Елімізде Tasqyn су тасқынын болжау және модельдеу жүйесі бір ай бұрын қолданысқа берілгені туралы ақпарат бар.
Су ресурстары және ирригация министрінің мәліметінше,өзендердің 128 учаскесіндегі 142 су бекеті бойынша су тасқынын модельдеу жүргізіледі. «Қазсушар» филиалдары мен бассейндік инспекциялардың 114 маманы су бекеттері бойынша деректерге күнделікті талдау жасайды және оны жүйеге енгізеді.
Tasqyn жүйесі жаһандық GloFAS су тасқыны жөнінде ескерту жүйесіне біріктірілген. Tasqyn 2025 жылдың су тасқыны кезеңіне соңғы болжамды наурыз айының басында береді деген еді.
Алайда наурыз айының соңы болса да уәде етілген болжамдар әлі жасалған жоқ. Ozgeris.info тілшісі сарапшының пікіріне сүйене отырып, елдегі ахуалға сараптама жасады. Агросарапшы Кирилл Павлов шенеуніктердің жұмысын қатаң сынға алды. Айтуынша, жарнамасы жер жарған жүйенің жұмысы көңіл көншітпейді.
«Қаңтардың соңында су тасқынын болжаудың жаңа «Tasqyn» жүйесін айқайлап жүріп таныстырған едіңдер. Сенім тудыру үшін әдемі суреттер мен видеороликтер жасадыңдар, динамикалық деректер мен болашақтағы өзгерістерді болжадыңдар. Екі ай өтті, Тасқын қайда?», — деп сынады сарапшы.
Жаңалықтарда күн сайын су басқан жолдар мен шайылып кеткен көпірлердің жағдайы айтылады. Ақтөбе облысында жыл сайын Кобда мен Уил, Қостанайда дәстүрлі түрде Мариновка мен Қарасу суға кетіп жатыр. Шындықты жасыру мақсатында әйтеуір айтылатыны бір түжырымдама: «Ақтөбе облысында су басу қаупі бар».
Бұл болжам ба? Бұл аналитика ма? Әрине, олай емес.
Болжам дегеніміз нақты елді мекенде, нақты өзенде, нақты қай күні қанша су көлемі өтетінін көрсету.
«Өткен жылы мен мұны тегін жасаған едім. Ал сіздерде не бар?», — деп шүйлікті маман.
Бұл ретте орынды сұрақ туындайды. Аталмыш жүйені іске қосу үшін қанша қаражат жұмсалды екен? Бұл сұраққа жауапты ашық дереккөздерден таба алмадық, дегенмен біз жауапты министрлікке ресми хат жолдаймыз.
Ауыз толтырып айтылып жатқан «Tasqyn» жүйесіне халықтың сенімі жоқ. Тіпті ол туралы хабарсыз. Алаңдаған жұртшылық сарапшылардың пікіріне зәру. Кирилл Павлов күнделікті келіп түсетін сұрақтарға жауап беруге уақыты жетпей жатқанын айтты.
«Ел тұрғындары қашан су тасқыны болатынын, не болмайтынын білгісі келіп маған хат жолдап жатыр. Мен оларға Tasqyn жүйесі туралы айтамын. Қанша дегенмен қыруар ақша жұмсалып жасалған дүние емес пе. Әрине, шенеуніктердің қалтасынан шыққан жоқ, бұл халық төлеп отырған салықтың немесе мұнайдан түсетін табыстың ақшасы екені бәріне мәлім», — деді ол.
Егер Tasqyn нақты болжамдар бере алмайтын болса, оған жұмсалған ақша бюджетке қайтарылсын деп кеңес берді сарапшы.
«Сондықтан нақты болжамдар күтемін. Немесе қаржыны бюджетке өз еркімен қайтарыңдар. Бізде бюджет тапшылығы бар екенін ескерте кетейін», — деп түйіндеді ойын.
Ауылдарды қарғын су шайып жатыр
Қазақстанда тасқын қаупі күшейіп келеді. Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында бірнеше ауылды су шайып, жұрт қайықпен қатынауға мәжбүр. Атырауда да өзендердің деңгейі көтеріліп, ағыс күшейген. Тұрғындар осындай қарқынмен су көтеріле берсе, былтырғыдай үйлерімізді су басады деп алаңдап отыр.
Ақтөбе облысында да жағдай ушығып тұр. Болжам бойынша ауылдарды су шаю қаупі өте жоғары. Қобда ауданына қарасты Қанай ауылына апаратын жолды еріген қар суы шайып кетті. Өңірде қардың қарқынды еруі басталып, Тұманшы өзені арнасынан шыққан. Ресми деректерге сүйенсек, жолдың 6 метрдей бөлігін су басқан. Салдарынан елді мекенге қатынас тоқтады. Қанай ауылында 12 үй орналасқан.
Жергілікті билік ауылды су баспайды деп сендіріп отыр. Қазіргі уақытта қапшықтар төселіп, моторлы қайық жеткізілді, кезекшілік ұйымдастырылды. Айтуларынша, ауылда дәрі-дәрмек пен азық-түлік қоры жеткілікті.
Еріген қар суы Ойыл өзенінің деңгейін көтеріп, тасыған су былтыр уақытша салынған өткелді бұзып кеткен. Нәтижесінде тұрғындар байланыстан ажыраған. Тұрғындар ары-бері төтенше жағдай қызметкерлерінің қайықтарымен қатынауға мәжбүр. Ресми деректерге сүйенсек, қызметкерлер өткелді қалпына келтіріп жатыр. Оқиға орнына әкімдік өкілдері, құтқарушылар мен әскерилер жұмылдырылған.
«Бүгінгі күні 348 адам, оның ішінде 49 бала көшірілді. Бұл 15 наурыздан бері. Қазгидрометтің болжамына сәйкес, Ойыл өзені тасыған жоқ. Бұл сай-саладан, мұздан келіп жатқан су», — дейді Ақтөбе облыстық ТЖД өкілі Аслан Арзымбетов.
Желі қолданушылары Батыс Қазақстан Атырау облыстарында да еріген су аулаларды басып жатқанын жазып жатыр. Шұғыл шара қолданылмаса, қарғын су үйлерімізді басады деп қорқып отыр.
Қостанай облысындағы Жітіқара ауданында қарғын су республикалық маңызы бар жолдың бір бөлігін шайып кеткен. Қостанай облысындағы су қоймалары қазіргі уақытта 63%-ға толған. Олар әлі 522 миллион текше метр суды сыйдыра алады. Алайда, Ресей Федерациясы аумағынан және егістік алқаптардан аймақтың су қоймаларына тағы 360 миллион текше метр су келеді деп күтілуде.
Су тасқынының шарықтау шегі алдағы үш күн ішінде болады деп болжануда. Яғни ол Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келеді. Аймақтың оңтүстігінде ауа температурасы 17 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.
24 наурызға дейін барлық мұз жару жұмыстары аяқталады. Жалпы, өзендерде 55 жарылыс жасау жоспарланған.
Қазақстанның шығысында алдағы күндері ауа температурасы 16 градусқа дейін көтеріледі. Осыған байланысты өңірде су тасқынына қарсы қорғау шаралары күшейтілуде.
Алтай ауданының таулы аймағында қардың қалыңдығы бір метрден асады. Өзендердің арнасынан шығуын болдырмау үшін су өткізетін құбырлар тазартылып, арықтар кеңейтілуде. Бұл жұмыстарға әскерилер де жұмылдырылған.
Бұқтырма өзеніндегі су деңгейі ерекше бақылауға алынған. Мұз кептелістерін болдырмау мақсатында бес алдын алу жарылысы жүргізілді. Жұмыстар айдың соңына дейін жалғасады.
Ал Қарғалы өзені бір тәулікте 193 см-ге көтерілді. Орынбор облысы арқылы өтетін Ілек, Жайық және Қарғалы өзендері бойынша жаңа мәліметтерді РГП «Қазгидромет» жариялады.
17-20 наурыз аралығында ауа температурасының көтерілуіне және қардың жылдам еруіне байланысты Ақтөбе облысында еріген қар суы жиналып қалған. Салдарынан елді мекендерді су басу қаупі бар.
Ақтөбе облысында да жағдай ушығып тұр. Болжам бойынша ауылдарды су шаю қаупі бар.
Диапазон сайтының мәліметінше, Қарасай, Құбасай, Қарасу және Ақшатау ауылдары уақытша көлік қатынасынан ажыратылды. Бұл елді мекендерге баратын жолды еріген қар суы шайып кеткен. Желі қолданушылары 17 наурыз күні түсірілген видеомен бөлісті.
“Су жолды бұзып кетті. Өткен жылы төселген құбырларды ағызып әкетті. Ағыс өте қатты. Кешке дейін бұл жерде су болған жоқ еді, таңға қарай келді”, — делінген видеода.
Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, ол жерлерде құтқарушылар мен полицейлер кезекшілік етуде. Тұрғындарды тасымалдау үшін жол талғамайтын техника бар.
Ақшатау – аудан орталығынан 55 км қашықтықта орналасқан, 346 тұрғын бар. Қарасу – 281 адам тұрады, ауыл Уилдан 47 км жерде. Қараой – ең көп тұрғын шоғырланған ауыл, 1209 адам, аудан орталығынан 75 км қашықтықта. Құбасай – небәрі 52 адам тұрады, Ұилдан 64 км жерде.
“Егер тұрғындарға медициналық көмек қажет болса, оларды аудандық ауруханаға жеткіземіз. Қар суы тартылғаннан кейін 3-4 күн ішінде ауылдарға айналма жолмен баруға мүмкіндік болады,” – деп мәлімдеді ТЖД өкілдері.
Тасқын қаупі күшейген тұста төтенше жағдай министрлігі елдің бірнеше облыстарында өзен-көлдердің мұздарын жара бастады.
Қазақстанда көктемде су тасқыны жиі қайталанады. Былтырғы алапат тасқын болып, тұтас елді әбігерге салды. Билік оны бұрын-соңды болмаған табиғи апат деп атады. Ресми деректерге сай, былтыр су тасқыны кезінде 19 мыңнан аса үй-жәй суға батып, 120 мың адам өз шаңырағын тастап кетуге мәжбүр болды.
ПІКІР ЖАЗУ