Ақмола облысы Қосшы қаласындағы IT-мектеп-лицейде мұғалімдер төбелесіп қалды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты HALYQSTAN Telegram арнасына сілтеп.
Математика мен тарих пәнінің ұстаздары спортзалдың дәл ішінде жұдырықтасқан. Жанжал сәуір айында болғанымен, тараптар полицияға тек қазір ғана жүгінген.
Математика мұғалімінің айтуынша, ол әріптесімен амандаспақ болғанда қолымен оның бетін байқамай тигізіп алған. Ал тарих пәнінің мұғалімі бұл әрекетті қорлау деп қабылдап, спортзалға "әңгімелесуге" шақырған. Қысқа жекпе-жек нәтижесінде математикашының жақ сүйегі сынған.
Өз кезегінде тарих пәнінің мұғалімі өзін жәбірленуші ретінде көрсетіп отыр. Айтуынша, оның мұрны сынған, денесінде көгерген іздер қалған және... абыройына нұқсан келген.
Мектеп әкімшілігі сол кезде ешкім көмек сұрамағанын айтып, жедел жәрдем де, полиция да шақырылмағанын жеткізді. Енді бұл оқиға жұртқа жария болған соң, педкеңес өткізуді жоспарлап отыр.
Ал полиция болса, қылмыстық іс бойынша ресми тергеуді бастап кетті. Қақтығыс себебі мен кінәлілер тергеу нәтижесінде анықталмақ.