Қоғам

Турловтан Кулибаевқа дейін: Билет сату нарығының артында кімдер тұр?

Турловтан Кулибаевқа дейін: Билет сату нарығының артында кімдер тұр?

Былтыр сәуірде еліміздің ақпараттық кеңістігінде шулы оқиға болды. Әлем жұлдызы Дженнифер Лопес елде концерт өткізетінін жариялап, 11 сәуірде «Тикетон» сайтында билеттер сатылымға шыққан. Алайда сұраныстың тым жоғары болуына байланысты платформа техникалық жүктемені көтере алмай қалды. Жүйеде ақау орын алып, бірқатар билеттер қайталанып сатылып, сатылым уақытша тоқтатылды. Салдарынан билеттерді рәсімдеу қолмен қайта рәсімделді. Компания бұл үшін қолданушылардан кешірім сұрады. Тиісті шаралар қабылдайтынын айтып, ақтала бастады. Яғни, қызметтік алымдарды қайтару, қайталанған бронь иелеріне ақшаларын кері қайтарып беру, тіпті концертке тегін кіру мүмкіндігін ұсыну туралы шешім қабылдады. 

«Біз қабылдаған шешім оңай болған жоқ, сервистің жылдық табысына тең шығын әкелді»,-деді компанияның түпкі иесі Тимур Турлов Forbes.kz-ке берген сұхбатында.

Сонымен қатар, ол Дженнифер Лопестің концерті «Тикетонға» миллиондаған шығын әкелгенін де мойындады.

Аталмыш оқиғадан кейін билет сату платформаларының артында кім тұрғаны қоғамды қызықтыра бастады. Елімізде тіркелген платформаларының арасында Тикетоннан бөлек, Кулибаевтар әулетіне тиесілі компаниялар да бар. Одан бөлек ресейлік және азербайжандық ойыншылар да кездеседі. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді. 

«Тикетон»: Турловтың қолындағы нарық көшбасшысы

«Тикетон» сервисі 2012 жылы іске қосылған. Оның негізін Алексей Ли (AVIATA, Arbuz.kz), Константин Горожанкин (Processing.kz, Startupp.kz, Award.kz) және әзірлеуші Илья Смальянинов қалаған. Ал 2022 жылы оны Freedom Holding Corp. инвестициялық тобы сатып алды. Бұл компания кәсіпкер Тимур Турловқа тиесілі. Forbes.kz мәліметінше, келісім сомасы 3 миллион доллар.

2020 жылға дейін, сервис Марғұлан Сейсембаевпен байланысы бар Asadel Venture Holdings және оның туыстарының иелігінде болған.

2015 жылдан бері Ticketon 254 млн теңге салық төлеген, ал былтыр 90 миллион аударған. Қазіргі таңда жалғыз құрылтайшысы Freedom Kazakhstan Limited.

Forbes дерегі бойынша, 2023 жылы «Тикетон» 41,9 млн доллар табыс тапқан. Компанияның өзі ай сайын 200 мыңнан астам билет сататынын мәлімдеді. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алуларға да беленді қатысады. Жалпы сомасы 418 млн теңгеден асатын 450 келісімшартқа тұрған. Негізгі тапсырыс берушілер:

         •        «Астана Опера» театры - 90 млн теңге;

         •        «Астана Балет» театры - 90 млн теңге;

         •        Жас көрермендер театры - 33 млн теңге;

         •        М.Горький атындағы орыс драма театры - 25 млн теңге;

         •        «Tele2» - 20 млн теңге.

Kino.kz: Кулибаевтар әулетіне тағы не тиесілі?

Kino.kz сервисінің операторы «Халык Финсервис». Халық банкінің еншілес компаниясы, ал банк Динара мен Тимур Кулибаевтардың негізгі қаржылық активі саналады. «Халык Финсервис» төлемдер процесін жүзеге асырып, карталар мен терминалдардың деректер базасын басқарады. 

2015 жылдан бері 4,5 млрд теңге салық төлеген, оның басым бөлігі 2023-2024 жылдарға тиесілі. Алайда Kino.kz сервисінің үлесі қандай екені нақты айтылмаған.

Компания 13 мемлекеттік келісімшарт жасаған. Жалпы сомасы - 16 млн теңге. Тапсырыс берушілер қатарында:

         •        «Астана Опера» - 5 млн тг;

         •        Жамбыл атындағы филармония - 4,5 млн тг;

         •        М.Горький атындағы драма театры - 2,3 млн тг.

Forbes мәліметіне сәйкес, 2023 жылы сервис 33 млн доллар табыс тапқан. Ай сайынғы аудиториясы - 2,6 млн адам.

Яндекс Афиша: Дубайда тіркелген компания

Қазақстанда «Яндекс Афишаны» Fantix ЖШС ұсынады. Оның құрылтайшысы Plus Entertainment Services Holding Limited, ол Дубайда тіркелген және Яндекспен байланысты.

2023 жылдан бері 3,8 млрд теңге салық төлеген, оның ішінде 2024 жылы 2 млдр теңге аударған. Компания мемлекеттік сатып алуларға қатыспайды.

«Тикетон» мен Яндекс 2021 жылы серіктестік орнатып, Яндекс билет контентін тек «Тикетон» арқылы алуға келіскен. Бірақ 2024 жылы Яндекс келісімді бұзып, билеттерді өзі сата бастады. «Тикетон» директоры Виктория Тургунакова Яндекске тиесілі сатылым көлемі 3%-дан аспағанын айтты. 

Басқа қазақстандық платформалар

Заказбилетов.kz. 2010 жылы Сәбит Сүлейменов құрған. Ол бұрынғы тележурналист, концерт ұйымдастырумен айналысқан. Бүгінде сервистің жалғыз иесі. 2015 жылдан бері 11,5 млн теңге салық төлеген, соның 3,5 миллионын 2024 жылы аударған.  Мемлекеттік сатып алулар: 8 келісімшарт, жалпы сомасы - 94 млн теңге. Негізінен Алматының мұз айдынына электронды билет сатады.

Topbillet.kz. 2023 жылы Ақтауда тіркелген. Иесі Рами Осланов. Төрт ай ішінде (2025 жылдың басында) 9 млн теңге салық төлеген. Мемлекеттік келісімшарттары жоқ.

Biletservice.kz. 2022 жылы Алматыда тіркелген. Иесі «Концерт-Шоу» ЖШС. Құрылтайшылары: Бағира Кадыролиева, Былот Калдаров және белгілі промоутер Андрей Верещага. 2022 жылдан бері 5,8 млн теңге салық төлеген. Мемлекеттік тапсырыстарда жоқ.

Ресейлік із: Касса.kz

«Касса.kz» сервисі алғаш рет 2003 жылы Челябіде құрылған. Қазақстанда 2016 жылдан бастап жұмыс істейді. Құрылтайшысы 51 жастағы Илья Белов. Ол бірнеше компанияның құрылтайшысы, соның ішінде «Городские зрелищные кассы Алматы», «…Караганды», «…Шымкент» және «…Астана». Тек Алматы мен Қарағандыдағы филиалдары 5 млн теңгеден салық төлеген. Бұрын театрларға билет сату бойынша мемлекеттік келісімшарттар жасаған.

Әзербайжандық өнім: ITKit.kz

2016 жылы Әзербайжанда негізі қаланған ITKit компаниясы 2022 жылы Қазақстан нарығына шықты. Қазір еліміздегі ITKit жаһандық ITKit Global-дың бір бөлігі. Компания Әзербайжан нарығының 95%-ын иеленіп, кейін Ұлыбритания, БАӘ, Ресей, Түркия және Өзбекстан нарығына дейін кеңейген. 2022 жылдан бері 5 млн теңге салық төлеген. Мемлекеттік сатып алуларға қатыспаған.

Осылайша, еліміздегі билет сату нарығы бірнеше ірі ойыншының қолында. Басты оператор «Тикетон», оның артында Freedom Holding пен миллиардер Тимур Турлов тұр. Екінші орында Kino.kz, ол Кулибаевтар иелік ететін қаржылық топқа тиесілі. Бұдан бөлек, нарықта ресейлік Яндекс, әзербайжандық ITKit және қазақстандық шағын сервистер бар. 

Мамандардың айтуынша, салада ашық бәсекелестік қалыптаспаған. Нарықтың негізгі үлесі бір-бірімен байланысты қаржылық құрылымдардың қолында. Мемлекеттік сатып алулар да бұл компаниялардың табысты жұмыс істеуіне айтарлықтай әсер етіп отыр. 

Барлық жаңалық