Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қаржы нарығын тұрақтандыру мақсатында заңнамаға бірқатар маңызды өзгерістер ұсынылды. Сенат қарауына түскен жаңа түзетулер ірі көлемдегі кепілсіз несиелерді рәсімдеу тәртібін қатайтпақшы, деп хабрлайды Ozgeris.info.
Жаңа заң жобасына сәйкес, банктер, микроқаржы және сақтандыру ұйымдары әлеуметтік осал топтарға, әсіресе мүгедектігі бар азаматтарға қызмет көрсетудің арнайы стандарттарын енгізуге міндеттеледі. Бұл қаржы ұйымдарының осал топтардың мүддесін ескеріп, оларға ыңғайлы әрі әділ қызмет көрсетуін қамтамасыз ету үшін жасалған.
Сонымен қатар төтенше жағдайдан зардап шеккендер мен әлеуметтік осал топтарға қарызды кейінге шегеру тәртібі енгізіледі. Бұдан бөлек, азаматтар қарыздарын мерзімінен бұрын жапқанда, тұрақсыздық айыбын (штрафты) төлемейтін болады.
Ең маңызды өзгерістердің бірі – ірі көлемде кепілсіз несие алу тәртібі. Енді мұндай несие түрін алу үшін азамат банк бөлімшесіне барып, жеке қатысуы тиіс. Бұл өзгеріс онлайн несие рәсімдеу кезінде жиі кездесетін алаяқтық фактілерін азайтуға бағытталған. Кейбір жағдайларда eGov порталы арқылы биометриялық растау талап етіледі.
Заң жобасы бойынша мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарға несие беруге тыйым салынбақ. Бұл әскердегі жарғылық емес қарым-қатынастардың алдын алу мақсатында қабылданған шара. Заң қабылданса, мемлекеттік органдар мен кредиттік бюролар арасында әскерге шақыру туралы ақпарат алмасу жүйесі енгізіледі.
Сенаторлар ұсынған түзетулер қатарында алаяқтық схемалармен күресті күшейту бағыты да бар. Енді бір адам оннан артық ұялы нөмір тіркей алмайды, ал SIM-бокстар мен ұқсас құрылғыларды лицензиясыз әкелуге және пайдалануға тыйым салынбақ. Сонымен қатар, Ұлттық банктің Антифрод-орталығы мен ұялы байланыс операторлары арасында мәлімет алмасу тәртібі реттеледі. Мақсат – күмәнді әрекеттерді дер кезінде анықтап, оператор тарапынан жедел әрекет ету жүйесін қалыптастыру.
Банк құпиясы мен микрокредиттік деректерге заңсыз қол жеткізудің алдын алу үшін де нақты шаралар көзделген. Бұл саладағы олқылықтар қаржы нарығындағы сенімділікке сызат түсіретінін ескерген заң шығарушылар жүйелі бақылау мен жазалау механизмдерін күшейтуді ұсынып отыр.