Статистиканы қарап отырып осы сұрақ туындады. Бұрын құлдар тек тамақ үшін жұмыс істеген. Бүгінгі күні қазақ қоғамында да дәл осындай жағдай қалыптасып келе жатқандай. Себебі халықтың табысы негізінен тамаққа жұмсалады. Бұл тек инфляцияның әсерінен емес, сарапшылардың айтуынша, қазақстандықтар жалпы алғанда көбірек тамақ жейтін болған. Халық бай емес, соған қарамастан ең басты мақсат қарын тойдыру болып барады. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты саралап көрді.
Кедей, бірақ тоқ халық: Қоғам бұған қалай жетті?
Соңғы 20 жылда қазақстандықтардың азық-түлікке жұмсайтын шығындарының үлесі айтарлықтай өсті. Қазір отбасы бюджетіндегі тамаққа жұмсалатын шығындардың үлесі 55,4%-ға жеткен. Бұл нені білдіреді? Егер отбасы табысының басым бөлігі азық-түлікке кетсе, онда басқа қажеттіліктер, яғни киім-кешек, білім, емделу, демалыс, саяхат сияқты шығындар қысқарады. Бұл, әрине, өмір сапасына тікелей әсер етеді.
Ұлттық статистика бюросының толық мұрағаттық деректеріне сүйенсек, 20 жыл бұрын, яғни 2004 жылы қазақстандықтардың азық-түлікке жұмсайтын шығыны жалпы тұтынушылық шығындардың 45,7%-ын құраған. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 55,4%-ға жеткен. Ал 2020 жылы шарықтау шегіне жетіп, 58%-ды құрады. 2021 жылдан бастап бұл көрсеткіш сәл ғана төмендеген.
Өңірлер бойынша айырмашылық жер мен көктей. Мысалы, экономикалық тұрғыдан дамыған Астанада өткен жылы азық-түлікке жұмсалатын шығын 49,4%-ды құраса, ең тығыз қоныстанған, экономикасы әлсіз Түркістан облысында бұл көрсеткіш 62,6%-ға жеткен. Бұл көрсеткішке әртүрлі факторлар әсер етеді дейді сарапшылар. Еңбекақының мөлшері, оның сатып алу қабілетінің өсуі, азық-түлік бағасы, отбасындағы адам саны және тағы басқа.
2023 жылғы жағдай бойынша, азық-түлікке ең көп шығын жұмсайтын өңірлер қатарына Алматы (62,1%), Жамбыл (61,8%) және Жетісу облыстары (60,9%) кірген.
2004 жылы да ұқсас үрдіс байқалған. Ол кезде де азық-түлікке аз ақша жұмсағандар қатарында астаналықтар, Ақмола және Павлодар облыстарының тұрғындары еді. Ал азық-түлікке көп шығын жұмсайтын өңірлер Атырау, Маңғыстау және Алматы облыстары болған.
Халық азық-түліктен үнемдемеді
Маңызды бір жайт, қазақстандықтар азық-түліктен үнемдеуге көшпеген. Керісінше, көптеген санаттар бойынша тұтыну көлемі артқан. Мұны статистика анық көрсетеді.
Мысалы, қазақстандықтар соңғы жылдары етті 2 есеге көп жейтін болды (жылына бір адамға шаққанда 82,6 кг), балық пен теңіз өнімдерін тұтыну 79,5%-ға артқан (14,2 кг), тәттілерді тұтыну 51,4%-ға өскен (43,1 кг). Тек екі санатта жеміс-жидектер (41%-ға азайған) және картоп (8,5%-ға азайған) бойынша тұтыну төмендеген.
БҰҰ-ның Энгель коэффициентіне негізделген халықаралық стандарттары бойынша, отбасының азық-түлікке жұмсайтын шығыны 40-50% шамасында болса, бұл елде өмір сүру деңгейі төмен екенін көрсетеді. Ал егер 50-60% болса, онда бұл елде халықтың ең негізгі қажеттіліктері ғана қамтамасыз етіліп отыр деген сөз. Қазақстан қазіргі уақытта осы ең төменгі деңгейге жетіп отыр.
2023 жылы Euromonitor International халықаралық компаниясының рейтингіне сәйкес, Қазақстан ең нашар көрсеткіштерге ие елдердің ондығына енді. Қазақстандағы көрсеткіш – 49,4%. Бұл бізді әлемдік рейтингте 105 елдің ішінде 99-орынға қойды. Бізден төмен тек Африканың ең кедей елдері ғана. Қазақстанның көршілерімен салыстырғанда да жағдай нашар. Өзбекстанда азық-түлікке жұмсалатын шығын 46,5%, Түрікменстанда – 36,9%, Ресейде – 29% болған.
Дамыған елдерде жағдай әлдеқайда жақсы. Мысалы, АҚШ-та халық тұтыну шығындарының тек 6,7%-ын ғана азық-түлікке жұмсайды. Сингапурда – 8,4%, Ұлыбританияда – 8,7%.
Халық неге тек тамақ үшін жұмыс істейтін болды?
Бүгінде қазақстандықтар тамақ үшін ғана жұмыс істейтін жағдайға жетті. Себебі азық-түлік бағасы соңғы уақытта тым қымбаттады.
Салыстыру үшін, 20 жыл бұрын негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасына тоқталып өтейік.
• Картоп – 35 теңге
• Сүт – 64 теңге
• Жұмыртқа – 105 теңге
• Қант – 77 теңге
• Күнбағыс майы – 159 теңге
• Сиыр еті – 329 теңге
Соңғы 20 жылда осы тауарлардың бағасы 5-10 есе қымбаттады. Бұл арада халықтың табысы да өсті. 2004 жылы жан басына шаққандағы орташа айлық табыс 13 мың теңге болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 210 мың теңгеге жетті. Яғни, табыс 16 есе өскен. Алайда, егер табыс инфляциядан жылдам өскен болса, онда неге азық-түлікке жұмсалатын шығынның үлесі әлі де осыншама жоғары?
Бұның бірнеше себебі бар. Азық-түлікке көп шығындалуға отбасындағы бала саны да әсер етеді. Статистикаға қарағанда, азық-түлікке ең көп ақша жұмсалатын өңірлер туу көрсеткіші жоғары, көпбалалы отбасылар көп орналасқан аймақтар.
Азық-түлікке кететін шығынның үлесі халықтың өмір сүру сапасының басты көрсеткіштерінің бірі. Бұл үлес қаншалықты жоғары болса, өмір сапасы соншалықты төмендейді. Себебі қалған шығындар, мысалы киім, білім, медицина, демалыс қысқарады. Қазақстандықтар бүгінгі таңда тек күн көруге мәжбүр болып отыр, яғни «өмір сүру» емес, «тіршілік ету» деңгейінде қалып қойған.
«Бір сәттік ләззат» феномені
Пәтер, көлік, тұрмыстық техника сияқты заттар өте қымбат. Оларды сатып алуға көпшіліктің жағдайы жоқ. Осыдан кейін адамдар ақшасын тамақ пен ұсақ-түйек нәрселерге жұмсай бастайды. Мысалы, маркетплейстер мен онлайн дүкендердегі арзан заттар. Соңғы уақытта халық осыған тәуелді болып алды. Бұл да түсінікті. Себебі халыққа қолжетімдісі осы ғана.
Кредитпен тойған қоғам
Егер ресми статистика мен билік өкілдерінің сөзіне сенсек, біз тоқ өмір сүріп жатырмыз. Бірақ олар ескермейтін бір жайт бар. Азық-түліктің көбі қазір бөліп төлеу немесе кредит арқылы сатып алынады. Жалақы түскен күні адамдар бірінші кезекте кредиттерін төлейді, сосын қайтадан азық-түлік алады. Бұл шеңбер қайталана береді.
Ресми емес жағдайда, азық-түлік бағалары ай сайын өзгеріп, қымбаттап жатыр, ал жалақы өзгеріссіз қалып отыр. Осылайша, азық-түлікке кететін шығынның үлесі үздіксіз өсуде.
«Бізде қалған жалғыз «қуаныш» тойып тамақ ішу. Байларға керегі де осы. Жұмысшы халық жоғалып кетпей, әрі қарай да оларға пайда әкеліп отырса болғаны», - деп жазып жатыр халық.