Әскерге өз аяғымен кетіп, мүгедек болып оралған сарбаз Ербаян Мұхтардың видеосы әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырды. Жағдайға қатысты министрлік түсініктеме берді, деп хабарлайды ozgeris.info.
Желіде тараған видеода Ербаян Мұхтардың әскерге өз еркімен кеткені, алайда, кейінірек ауруханаға түсіп, бүгінде дәрменсіз күйде жатқаны айтылған. Жігіт комада 6 айдан астам уақыт бойы жатқан.
Ербаян Мұхтар әскерде қызмет ету кезінде басынан жарақат алған. Қазір ол сөйлей алмайды, тамақтана алмайды және өздігінен дем ала алмайды. Ұлттық ұланның баспасөз қызметі жарақат алу дерегі бойынша тергеу басталғанын мәлімдеді.
«Қатардағы Ербаян Мұхтар басынан жарақат алу дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 440-бабы, 3-бөлігі, 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды («әскери қызметшілер арасындағы денсаулыққа ауыр зиян келтірумен өзара қарым-қатынастардың жарғылық ережелерін бұзу»). Қазіргі уақытта барлық қажетті сараптама тағайындалды. Соталды тергеу жалғасып жатыр. Тергеу барысы ІІМ ІІД басшылығының бақылауында», — делінген ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сондай-ақ, ведомство оңалту аяқталғаннан кейін «ата-анасының сұрауы бойынша Ербаян Мұхтар үйіне жіберілді» деп мәлімдеді. Жас жігіттің мүгедектігін ресімдеу мәселесі шешіліп жатыр.
«Сонымен қатар, ІІМ Ұлттық ұланының бас қолбасшылығы Бехтерев атындағы психиатрия және неврология Ұлттық медициналық зерттеу орталығына, Киров атындағы Әскери-медициналық академияға және Ресей Федерациясының профессор Поленов атындағы Ресей ғылыми-зерттеу нейрохирургиялық институтына, сондай-ақ Түркия елшілігіне кеңес көмек көрсету және ауруханаға жатқызу мәселесін қарау үшін хаттар жолдады», — деп хабарлады ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі.
ПІКІР ЖАЗУ