Қазақстанда су ресурстары және ирригация саласында еңбек ететін 25 мыңнан астам қызметкердің жалақысы 35–50% аралығында артады. Бұл өзгеріс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Табиғи монополиялар туралы» заңға енгізілген түзетулер аясында жүзеге асады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Anyqtime.kz сайтына сілтеме жасап.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, жалақыны көтеру өңірлік және статистикалық көрсеткіштерге сүйене отырып жүзеге асырылады. Осылайша, су саласы мамандарының табысы жылу және электр энергетикасы саласындағы әріптестерінің деңгейіне жетіп, кадр тапшылығын азайтуға және білікті мамандарды тартуға мүмкіндік береді.
Министр Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, қазіргі таңда су шаруашылығындағы орташа жалақы – 231 мың теңге, ал жылу және электр энергетикасы саласында бұл көрсеткіш – 330 мың теңге. Жаңа заң 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, 2023 жылы министрлікке қарасты «Қазсушар» кәсіпорны қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 25%-ға өскен болатын. Енді бұл өзгеріс ауқымды деңгейде жалғасын табады.