Қазақстанда қыз-келіншектер мен жастарға арналған жаңа тегін білім беру жобалары іске қосылды. AqylTech және ІТ-Aiel бағдарламалары цифрлық және қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған. Қатысушылар жасанды интеллект құралдарын, чат-боттар құруды, графикалық дизайн мен промт-инжиниринг негіздерін үйрене алады. Барлық курс тегін, толықтай онлайн форматта өтеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, AqylTech бастамасы биыл алғаш рет жүзеге асса, ІТ-Aiel бағдарламасы үшінші жыл қатарынан жалғасып келеді. Осы уақытқа дейін 5 500-ден аса әйел бұл курстан өткен. Ал жаңа басталған AqylTech жобасы 10 000 жасқа дейін қамтуды жоспарлап отыр.
Бағдарлама мазмұнына қаржылық сауат негіздерімен қатар, заманауи цифрлық дағдылар да кіреді. Атап айтқанда, қатысушылар чат-боттар құру, ЖИ көмегімен визуал жасау, техникалық тапсырма беру, деректерді өңдеу секілді заманауи құралдарды үйренеді. Оқу уақыты – бір аптадан бірнеше айға дейін, ал сабақтар жазылып қойылған форматта, яғни әркім өзіне ыңғайлы уақытта қатыса алады. Онлайн платформада 100-ден аса тәлімгер сабақ береді.
Жоба авторлары бұл бастама қазақстандықтардың табысын арттыруға, жаңа кәсіп меңгеруге көмектеседі деп сенеді. Әсіресе, ауылда тұратын жастар мен әйелдер үшін бұл жаңа мүмкіндіктердің есігі.
«AqylTech – бұл тікелей жастарға, әсіресе, ауыл жастарына бағытталған жаңа жоба. Біз ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің қолдауымен жастар ресурстық орталықтарымен бірлесіп жұмыс істейтін боламыз және жастарды осы жобаға барынша тартқымыз келеді», – деді TechnoWomen қоғамдық қорының басқарма төрағасы Азиза Шужеева.
AqylTech пен ІТ-Aiel бағдарламаларына қатысу үшін онлайн тіркелу қажет. Бұл жобалар цифрлық әлемде бәсекеге қабілетті болуға, заман талабына сай дағды қалыптастыруға және жеке табыс көзіңді арттыруға нақты мүмкіндік береді.