Жаңалықтар

Қазақстанда CryptoCity атты заманауи аймақ құрылмақ — Тоқаев

Астанада өтіп жатқан халықаралық форумның ашылуында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде криптовалюталарды заңды түрде қолдануға болатын CryptoCity атты пилоттық аймақ құрылатынын мәлімдеді деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
«Біз криптовалюталар арқылы тауарлар мен қызметтерді сатып алуға мүмкіндік беретін жаңа, инновациялық CryptoCity аймағын іске қосуды көздеп отырмыз», — деді Мемлекет басшысы.
Президент сонымен қатар Қазақстанға қуатты суперкомпьютер жеткізілгенін атап өтті. Бұл – елдің цифрлық даму саласындағы ірі қадамы. Оның айтуынша, қазіргі басты басымдық — жас кадрларды қолдау, аймақтар арасындағы теңсіздікті жою және орта тапты күшейту. Осы бағытта ел үкіметі цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, таза энергетика және жоғары қосылған құны бар өндірістерге ерекше мән беріп отыр.
«Қазақстан цифрлық трансформация жолында үлкен жетістіктерге жетіп келеді. Біздің мақсатымыз – Еуразия кеңістігіндегі жетекші IT-хабқа айналу», — деді Тоқаев.
Сонымен қатар, Қазақстан жасанды интеллект саласына ерекше көңіл бөліп, шетелдік университеттердің филиалдары ашылатын, ғылыми зерттеулер мен технологиялық жобалар жүзеге асырылатын академиялық-инновациялық орталық құруды жоспарлап отыр. Astana International Forum биыл 29–30 мамыр күндері өтуде. Форум – жаһандық маңызы бар мәселелерді талқылауға арналған халықаралық алаң. Биылғы форумның тақырыбы: «Ақыл-ойды біріктіру, болашақты қалыптастыру».
Барлық жаңалық