Қазақстанның Сыртқы істер вице-министрі Әлібек Қуантыров Мысырда орын алған қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, қаза тапқан қазақстандық азаматшаның денесі бүгін елге жеткізіледі, деп хабарлайды ozgeris.info.
«Денені жеткізу бүгін жоспарланған. Барлық қажетті рәсімдер жүргізілгеннен кейін, менің білуімше, Мысыр тарапынан қаржыландырылады. Моральдық өтемақы мәселесі де шешілді», — деді Қуантыров.
Оның сөзінше, сапарға жауапты қазақстандық сақтандыру компаниясы да бұл іске араласып, төлем рәсімдерін реттеуге көмектесіп жатыр.
Сонымен қатар, Шарм-эль-Шейх әуежайында болған оқыс оқиғада жеңіл жарақат алған екі қазақстандық елге оралғаны белгілі болды.
«Мысырдың азаматтық авиация министрі бұл жағдайды жеке бақылауында ұстап отыр. Арнайы комиссия сол күні жіберілді. Біздің консулдық та тиісті көмек көрсетіп, жағдайды бақылауда ұстап отыр», — деді вице-министр.