Қоғам

Қарағандылық зейнеткерден 22 млн теңге жымқырған алаяқтар Алматыда ұсталды

Қарағандыда 77 жастағы зейнеткер интернет-алаяқтардың арбауына түсіп, 22 миллион теңгесінен айырылды, деп жазады Ozgeris.info.

Алаяқтар өздерін банк қауіпсіздік қызметінің өкілі ретінде таныстырып, әйелге оның қаражаты қауіпте екенін айтып, бар ақшасын қорғау үшін арнайы шотқа аударуға көндірген. Әйел бастапқыда бұған сенбеген, алайда телефон арқылы жүргізілген қысымнан кейін бар жинағын өз еркімен берген. Тек полицейлермен ұзақ сөйлескеннен кейін ғана өз әрекетінің алаяқтардың арбауына түскенінің белгісі екенін түсінген.

Қылмыстың беті Алматыда ашылды. Қарағанды және Алматы қаласының полицейлері бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында көрші елдің екі азаматы қолға түсті. Тінту кезінде олардан жалпы сомасы 22 миллион теңге тәркіленді. Қазіргі таңда  Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілердің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Полиция азаматтарға маңызды ескерту жасайды: ешбір банк немесе құқық қорғау органы телефон арқылы ақша талап етпейді. СМС арқылы келген растау кодтары мен жеке банк деректерін ешкімге жария етпеңіз. Күмән тудыратын қоңырау немесе хабарлама алған жағдайда бірден «102» нөміріне немесе жақын жердегі полиция бөлімшесіне хабарласыңыз. 

Барлық жаңалық