Сарыарқадағы пресс-тур: Алаш қайраткері христиан бейітінде жерленген

Қарағанды қаласында еліміздің солтүстігі мен оңтүстік өңіріндегі журналистерді құрылтайшылаған, «Алаш» арыстары тарихының  насихатталуына негізделген «Арқа арыстары» атты екі күндік пресс-тур өтті. Аймақтағы жас белсенділердің бастамасымен іске асып, қала әкімдігінен қолдау тапқан пресс-тур тілшілерді тың деректер мен сыры ашылмаған тарихи ақпараттарға қарық қылды.

Пресс-турдың алғашқы күні өңір тумасы, Алашорда үкіметінің мүшесі, қоғам қайраткері Әлімхан Әбеуұлы Ермековтың жерленген жеріне зиярат етумен басталды. Қарағанды қаласынан бірнеше шақырым жердегі межелі нүктеге жеткен ұйымдастырушылар мен тілшілер тобы Алаш арысына құран бағыштап тәу етті. Барған жұртты қынжылтқаны ұлт үшін келешегін қиған Алаш азаматының аралас бейітте жерленгені.

Әлімхан Әбеуұлына 1935 жылы КСРО ВАК оған математика және теориялық механика профессоры атағын берді.

Дегенмен, Әлімхан Ермековтің тағдыры тауқыметке толы болды. Жазықсыз жала жабылып, 58-бап бойынша қамауға алынып, он жылға сотталды, бірақ кейіннен жаза мерзімі алты жылға қысқарды. Ұлы Отан соғысына байланысты оны 1947 жылға дейін тоғыз жыл лагерьде ұсталды. 1948 жылы қайтадан он жылға қамауға алынды. Бұл қамауға алудың үшінші толқыны болды. Ол1955 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін екі жылдан кейін босатылды. 1955 жылдан бастап Қарағандыдағы ​​политехникалық институтында жұмыс істеп бастайды. Үш жылдан соң зейнетке шығып, сол жылдардан соң 1970 жылы қайтыс болды.

Сапар барысы өлкетанушы, зерттеуші, тарихшы Тұңғышбай Мұқанның тың деректері мен жұрт білмеген тарих кейіпкерлері туралы әңгімелерімен қызықты өтті. Ақсақал нағыз түртсең тарих, шертсең шежіреге толы жан. Ол Әлімханның шыққан тегі мен кешкен ғұмырынан біршама әңгімелерін айтты.

Ел естімеген бір дерек

«Ел аузында Әлімхан Ермековтың Потаниннің тілшісі болғаны мәлім. Алайда Әбеуұлынан бұрын Дінмұхаммед Сұлтанғазин (Бөкейханның Сұлтанғазы есімді баласының ұрпағы) сол қызметті атқарған. Ермеков Сұлтанғазинмен Петербургте «Шығыстану» институтында төрт жыл бірге оқыған. Екеуінің араласып-араласпағаны әзірге беймәлім. Сұлтанғазин де белгілі түркітанушы, ғалым болған. Кейіннен 1917 жылы белгісіз жағдайда Баку қаласында қайтыс болады. Ермеков Потанинмен бірге жүріп «Тоқырауын өзенінің бойында» атты баяндама-кітабын жазды. Бұдан ұғатынымыз Әлекеңнің жалғыз ауыз ертегі ғана емес сол елдің деректерін жинаған аудармашы екендігін аңғарамыз» деді өлкетанушы, зерттеуші Тұңғышбай Мұқан.

Ермековтің жерленген жерінен басталған жол, Қарағанды еңбекпен түзеу лагеріне (ҚарЛАГ) барумен жалғасын тапты.

Карлаг жаппай саяси қуғын-сүргін кезінде ұйымдастырылған ГУЛАГ (Лагерлердің бас басқармасы) деп аталатын жүздеген лагерьлердің бірі болды. Долинка ауылында (қазіргі Қарағандыдан оңтүстік-батысқа қарай 45 км жерде) Қарлагтың әкімшілік орталығы болды.

Қазір саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы орналасқан бұрынғы Қарлаг әкімшілігінің екі қабатты үлкен ғимараты – кеңестік неоклассицизм рухында жасалған бағаналы зәулім ғимарат, офицерлер үйі, бұрынғы мәдениет үйі; жергілікті әскерилер орталығы; Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмелері; перзентхана мен құлшылық бөлмесі, сондай-ақ бір кездері тұтқындар қамалған және азапталған бөлмелерді бейнелеген қалпында мұражай ретінде сақталған. Мұражай атмосферасы аштық құрбандарының ауыр көрінісі бейнеленген қабырға суреттерімен көрген жанға оңайға соқпады.

Бөлмелерде қуғын-сүргін құрбандарының тарихи құжаттары, жұмысқа жегілген жазықсыздардың жұмыс құралдары, ату жазасына кесілгендерді мерт қылған мылтық т.б. жәдігерлер болды.

Аталған лагерьде бізге мәлім Т.Рысқұлов, Б.Майлин, С.Сейфуллин, Н.Нұрмақов, Т.Жүргенов және т.б. зиялылардың әйелдері мен балалары азапталған.

Мұражай қызметкерінің айтуынша, лагерьге қамалған әйелдердің балаларын анасынан ажыратып, балалар үйінде шаруаға жеккен. Жас аналарға сәбилерін қолына бермей аналық жылу мен сүтінен айырған. Салдарынан нәрестелер шетінеп, Долинка аймағындағы балаларға арналған зиратқа жерленген. Жерленген дегеніміз – басына тас қоймай, аты мен затын жаздырмай, топырақ астына көмгендері. Қазіргі таңда ғалымдардың қай ердің, қай әйелдің, қай сәбидің қайда жерленгені таба алмай жүрген себебі – осы.

Пресс-турдың келесі күні ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туған жері Ақтоғай ауданына аттанумен басталды. Жол ұзақтығы Қарағандыдан есептегенде – 8 сағат.

Ақтоғайдан ары жүріп, бірден Әлихан Бөкейханның отбасы жерленген Талдыбейіт қорымына тоқтадық. Қорым Желтау тауының етегінде, Тоқырауын өзенінің саласы – Жіңішке өзенінің бойында орналасқан. Әруақтарға құран оқылып, сөз басын Тұңғышбай атамыз бастады.

Талдыбейітте Әлихан Бөкейханның әкесі Нұрмұхаммед, атасы Мырзатай, анасы Бегімай, інілері Әзіхан, Тәтіхан, Смахан және оның жалғыз қарындасы Нұрбек жерленген. Биік дуалмен қоршалған зират ішінде осы отбасына қатысы бар басқа адамдардың бейіттері жатыр. Алайда олардың есімдері аталмаған.

Талдыбейіт зиратында Әлихан Бөкейханның өз қолымен еккен ағашы өсіп тұр. Көпшілік мұны «ағаш астындағы бейіт» деп атайды. Әлиханның әкесі Нұрмұхамед 1905 жылы қайтыс болды. Әлихан сол жылы Санкт-Петербург орман шаруашылығы институтының экономика факультетін бітіріп, әкесінің бейітіне отырғызу үшін сол жерден бразилиялық ағаш көшеттерін әкелді. Көшеттердің біреуі ғана осы моланың көп бөлігін алып жатқан үлкен ағашқа айналды. Қорым сондықтан да «Талды» «бейіт» деп аталған.

Талдыбейіт Төре ұрпақтарының зираты болып саналады. Әлиханның анасы Бегімхан да осында жерленген. Нысан мемлекеттік қорғауда.

Әлихан Бөкейханның інісі Смахан ағасы оққа ұшып, жерленген жері белгісіз күйде қалған соң, бас киімін ерекше құрметпен отбасылық зиратқа жерлеген, деді Тұңғышбай ақсақал.

Қорым ішінде Бөкейхан әулетінің әр мүшесінің рухына арналған құлыптастар орнатылған. Көзге бірден түсетіні жазуы өшірілгені. Тұңғышбай атаның айтуынша, бұл таста:

«Қыр баласы, ел ағасы

Жел жағында қаласы.

Ық жағында панасы.

Әлекеңді ұмыта ма,

Қазақтың бар баласы» деген шумақ өлең жазылған. Сонан кейін Әлиханның ата тегі аталған болатын. Бұл тасты аудан партиясының бірінші хатшысы буржуазиялық идеология деп танып, өшірткізген екен.

Қорымнан шыққан тілшілер тобы Әлихан Бөкейханның табаны тиген, сол әулетке тиесілі болған Жекежал қыстағына жол тартты.

Қыстау егіншілікке қолайлы болған. Әлихан Бөкейханның балалық шағы осында өткен. Семей, Омбы қалаларында ұзақ болған соң Ә.Бөкейхан туған жеріне келіп, ел қамын ойлап жиі отыратын тау шоқысы болған. Журналистер ұлт көсемінің табаны тиген тау төбесіне шығып, Арқаның асыл ауасымен тыныстап, Қарағанды өлкесіне қайта қайтты.

Пресс-тур соңы Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында Қанат Жүнісовтің «Ұлтқа қызмет» қойылымымен аяқталды.

Дина ЛИТПИН