Қоғам

Әзербайжан орыс мектептерін кезең-кезеңімен жаппақ

Әзербайжанда орыс тілінде оқытатын мектептер біртіндеп жабылуы мүмкін. Кейінгі күндері әлеуметтік желілер мен ата-аналар арасында тараған ақпаратқа сәйкес, елдегі орыс мектептері алдағы үш жыл ішінде әзербайжан тіліне толық көшуі ықтимал. Бұл туралы Oxu.Az порталы хабарлады, деп жазады Ozgeris.info.

Ата-аналарға мектептердің WhatsApp топтары арқылы бейресми хабарлама тараған. Оған сәйкес, реформа бірден емес, кезең-кезеңімен жүзеге асады. Яғни, орыс тілінде білім беретін мектептерде алдымен даярлық сыныптар мен бастауыш деңгейден бастап оқу тілі ауыстырылуы мүмкін.

Білім беру саласы толықтай әзербайжан тіліне көшірілсе, орыс тілінде сабақ беретін мұғалімдер үшін арнайы қайта даярлау курстары ұйымдастырылатыны айтылды.

Бұл ақпаратты растау мақсатында Әзербайжанның Ғылым және білім министрлігіне ресми сұрау жолданған. Алайда әзірге министрлік тарапынан нақты жауап берілген жоқ.

Барлық жаңалық