар қабылданады», — деп хабарлады әкімдік.

Ақпаратқа сәйкес, мемлекеттік тапсырысты орындауға портал арқылы «Жасыл қала Қонаев» кәсіпорны таңдалған.

«Аталған мекеме орталық алаңға шырша, Д.Қонаев ескерткіші маңына 2025 мерекелік жазуын, түрлі ойыншықтар орналастырып, №5 жағажай аумағын безендіріп, парк, көпір, қалаға кіреберістегі стела мен аллеяларды жарықтандырған, мерекелік ойыншықтар қойған. Мемлекеттік тапсырысты беру кезінде тек Жаңа жылда ғана емес, жыл соңына дейін нысандардың жарықтандырылып, көрікті болуы есепке алынған. Ал №5 жағажай туристік тартымдылықты арттыру мақсатында безендірілді. Шағын сәулеттік нысандар «Жасыл қала Қонаев» ШЖҚ МКК балансында қалып, келер жылы да пайдаға асады», — делінген хабарламада.

Жергілікті атқарушы билік жыл соңында қаланы безендіруге мемлекеттік тапсырыс тек қосымша әрлеу ретінде жасалады деп отыр.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от 𝐈𝐍𝐅𝐎 𝐌𝐎𝐍𝐈𝐓𝐎𝐑𝐈𝐍𝐆 (@monitoring24kz)